Без рубрики

АППАРАТТЫҚ МӘЖІЛІСТЕ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ

Аудан әкімі Асқар Естібаевтың төрағалығымен өткен аппараттық мәжілісте ауданның 2026 жылдың алғашқы алты айындағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің орындалуы, мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылу барысы және санитарлық тазалық мәселелері қаралды.

Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, аппарат басшысы, дербес бөлімдердің басшылары, ауылдық округтер мен кент әкімдері, сондай-ақ тиісті мекемелердің жетекшілері қатысты.

 

Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша аудандық экономика және қаржы бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Жанар Шыңғысбекова баяндама жасап, ауданның бірінші жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің орындалу барысына тоқталды.

 

Оның айтуынша, тоғыз блок бойынша жалпы 102 индикатор қарастырылған. Оның ішінде 94 индикаторға жоспар белгіленсе, сегіз көрсеткіш бойынша жоспар көзделмеген. Жоспарланған 94 индикатордың 85-інің орындалуы күтілуде. Ал тоғыз көрсеткіш бойынша жоспардың орындалмау қаупі бар. Жиында тәуекел аймағындағы көрсеткіштер жеке-жеке талданып, орындалмау себептері сараланды.

 

Осыған байланысты аудан әкімі жауапты бөлімдерге аудандық статистика басқармасымен бірлесіп жұмыс жүргізіп, бірінші жартыжылдық қорытындысы бойынша барлық көрсеткіштердің заң талаптары мен белгіленген жоспарларға сәйкес толық орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.Келесі мәселе ретінде «Ауыл аманаты» бағдарламасының жүзеге асырылу барысы және D мен E санатындағы отбасылардың санын азайту бағытындағы жұмыстар қаралды.Аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Қуатбек Еркебаевтың мәліметінше, 2023–2026 жылдары бағдарлама аясында алты бағыт бойынша жалпы 403 жоба қаржыландырылған. Биыл аудан көлемінде 90 жобаны іске асыру жоспарланған. Оның ішінде Ақбиік ауылдық округінде – 13, Кемербастауда – 29, Арыста – 15, Жаскешуде – 29 жоба және Састөбе кентінде 4 жоба жүзеге асырылады.

Ал аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Жасұлан Райымбеков «Отбасының цифрлық картасы» ақпараттық жүйесінің екінші тоқсандағы мәліметтеріне тоқталды. Қазіргі таңда ауданда 24 525 отбасы немесе 100 771 тұрғын тіркелген. Оның ішінде D және E санатындағы 6 187 отбасы есепке алынған.Осыған байланысты аудан әкімі халықты жұмыспен қамту, әлеуметтік қолдау шараларын күшейту және тұрғындардың табысын арттыру бағытындағы жұмыстарды жандандыруды тапсырды.

Мәжілісте аудан аумағындағы санитарлық тазалық мәселесі де қаралды. Бұл жөнінде аудан әкімі аппаратының басшысы Фархат Байтуғанов баяндама жасап, 2026 жылдың 1 шілдесінен бастап белгіленбеген орындарға қоқыс тастаған азаматтарға қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік айыппұл салынатынын жеткізді.

Сонымен қатар аудан басшысы елді мекендердегі қураған ағаштарды толықтай қырқып, санитарлық тазалық жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуді тапсырды.

Жиын соңында аудан әкімі күн тәртібінде қаралған барлық мәселелер бойынша жауапты бөлім басшылары мен ауылдық округ әкімдеріне нақты міндеттер жүктеп, олардың орындалуын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close