ТОҚАЕВ ТОҒЫЗ ЕЛДІҢ ЕЛШІСІНЕН СЕНІМ ГРАМОТАЛАРЫН ҚАБЫЛДАДЫ
Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа бірқатар мемлекеттің жаңадан тағайындалған төтенше және өкілетті елшілерінің сенім грамоталарын табыстау рәсімі өтті.

Мемлекет басшысы тоғыз елдің дипломатиялық өкілдерін қабылдап, олардың Қазақстандағы ресми қызметінің басталуымен құттықтады. Президент елшілерге екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға қатысты жұмыстарында табыс тіледі.
Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның экономикалық әлеуетіне, инвестициялық мүмкіндіктеріне және ел экономикасына шетелдік капитал тарту бағытындағы жұмыстарға тоқталды.
Президенттің айтуынша, Қазақстан шетелдік инвесторлар үшін қолайлы жағдай қалыптастыру саясатын жалғастыра береді.
«Біз елімізге шетел инвестициясын тарту үшін барынша қолайлы жағдай жасап отырмыз. Әлбетте, Қазақстанға келіп жұмыс істегісі келетін шетелдік кәсіпкерлерді және ірі компанияларды құшақ жая қарсы аламыз. Өздеріңіз білетіндей, біздің нарықта ірі халықаралық компаниялардың басым бөлігі қызмет етеді. Бұл саясаттан айнымайтынымызға сенімдімін. Шетелдік инвестицияға қатысты ашық есік саясатын дәйекті түрде жалғастыруға ниеттіміз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Қазақстан үшін шетелдік инвестиция тарту экономиканы әртараптандыру, жаңа өндірістер ашу, заманауи технологияларды енгізу және жұмыс орындарын көбейту тұрғысынан маңызды екенін атап өтті.
Сенім грамоталарын қабылдау рәсімі дипломатиялық қатынастарды нығайтуға және Қазақстанның халықаралық байланыстарын одан әрі дамытуға бағытталған маңызды дипломатиялық шаралардың бірі саналады.
Жаңадан тағайындалған елшілер өз елдерінің Қазақстанмен өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға мүдделі екенін білдірді. Алдағы кезеңде экономикалық, сауда-инвестициялық, мәдени-гуманитарлық және басқа да салалардағы байланыстарды кеңейтуге басымдық берілмек.



