Без рубрики

Сайрамда ветеренариялық нысындар салынып жатыр

Түркістан облысына қарасты Сайрам ауданында ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және мал шаруашылығы саласының инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстар бір жолға қойылған.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, ауданда бірқатар маңызды жобалар қолға алынған. Солардың бірі — мал шаруашылығын дамыту. Сонымен қатар,  осы саланы кәсіп еткендерге қолдау көрсету.

Осыған байланысты Сайрам ауданында ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және саланың материалдық-техникалық базасын нығайту мәселелері тұрақты бақыланып отырады.  Аудан көлемінде ветеринариялық инфрақұрылымды жаңғырту, қызмет сапасын арттыру және заманауи талаптарға сай нысандар салу бағытындағы жұмыстар да кезеңімен жүзеге асырылып жатыр.

Осыған орай аудан әкімі Мадияр Мұхтарұлының төрағалығымен арнайы жиын өтіп, 2026 жылға жоспарланған ветеринариялық нысандардың құрылыс барысы жан-жақты талқыланды. Басқосуда жауапты бөлім басшылары мен сала мамандарының есептері тыңдалып, әрбір құрылыс нысаны бойынша бүгінгі жағдай сараланды. Сонымен қатар, құрылыс жұмыстарының сапасы, мерзімі және инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілу мәселелері де қаралды.

Жоспарға сәйкес аудан аумағында 8 ветеринариялық бекет, 8 ұсақ малдарды тоғытатын орын  және 2 беккари шұңқырының құрылысы жүргізіледі.  Бұл нысандар пайдалануға берілгеннен кейін ауданның ветеринариялық қызмет көрсету сапасын арттырып, жануарлар арасында жұқпалы аурулардың алдын алу жұмыстарының тиімділігін күшейтеді. Сондай-ақ мал иелеріне көрсетілетін ветеринариялық қызметтердің қолжетімді бола түседі.Сонымен қатар ауылдық округтердегі эпизоотиялық жағдайды тұрақты бақылауға мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда Манкент, Арыс, Қайнарбұлақ, Жібек жолы және Құтарыс ауылдық округтерінде құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бүгінде нысандардың кірпіш қалау және шатыр жабу жұмыстары толық аяқталып,  құрылысшылар ішкі әрлеу жұмыстарын қолға алыпты. Сонымен қатар инженерлік желілерді тарту, аумақты абаттандыру және қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар даөз кезеңімен жүзеге асырылып жатыр.

 

Ветеринариялық бекеттердің іске қосылуы ауылдық округтердегі ветеринар мамандарының жұмысын жеңілдетеді. Оларға алдағы уақытта малды бірдейлендіру, профилактикалық екпелер жүргізу, диагностикалық зерттеулер ұйымдастыру және жұқпалы аурулардың алдын алу шараларын сапалы орындауға мүмкіндік береді. Ал ұсақ малдарды тоғытатын орындар паразиттік ауруларға қарсы күрес жұмыстарын күшейтіп, мал басының өнімділігін арттыруға ықпал етеді деп күтіліп отыр.  Беккари шұңқырлары биологиялық қалдықтарды санитарлық талаптарға сәйкес залалсыздандыруға мүмкіндік беріп, қана қоймай қоршаған ортаның тазалығын сақтауға және инфекциялық аурулардың таралу қаупін төмендетуге қызмет етеді.

 

Сайрам ауданы мал шаруашылығы жақсы дамыған өңірлердің бірі болғандықтан, ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету ерекше маңызға ие. Ауданда ірі қара, ұсақ мал және құс шаруашылығымен айналысатындардың саны жыл сайын артып келеді. Осыған байланысты ветеринариялық инфрақұрылымды жетілдіру – мал шаруашылығы өнімдерінің сапасын арттырудың  және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды тетігі болып саналады.

Жиын қорытындысында аудан әкімі құрылыс сапасын қатаң бақылауда ұстауды, барлық нысандарды белгіленген мерзімде аяқтауды және ветеринариялық қауіпсіздік талаптарын толық сақтауды тапсырды. Сонымен қатар жауапты бөлімдер мен мердігер мекемелерге жұмысты жүйелі әрі сапалы ұйымдастыру, құрылыс қарқынын бәсеңдетпеу және әрбір нысанды талапқа сай пайдалануға беру бойынша нақты міндеттер жүктелді.

Ветеринариялық нысандардың пайдалануға берілуі Сайрам ауданындағы мал шаруашылығы саласының одан әрі дамуы мен ветеринариялық қызмет сапасының артуына ықпал етеді. Ал аудан басшысы құрылыс жұмысы аяқталған соң, нысанды өзі қабылдап алатынын тағы бір ескертті.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close