САУРАН АУДАНЫНДА АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНА АРНАЛҒАН ДРОНДАР ӨНДІРІСІ ЖОЛҒА ҚОЙЫЛАДЫ
Сауран ауданында заманауи технологияға негізделген жаңа өндіріс жобасы жүзеге асырылуда. Ауыл шаруашылығы саласын цифрландыруға бағытталған бастама аясында «Avatar Agricultural Technology Development» ЖШС агродрондар өндіретін кәсіпорын ашуды қолға алған.

Жоба ауыл шаруашылығы жұмыстарын автоматтандыру мен еңбек өнімділігін арттыруға бағытталған. Кәсіпорын іске қосылған жағдайда жылына 600 дана ауыл шаруашылығына арналған дрон шығару жоспарланып отыр. Бұл өңірдегі агротехнология саласын дамытуға тың серпін беретін маңызды жобалардың бірі болмақ.
Қазіргі таңда өндірістік алаң толық дайындалып, қажетті құрал-жабдықтар орнатылған. Сонымен қатар алғашқы сынамалық үлгілер де әзірленіп үлгерген. Мамандардың айтуынша, өндірісте қолданылатын агродрондар егістік алқаптарын бақылау, тыңайтқыш себу, зиянкестерге қарсы дәрілеу және егін жағдайын сараптау секілді жұмыстарды тиімді атқаруға мүмкіндік береді.
Жоба ауыл шаруашылығы саласындағы заманауи технологияларды енгізу арқылы шығын көлемін азайтып, өнімділікті арттыруды көздейді. Әсіресе су үнемдеу, химиялық препараттарды дәл мөлшерде пайдалану және уақытты тиімді басқару бағытында агродрондардың маңызы зор екені айтылуда.
Бүгінде жобаны толық іске қосу үшін азаматтық авиация саласына қатысты тиісті рұқсат құжаттарын рәсімдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құжаттау рәсімдері аяқталғаннан кейін өндірісті толық қуатта іске қосу жоспарланған.
Мамандардың пікірінше, мұндай жоғары технологиялық өндірістің Сауран ауданында ашылуы өңірдің инвестициялық әлеуетін арттырып қана қоймай, ауыл шаруашылығы саласын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар жоба агросектордағы инновациялық шешімдерді енгізуге жол ашып, отандық өндірістегі технологиялық мүмкіндіктерді кеңейте түспек.
Соңғы жылдары ауыл шаруашылығында цифрлық технологияларды пайдалану қарқыны артып келеді. Осы тұрғыдан алғанда, Сауран ауданында агродрондар өндірісінің қолға алынуы – өңірдегі инновациялық жобалардың нақты нәтижесі әрі ауыл шаруашылығын дамытудағы маңызды қадамдардың бірі.



