ҚАЗАҚСТАНДА ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ УНИВЕРСИТЕТІ АШЫЛАДЫ
Қазақстанда жасанды интеллект саласына маман даярлайтын Qazaq AI Research University 1 қыркүйектен бастап жұмысын бастайды. Бұл туралы Жаслан Мәдиев мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, жаңа оқу орны елімізде AI бағыты бойынша білікті кадрлар даярлайтын маңызды білім және зерттеу орталығына айналмақ.
Қазіргі уақытта Қазақстанда жасанды интеллект саласы бойынша тұтас білім беру экожүйесі қалыптасып келеді. Атап айтқанда, 12–18 жас аралығындағы оқушыларға арналған TUMO креативті технологиялар орталығы мен ересектерге бағытталған Tomorrow School жобасы жұмыс істеп тұр. Ал жаңа университет осы бастамаларды ғылыми деңгейде жалғастырады.
Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін де жасанды интеллект мәселесіне бірнеше рет ерекше назар аударған болатын. Мемлекет басшысы отандық Qazaq LLM және Alem LLM модельдерінің деректерін тексеруді, сондай-ақ цифрлық жобаларға жұмсалатын шығындарды бақылауды тапсырған.
Сонымен қатар Президент жасанды интеллект технологияларының білім беру саласына бақылаусыз енуі оқушылардың сыни ойлау қабілетіне кері әсер етуі мүмкін екенін ескерткен. Осыған байланысты академиялық адалдық тетіктерін күшейту және кадрларды қайта даярлау жұмыстарын жандандыру міндеті қойылған.
Сарапшылардың пікірінше, жаңа университеттің ашылуы Қазақстанның AI саласындағы ғылыми әлеуетін арттырып, халықаралық бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға мүмкіндік береді.



