АСТАНАДА ӘДЕПСІЗ ВИДЕО ЖАРИЯЛАҒАН ШЕТЕЛ АЗАМАТЫНА АЙЫППҰЛ САЛЫНДЫ
Астанада қоғамдық тәртіп талаптарын бұзатын және әдепсіз сөздер қамтылған бейнежазбаны әлеуметтік желіге жариялаған шетел азаматына сот шешімімен айыппұл салынды.

Полиция қызметкерлері TikTok платформасында тараған бейнежазбаны зерделеу барысында оның авторын анықтады. 25 жастағы шетел азаматы бейнежазбаны елордадағы Мәңгілік Ел даңғылында орналасқан Триумфалды арка маңында түсірген.
Кейін аталған бейнежазба әлеуметтік желіде жарияланып, онда әдепсіз сөздер мен қоғамдық тәртіп нормаларына қайшы сөз тіркестері қолданылған.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, бейнежазба авторы Ангелина Ванинаға қатысты әкімшілік іс қаралған. Сот қаулысымен оған 20 АЕК көлемінде айыппұл салынды.
Полиция мұндай әрекеттердің қоғамдық орындардағы тәртіпке кері әсер ететінін еске салып, азаматтарды қолданыстағы заң талаптарын сақтауға шақырды. Қоғамдық орындарда әдеп нормаларын бұзатын, өзгелерді қорлайтын немесе құқыққа қайшы мазмұндағы материалдарды жариялау заңнамада белгіленген жауапкершілікке әкелуі мүмкін.
Құқық қорғау органдары әлеуметтік желі қолданушыларына интернеттегі жарияланымдарға да жауапкершілікпен қарауға кеңес берді. Қоғамдық орындарда түсірілген кез келген контентті жарияламас бұрын оның мазмұны заң талаптарына қайшы келмейтініне назар аудару қажет.



