«АЛЛА МАҒАН НЕ ҮШІН ОСЫ СЫНАҚТЫ ЖІБЕРДІ?» — НАЗГҮЛ ҚАРАБАЛИНА ЖАН СЫРЫН АҚТАРДЫ
Назгүл Қарабалина жуырда журналист Жанар Байсеміз жүргізетін «БАЙСЕМІЗ LIVE» подкастында қонақ болып, жеке өміріне қатысты көпшілік біле бермейтін сырларымен бөлісті. Өнер иесі қоғам тарапынан жиі қойылатын орынсыз сұрақтарға алғаш рет ашық жауап беріп, әйел бақыты, тағдыр сынағы және отбасы жайлы ойын ортаға салды.

Сұхбат барысында актриса өзіне жиі қойылатын «Неге бір ғана бала?» деген секілді сауалдардың жанына бататынын жасырмады. Оның айтуынша, мұндай жеке мәселеге қатысты пікір айту — әдепсіздік пен білімсіздіктің көрінісі.
«Кей адамдар адамның тағдырына үңілмей жатып, сырттай баға беруге дайын тұрады. Бұл — өте ауыр нәрсе. Кейде «Алла маған не үшін осы сынақты жіберді?» деп ойланған сәттерім болды. Бірақ уақыт өте келе бәрін сабырмен қабылдауды үйрендім», — деді актриса.
Өнер иесі бүгінде Жаратқанның бергеніне шүкіршілік ететінін айтып, ұлының өсіп келе жатқанына қуанышты екенін жеткізді. Сондай-ақ, жақын ортасы мұндай жеке сұрақтармен мазаламайтынын, көбіне сырттай танитын адамдардың орынсыз қызығушылық танытатынын атап өтті.
Подкасттағы ең әсерлі сәттердің бірі — актрисаның жары Азамат Сатыбалды туралы айтқан шынайы әңгімесі болды. Назгүл Қарабалина күйеуіне алғаш болып өзі ғашық болғанын жасырмай айтып, сезімін ашық білдіруден ешқашан қорықпағанын жеткізді.
«Махаббатта кімнің бірінші сезім білдіргені маңызды емес. Ең бастысы — шынайылық», — деді ол.
Айта кетейік, Назгүл Қарабалина — Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актрисасы, белгілі продюсер әрі режиссер. Ол — «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы мен «Тарлан» сыйлығының лауреаты.



