«ӘDILET» ПАРТИЯСЫНЫҢ III КЕЗЕКТЕН ТЫС СЪЕЗІНДЕ ЖАҢА ЦИФРЛЫҚ ШЕШІМДЕР ТАНЫСТЫРЫЛДЫ
Астанада өткен «Әділет» партиясының III кезектен тыс съезінде саяси шешімдермен қатар партияның цифрлық трансформациясына бағытталған бірқатар жаңа сервистер таныстырылды.

Олар азаматтармен өзара байланысты күшейтуге, партия қызметінің ашықтығы мен тиімділігін арттыруға және ішкі басқару үдерістерін заманауи технологиялар арқылы жетілдіруге арналған.
Таныстырылған шешімдер партияның «Әділет.365» бірыңғай цифрлық платформасын кезең-кезеңімен қалыптастыру жұмысының алғашқы бөлігі саналады. Бұл экожүйе алдағы уақытта азаматтарға, партия мүшелеріне және партия органдарына арналған барлық цифрлық сервисті бір ортаға біріктіруді көздейді.
Съезд барысында партияның цифрлық қызметтерін пайдаланудың бірыңғай жүйесі іске қосылғаны хабарланды. Енді азаматтар партияға мүшелікке өтінішті QR-код арқылы, eGov порталы немесе аталған қызметті қолдайтын банк қосымшалары арқылы онлайн бере алады. Бұл тәсіл өтініш беру рәсімін барынша жеңілдетіп, оның қолжетімділігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Жиында жасанды интеллект технологиялары негізінде әзірленген интеллектуалды цифрлық көмекшілер де таныстырылды. Олар партияның бағдарламасы туралы ақпарат ұсынып, мүшелікке қабылдау тәртібін түсіндіреді, жиі қойылатын сұрақтарға жауап береді және пайдаланушыларға цифрлық сервистерді пайдалану бойынша бағыт-бағдар көрсетеді. Азаматтармен байланыс партияның фирмалық цифрлық маскоты мен автоматтандырылған чат-боттар арқылы жүзеге асырылады.
Цифрлық экожүйенің маңызды құрамдас бөлігінің бірі – партия мүшесінің жеке кабинеті. Бұл сервис бір интерфейсте партиялық ақпаратқа, ресми хабарламаларға, құжаттарға және басқа да цифрлық қызметтерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Платформаны дамыту барысында оның функционалдық мүмкіндіктері кезең-кезеңімен кеңейтілетіні айтылды.
Сонымен қатар съезде партия құрылымдарының жұмысын үйлестіруге арналған арнайы цифрлық штабтың сынақ режимінде іске қосылғаны жарияланды. Жаңа жүйе орталық аппарат пен өңірлік филиалдар арасындағы өзара іс-қимылды күшейтіп, тапсырмалардың орындалуын бақылауға және бірлескен жұмысты тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Партия өкілдерінің айтуынша, таныстырылған барлық цифрлық шешім алдағы уақытта «Әділет.365» бірыңғай платформасының құрамына біріктіріледі. Жоба азаматтармен кері байланысты дамытуға, ішкі үдерістерді автоматтандыруға және жасанды интеллект негізіндегі жаңа сервистерді енгізуге бағытталған.
«Заманауи технологиялар адамдар үшін үдерістерді барынша қарапайым әрі түсінікті етуі тиіс. Сондықтан партия цифрлық сервистерді ішкі жұмысқа да, азаматтармен коммуникацияға да белсенді түрде енгізіп келеді», – деп атап өтті партия өкілдері.
Съезд аясындағы маңызды оқиғалардың бірі – партияның ресми әнұранының тұсаукесері болды. Әнұранның өзегіне әділдік, заң үстемдігі, тәртіп пен жауапкершілік қағидаттары арқау етілген. Ол алғаш рет III кезектен тыс съездің делегаттарына орындалып, партияның жаңа символдық белгілерінің біріне айналды.
Жалпы, съезде ұсынылған цифрлық шешімдер партия қызметін басқарудың заманауи үлгісін қалыптастыруға, азаматтармен байланыстың тиімді арналарын дамытуға және цифрлық технологияларды күнделікті жұмыс үдерісіне кеңінен енгізуге бағытталған маңызды бастамалар ретінде таныстырылды.



