Без рубрики

НҰРАЙ СЕРІКБАЙДЫ ӨЛТІРГЕН ШЕРХАН АЙМАХАН ӨМІР БОЙЫНА СОТТАЛДЫ

Бүгін Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша көпшілік күткен сот үкімі шықты. Сот шешімімен Шерхан Аймахан кінәлі деп танылып, өмір бойына бас бостандығынан айырылды.

Сотталушы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің үш бабы бойынша кінәлі деп танылды. Атап айтқанда, оған Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігінің 5-тармағы, яғни аса қатыгездікпен жасалған адам өлтіру, 125-1-бабының 1-бөлігі, яғни некеге тұруға мәжбүрлеу және 115-1-бабы, яғни сталкинг бойынша айып тағылған. Сот осы баптар бойынша оның кінәсін дәлелденді деп танып, аса ауыр жаза тағайындады.

Нұрай Серікбайдың қазасы қалың жұртшылықтың қабырғасын қайыстырған қайғылы оқиға болды. Жас қыздың өліміне қатысты іс қоғамда үлкен резонанс тудырып, сот процесінің әрбір отырысы көпшіліктің назарында болды. Іс барысында Нұрайға қатысты болған оқиғаның мән-жайлары, сотталушының әрекеттері мен тараптардың ұстанымдары жан-жақты қаралды.

Еске салайық, Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша Шерхан Аймаханға аса ауыр қылмыс жасады деген айып тағылған болатын. Тергеу мен сот талқылауы барысында істің барлық мән-жайы зерделеніп, сотқа ұсынылған дәлелдемелерге құқықтық баға берілді. Сонымен қатар іс материалдарында Нұрайды некеге тұруға мәжбүрлеу және оның соңынан қудалау фактілеріне қатысты деректер де қаралды.

Бүгін сот осы қылмыстық іс бойынша нүкте қойып, Шерхан Аймаханға өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Бұл – Қазақстан заңнамасындағы ең қатаң жазалардың бірі.

Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close