Без рубрики

АЛАКӨЛ ЖАҒАЛАУЫНДА ҚАУІПСІЗДІК КҮШЕЙТІЛДІ: ПОЛИЦИЯ ТУРИСТЕРДІҢ ТЫНЫШ ДЕМАЛУЫН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУДЕ

Жазғы туристік маусымның қызуына байланысты Алакөл көлінің жағалауында демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қоғамдық тәртіпті сақтау жұмыстары күшейтілді.

Құқық қорғау органдары төтенше жағдайлар қызметінің мамандарымен бірлесіп, жағалау аумағында тұрақты профилактикалық іс-шаралар жүргізіп жатыр.

Полиция қызметкерлері демалушыларға судағы қауіпсіздік талаптарын түсіндіріп, қарапайым ережелерді сақтаудың маңызын ескертуде. Әсіресе белгіленбеген аумақтарда шомылуға болмайтыны, қауіпсіздік шекарасынан асып жүзуге жол берілмейтіні және балаларды ересектердің қарауынсыз қалдыруға болмайтыны жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

Туристік маусым басталғалы бері тәртіп сақшылары жағалауда ата-анасынан адасып қалған 30 баланы тауып, отбасыларымен қайта қауыштырған. Барлық жағдай бойынша жедел іздестіру шаралары жүргізіліп, балалар бір сағат ішінде ата-аналарына тапсырылған.

Сонымен қатар полиция қызметкерлері демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етумен қатар, қоғамдық тәртіпті сақтау бағытында да бақылау жұмыстарын жүргізуде. Құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктер ішу фактілерін анықтау және заң талаптарын бұзудың жолын кесу бойынша тиісті шаралар қабылданып жатыр.

Мамандардың айтуынша, демалыс орындарындағы қауіпсіздік тек арнайы қызметтердің жұмысына ғана емес, әрбір азаматтың жауапкершілігіне де байланысты. Сондықтан тұрғындар мен туристерден қауіпсіздік ережелерін сақтап, балаларға ерекше назар аудару сұралады.

Алакөл жағалауындағы тәртіп пен қауіпсіздік шаралары туристік маусым аяқталғанға дейін жалғасатын болады.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close