Без рубрики

ТОҚАЕВ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТ 10 КҮН ІШІНДЕ БЕЛГІЛІ БОЛАТЫНЫН АЙТТЫ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда жаңадан енгізілген Вице-президент лауазымына кім тағайындалатынын алдағы он күн ішінде жариялайтынын айтты.

Мемлекет басшысы бұл туралы журналистердің сұрағына жауап беру кезінде мәлімдеді.

Президенттің айтуынша, Вице-президент лауазымын Конституцияға енгізу – елдің саяси жүйесіндегі маңызды өзгерістердің бірі. Бұл қызметтің қазіргі кезеңде Қазақстан үшін қажеттілігі бар екенін атап өтті.

«Жұрттың бәрі Вице-Президент лауазымы туралы сұрап жатыр. Расында, бұл – айтулы өзгеріс. Біз Конституциямызға жаңа лауазымды әдейі енгіздік. Бұл лауазым аса қажет деп айтсақ, қателеспейміз. Себебі қазіргі бұлыңғыр заманда мұндай лауазым елімізге өте қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Вице-президенттің кім болатынын қазір нақты атай алмайтынын, алайда бұл мәселе жақын арада белгілі болатынын жеткізді.

«Келесі аптада немесе он күн ішінде Вице-Президент кім екені мәлім болады. Мен оны қазір анық айта алмаймын. Ол белгілі, сіздер жақсы білетін адам болады деп ойлаймын», – деді Президент.

Осылайша, Қазақстандағы жаңа жоғары мемлекеттік лауазымға тағайындалатын тұлғаның есімі алдағы он күн ішінде белгілі болуы мүмкін.

Вице-президент институтының енгізілуі елдегі саяси реформалардың жаңа кезеңімен байланысты. Жаңа лауазымның нақты өкілеттіктері мен мемлекеттік басқару жүйесіндегі рөлі де алдағы уақытта айқындала түседі.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close