БУРАБАЙДА ДЕМАЛҒАН ОТБАСЫ ТЕРІ АУРУЫН ЖҰҚТЫРҒАН: ДӘРІГЕРЛЕР ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРҒА ЕСКЕРТУ ЖАСАДЫ
Бурабай көлдерінде демалып, суға шомылған қазақстандық отбасы тері ауруын жұқтырып, дәрігер көмегіне жүгінген. Отбасы мүшелерінің бірнешеуінен буллезді дерматит белгілері анықталған. Мамандар бұл инфекцияның өте жұқпалы екенін айтып, қазақстандықтарды сақ болуға шақырды.

Әлеуметтік желіде Ангелина есімді қолданушы ұлының демалыстан кейін буллезді дерматитпен ауырып қалғанын жазды. Оның айтуынша, дәл осындай белгілер анасы, әкесі және әжесінде де байқалған. Отбасы Бурабай мен Үлкен Шабақты көлдеріне шомылған.
Дерматолог Сергей Исаковтың сөзінше, буллезді импетиго – терінің бактериялық инфекциясы. Ауру кезінде теріде іші лай сұйықтыққа толы көпіршіктер пайда болады. Инфекцияны көбіне алтын түстес стафилококк қоздырады. Ыстық ауа райы, тершеңдік, судағы бактериялар мен терідегі ұсақ жарақаттар инфекцияның таралуына қолайлы жағдай жасайды.
Маманның айтуынша, бұл ауру өте жұқпалы. Инфекция ортақ орамал, төсек-жабдық, ойыншық немесе жанасу арқылы тез тарайды. Әсіресе балалар арасында жылдам жұғуы мүмкін.
Дәрігерлердің мәліметінше, буллезді импетиго шомылғаннан кейін 1-3 күн ішінде байқалады. Алғашында теріде қызару пайда болып, кейін көпіршіктер түзіледі. Уақытында емделмесе, қабыну күшейіп, дененің басқа бөліктеріне таралуы ықтимал.
Мамандар ата-аналарға баланың денесінде жара болса, суға түсірмеуге кеңес береді. Ал шомылғаннан кейін міндетті түрде таза сумен шайындырып, жараларды антисептикпен өңдеу қажет екенін ескертті.
Сондай-ақ дәрігерлер жаз мезгілінде су айдындарынан церкариялық дерматит, фолликулит, саңырауқұлақ инфекциялары және басқа да тері ауруларын жұқтыру қаупі жоғары болатынын айтты. Осыған байланысты тек арнайы рұқсат етілген әрі суы тұрақты тексерілетін орындарда ғана шомылуға кеңес берді.



