Жол апаты 11 тамыз күні сағат 20:00 шамасында Алматы – Шелек – Қорғас – Байсейіт автожолында болған. Полицияның алдын ала мәліметінше, Kia Sorento көлігін тізгіндеген 26 жастағы жүргізуші жолды белгіленбеген жерден кесіп өтпек болған 77 жастағы әйелді қағып кеткен.
Қатты соққыдан әйел ауыр жарақат алып, оқиға орнында қайтыс болған.
Полиция жүргізушінің ұсталғанын және қамауға алынғанын хабарлады. Қазіргі уақытта қылмыстық іс аясында тергеу жүргізіліп, жол апатына не себеп болғаны, жүргізушінің әрекеті және оқиғаның өзге де мән-жайлары анықталып жатыр.
Оқиғадан кейін әлеуметтік желілерде жол апатына қатысты түрлі ақпарат тараған. Атап айтқанда, көлік жүргізген ер адамның оқиға орнынан кетіп қалғаны және қызметтік көліктің кейін автосервистен табылғаны туралы мәліметтер жарияланған.
Осыған байланысты Ulysmedia.kz редакциясы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына хабарласып, оқиғаға қатысты ресми түсініктеме алған.
Мемлекеттік корпорация қызметтік көлікті Алматы облысы бойынша филиалдың қызметкері басқарғанын растады. Оқиғадан кейін филиалда қызметтік тексеру жүргізілген.
Тексеру барысында қызметтік автокөліктердің пайдаланылуын бақылау жүйесі, сондай-ақ жол-көлік оқиғасынан кейін филиал басшылығының қабылдаған шаралары қаралған.
Корпорацияның мәліметінше, қызметтік тексеру қорытындысымен филиалдың бірқатар лауазымды тұлғасына тәртіптік шара қолданылған.
«Филиал директорының жалпы мәселелер жөніндегі орынбасары өзіне бекітілген бағыт бойынша қызметтік автокөліктің пайдаланылуын бақылауды тиісінше ұйымдастырмағаны, сондай-ақ қызметтік ақпараттың толықтығы мен объективтілігін қамтамасыз етпегені үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылды», – деп хабарлады «Азаматтарға арналған үкімет».
Сонымен қатар филиал директоры да жауапкершілікке тартылған. Корпорация оның филиал қызметіне жалпы басшылық пен бақылауды, ішкі бақылау жүйесін ұйымдастыруды, сондай-ақ мүліктің сақталуы мен мақсатты пайдаланылуын тиісінше қамтамасыз етпегенін атап өтті.
Мемлекеттік корпорация жүргізушінің жол-көлік оқиғасына байланысты құқықтық жауапкершілігіне қатысты соңғы шешімді құқық қорғау органдары мен сот қабылдайтынын мәлімдеді.
Қазір тергеу жалғасып жатыр. Оқиғаның нақты себептері мен жүргізушінің әрекетіне құқықтық баға тергеу нәтижесінде беріледі.