Без рубрики

САРБАЗДАРҒА АРНАЛҒАН ГРАНТ 1745 АЗАМАТ ТЕГІН ОҚУҒА МҮМКІНДІК АЛДЫ

Қазақстанда мерзімді әскери қызметін өтеп шыққан 1 745 азамат жоғары оқу орындарында тегін білім алу мүмкіндігіне ие болды. Мемлекеттік гранттар сарбаздардың әскери қызметтегі көрсеткіштері мен тәртібіне қарай бөлінген.

Іріктеу үдерісі «Срочники 2.0» цифрлық жүйесі арқылы автоматты түрде жүргізілген. Рейтингті қалыптастыру кезінде азаматтардың әскери қызмет кезіндегі тәртібі, жауынгерлік даярлығы және қызмет нәтижелері ескерілген.

Грант иегерлері арасында ең көп сұранысқа ие бағыттардың бірі ақпараттық технологиялар болды. Бұл салаға 234 азамат грант алған. Орман шаруашылығы мамандығын 136 сарбаз таңдаса, коммуникациялар бағыты бойынша 134 азамат білім алуға мүмкіндік алған.

Жоғары оқу орындары арасында да гранттарды ең көп алған білім беру ұйымдары анықталды. Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетіне 156 грант бөлінсе, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне 144 грант берілген.

Жоба мерзімді әскери қызметін өтеген азаматтарға әскерден кейін жоғары білім алуға қосымша мүмкіндік беруге бағытталған. Бұл ретте талапкерлердің оқу орнына түсуі дәстүрлі конкурстық іріктеуден бөлек, әскери қызметтегі нәтижелеріне негізделген рейтинг арқылы жүзеге асырылады.

Грант иегерлеріне оқу барысында шәкіртақы алу және жатақханамен қамтамасыз етілу мәселесінде басымдық беріледі. Осылайша, әскери міндетін өтеп келген азаматтарға білімін жалғастырып, азаматтық мамандық игеруіне жағдай жасалып отыр.

Жауынгерлік даярлық пен әскери тәртіпті жоғары деңгейде көрсеткен сарбаздарға берілетін мұндай мүмкіндік әскери қызметтің әлеуметтік артықшылықтарын арттыруға бағытталған.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close