ІІМ 21 ЖЫЛ БҰРЫНҒЫ КІСІ ӨЛТІРУ ҚЫЛМЫСЫН АШТЫ
Астанада 21 жыл бұрын жасалған кісі өлтіру қылмысы ашылды. Полиция ұзақ уақыт бойы ашылмай келген істі қайта қарап, қылмысқа қатысы бар екі күдіктіні анықтаған.

Оқиға 2005 жылы болған. Сол кезде елорда аумағынан зорлық-зомбылық белгілері бар ер адамның мәйіті табылған. Алайда қылмыс орнынан жиналған деректер мен қолда бар айғақтар күдіктілерді анықтауға жеткіліксіз болған. Осыған байланысты істің бетін сол уақытта ашу мүмкін болмаған.
Арада жиырма жылдан астам уақыт өткен соң полиция қызметкерлері қылмыстық істің материалдарын қайта зерделеуге кіріскен. Архивтегі құжаттар қайта қаралып, бұрын жүргізілген тергеу әрекеттері сараланған. Сонымен қатар жедел-іздестіру іс-шаралары ұйымдастырылған.
Нәтижесінде полиция қылмысқа қатысы бар деген күдікпен Павлодар облысының екі тұрғынын анықтады. Күдіктілер тамыз айында ұсталып, тергеу барысында өз кінәларын мойындаған.
Қазіргі уақытта екі күдікті де қамауда отыр. Оларға қатысты тергеу амалдары жалғасып жатыр. Қылмыстың барлық мән-жайын анықтау және оған қатысы болуы мүмкін өзге де адамдардың бар-жоғын тексеру жұмыстары жүргізілуде.
«Өткен жылдардағы қылмыстарды ашу Ішкі істер министрлігінің ерекше бақылауында», – деді ІІМ Криминалдық полиция департаментінің бастығы Қанат Нұрмағамбетов.
Полицияның мәліметінше, бұрын ашылмай қалған істер бойынша архивтік материалдарды қайта қарау, жаңа жедел ақпараттарды тексеру және заманауи криминалистикалық мүмкіндіктерді пайдалану жұмыстары жалғасып жатыр. Осы арқылы жылдар бұрын жасалған қылмыстарға қатысы бар адамдарды анықтауға мүмкіндік артып келеді.



