ҚоғамМәдениет/Тарих

САРЫАРҚАНЫҢ АСЫЛ МҰРАСЫ ТҮРКІСТАНДА ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

Түркістанда Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорынан жасақталған «Арқаның асыл мұрасы» атты көрменің ашылу салтанаты өтті

«Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығында ұйымдастырылған экспозиция арқылы Сарыарқаның сан ғасырлық тарихы мен мәдениеті көпшілікке таныстырылды.

Көрмеге Қарағанды өңірінің археологиялық, этнографиялық және өндірістік тарихын қамтитын бірегей музейлік жәдігерлер қойылған. Экспозицияда қола дәуірі, ерте темір дәуірі және орта ғасырларға тиесілі археологиялық олжалардан бастап, қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі мен Қарағандының қалыптасу тарихына қатысты құнды дүниелер ұсынылған.

«Арқаның асыл мұрасы» көрмесі жеті бөлімнен тұрады. Олар – «Алтын адам және Қарағанды облысының археологиялық ескерткіштері», «Сарыарқаның қасиетті жерлері», «Арқа жерінің этнографиясы», «Қоянды жәрмеңкесі», «Болған ана», «Арқаның ардақты азаматтары» және «Кеншілер қаласы».

Әр бөлім Сарыарқаның тарихындағы маңызды кезеңдер мен құбылыстарды жеке бағытта таныстырады. Археологиялық бөлімнен өңірдегі қазба жұмыстары кезінде табылған жәдігерлерді көруге болады. Ал этнографиялық экспозиция қазақ халқының дәстүрі мен мәдениетінен сыр шертеді.

Көрмеде Қоянды жәрмеңкесінің тарихына да ерекше орын берілген. Бір кездері сауда-саттықтың ірі орталығына айналған жәрмеңке қазақ даласының әлеуметтік және экономикалық өмірінде өзіндік із қалдырған.

Экспозицияның тағы бір маңызды бөлігі Арқа жерінен шыққан тарихи тұлғаларға арналған. Ел тарихында өзіндік орны бар азаматтардың өмірі мен қызметі туралы мәліметтер келушілерге Сарыарқаның рухани мұрасын кеңірек түсінуге мүмкіндік береді.

Ал «Кеншілер қаласы» бөлімінде Қарағандының көмір бассейні мен өнеркәсіптік дамуы көрсетілген. Мұнда өткен ғасырдың алғашқы кезеңдерінде кеншілер пайдаланған еңбек құралдары – каскалар, шойын балғалар, қайлалар мен қол шамдары қойылған.

Бұл жәдігерлер арқылы Қарағандының өндірістік орталық ретінде қалыптасу тарихын көруге болады. Яғни көрме тек көне дәуірлерді ғана емес, өңірдің кейінгі даму кезеңдерін де қамтиды.

Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейі басшысының міндетін атқарушы Ержан Нұрғалиұлының айтуынша, көрменің негізгі мақсаты – қазақ халқының материалдық және рухани мұрасын кеңінен насихаттау, тарихи кезеңдер мен елге еңбегі сіңген тұлғаларды дәріптеу.

Түркістандағы экспозицияның тағы бір ерекшелігі – оның ауқымында. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, қазіргі көрме өзге өңірлерде ұйымдастырылған экспозициялармен салыстырғанда көлемі жағынан ең ауқымдысы. Мұнда Орталық Қазақстанның тарихы археология, этнография, тұлғалар және өнеркәсіп бағыттары арқылы жан-жақты көрсетілген.

Көрменің Түркістанда өтуінің де өзіндік мәні бар. Екі өңір Қазақстан тарихында өзіндік орны бар мәдени және тарихи орталықтардың қатарында. Сондықтан мұндай жобалар өңірлер арасындағы мәдени байланысты нығайтып, тарихи мұраны бір-біріне таныстыруға мүмкіндік береді.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close