БЕКТЕНОВ «БОЛАШАҚ ОЙЫНДАРЫ-2026» ТУРНИРІНЕ ДАЙЫНДЫҚ БАРЫСЫН ТЕКСЕРДІ
Премьер-министр Олжас Бектенов Астанада 29 шілдеде басталатын халықаралық «Болашақ ойындары-2026» фиджитал-турниріне дайындық барысымен танысты.

Үкімет басшысына жарысты ұйымдастыру, спорт нысандарының дайындығы, қатысушыларды қабылдау, қауіпсіздік шаралары, көлік қатынасы мен туристік инфрақұрылым бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндалды.
Биылғы халықаралық турнирге әлемнің 35 елінен мыңға жуық спортшы қатысады деп жоспарланып отыр. Жарыстар Астанадағы төрт спорт нысанында өтеді. Турнирдің жалпы жүлде қоры 4 миллион АҚШ долларынан асады.
Қазақстан құрамасы барлық сегіз дисциплина бойынша бақ сынайды. Ел намысын 11 команда қорғайды.
Ұйымдастырушылардың болжамынша, халықаралық жарысқа байланысты елордаға 10 мыңға жуық шетелдік турист келеді. Бұл турнирдің Қазақстанның туристік әлеуетін арттыруға және халықаралық спорттық іс-шараларды өткізу тәжірибесін нығайтуға оң ықпал етеді деп күтілуде.
Сапар қорытындысы бойынша Олжас Бектенов барлық жауапты мемлекеттік органдарға жарысты жоғары деңгейде ұйымдастыру үшін өзара үйлесімді жұмысты қамтамасыз етуді тапсырды. Сонымен қатар қатысушылар мен қонақтардың қауіпсіздігіне, инфрақұрылымның дайындығына және халықаралық стандарттардың сақталуына ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті.



