АСТАНАДА БАЛМҰЗДАҚ ЖЕГЕН ҚЫЗ ЖАНСАҚТАУҒА ТҮСТІ
Астаналық әйел қызы балмұздақ жегеннен кейін ауыр хәлде жансақтау бөліміне түскенін айтып, әлеуметтік желіде дабыл қақты.

Анасының сөзінше, дәрігерлер баладан сүт өнімдері арқылы жұғуы мүмкін ішек таяқшасын анықтаған. Қазір инфекция баланың бүйрегіне зақым келтіріп, жағдайы ауыр күйде бағалануда.
Отбасы балмұздақты елордадағы Damu Mall сауда орталығында орналасқан “Bambino” дүкенінен сатып алғанын айтқан. Әйел нақты қорытындыны санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің тексеруінен кейін ғана айтуға болатынын жеткізді. Алайда ол екінші баласында да дәл осындай белгілер байқалғанын мәлімдеді.
Анасының айтуынша, аурухана токсиннен улану дерегін растаған. Қазіргі уақытта балаға қан құйылып, дәрігерлер оның бүйрек қызметін тұрақтандыруға тырысып жатыр. Қажет болған жағдайда диализ жасау мәселесі де қарастырылуда.
Ал “Bambino” өкілдері балалардың жаппай улануына қатысты шағым түспегенін айтып, кінәсін мойындамаған.
Оқиғаға байланысты Астана қаласының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тексеру басталғанын хабарлады. Ведомство мәліметінше, “e-Өтініш” жүйесі арқылы бір шағым тіркеліп, іс бақылауға алынған. Әзірге медициналық мекемелерден осы балмұздаққа қатысты басқа да жаппай улану фактілері туралы хабарлама түспеген.
Айта кетейік, бұған дейін Ақтауда екі жасар қыздың диарея диагнозымен ауруханаға түсіп, кейін жансақтау бөліміне ауыстырылғаны хабарланған еді. Туыстарының айтуынша, бүлдіршіннің екі бүйрегі де істен шыққан.



