САУРАН АУДАНЫНДА 150 АДАМДЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТИТЫН ІРІ ЖИҺАЗ ӨНДІРІСІ ІСКЕ ҚОСЫЛМАҚ
Сауран ауданында өндіріс саласын дамытуға бағытталған инвестициялық жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Өңір экономикасын әртараптандыру, кәсіпкерлікті қолдау және жаңа жұмыс орындарын ашу мақсатында қолға алынған бастамалардың бірі – Жүйнек ауылдық округінде салынып жатқан заманауи жиһаз өндіру цехы.

Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров жұмыс сапары барысында Жүйнек ауылдық округінде жүзеге асырылып жатқан «JADO GRUP» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өндірістік нысанының құрылыс алаңында болды. Аудан басшысы құрылыс жұмыстарының қазіргі барысымен танысып, жобаның жүзеге асу кезеңдері жөнінде жауапты мамандар мен инвесторлардың есептерін тыңдады.
Аталған жобаның бастамашысы – «JADO GRUP» ЖШС төрағасы Ж. Абдихаликов. Жалпы инвестиция көлемі 400 миллион теңгені құрайтын өндірістік жоба өңірдегі жиһаз өндірісін дамытуға бағытталған. Жоба толық іске қосылған жағдайда мұнда 150 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізбек.
Жоспарға сәйкес, өндірістік цехта заманауи технологиялар енгізіліп, сапалы әрі бәсекеге қабілетті жиһаз өнімдерін шығару көзделуде. Болашақта кәсіпорын ішкі нарық сұранысын қамтамасыз етіп қана қоймай, өндіріс көлемін ұлғайту арқылы өзге өңірлерге де өнім жеткізу мүмкіндігіне ие болады деп күтілуде. Сонымен қатар жоба аясында жергілікті шикізат пен еңбек ресурстарын тиімді пайдалану мәселесіне де басымдық берілмек.
Құрылыс алаңын аралау барысында аудан әкімі өндіріс саласын дамытуға бағытталған жобалардың өңір экономикасы үшін маңызы ерекше екенін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай инвестициялық бастамалар ауданның өндірістік әлеуетін арттырып, шағын және орта бизнестің дамуына тың серпін береді. Әсіресе, жаңа өндіріс орындарының ашылуы халықты тұрақты жұмыспен қамтуға және аудан бюджетінің кіріс көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Мақсат Таңғатаров құрылыс жұмыстарының сапасына ерекше назар аударып, нысанды белгіленген мерзімде әрі талапқа сай аяқтау қажеттігін жеткізді. Сондай-ақ жауапты сала мамандарына кәсіпкерлермен тығыз байланыста жұмыс жүргізіп, жобаның уақытылы жүзеге асуына жан-жақты қолдау көрсету жөнінде нақты тапсырмалар берді.
Айта кету керек, соңғы жылдары Сауран ауданында инвестиция тарту және өндіріс орындарын көбейту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Ауданда ауыл шаруашылығы, өндіріс, қайта өңдеу және кәсіпкерлік салаларына басымдық беріліп, жаңа жобаларды жүзеге асыруға қолайлы жағдай қалыптасуда. Бұл жұмыстар өңірдің экономикалық әлеуетін арттырып қана қоймай, тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға да мүмкіндік беріп отыр.
Жүйнек ауылдық округінде қолға алынған жиһаз өндіру цехының құрылысы – ауданның өндірістік дамуындағы маңызды жобалардың бірі. Жоба толық іске қосылған кезде жаңа жұмыс орындары ашылып, жергілікті өндіріс көлемі ұлғайып, отандық өнім өндіруге тың серпін берілмек. Сонымен қатар бұл бастама Сауран ауданының инвестициялық тартымдылығын арттырып, өндірістік инфрақұрылымының дамуына жаңа мүмкіндік ашпақ.



