ҚҰРЫЛТАЙДЫҢ АЛҒАШҚЫ СЕССИЯСЫ 28 ТАМЫЗДА ӨТЕДІ
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірінші шақырылымдағы Қазақстан Республикасы Құрылтайының бірінші сессиясын шақыру туралы Жарлыққа қол қойды.

Мемлекет басшысының Жарлығы 2026 жылғы 26 тамызда Ақордада қабылданды. Құжатқа сәйкес, бірінші шақырылымдағы Қазақстан Республикасы Құрылтайының бірінші сессиясы 28 тамызда Астана қаласында өтеді. Жиын сағат 11:00-де басталады.
Президент бұл Жарлықты Қазақстан Республикасы Конституциясының 58-бабының 2-тармағына сәйкес шығарды.
Құжатта Құрылтайдың алғашқы сессиясын өткізу мерзімі мен орны нақты белгіленген.
Еске сала кетейік, сайлау қорытындысы бойынша жеті саяси партияның бесеуі белгіленген 5 пайыздық межеден өтіп, депутаттық мандаттарды бөлуге жіберілді.
Ең жоғары нәтижені «Әділет» партиясы көрсетті. Ол сайлаушылардың 71,17 пайыз дауысын жинап, 110 депутаттық мандатқа ие болды.
«Ауыл» партиясы 6,26 пайыз дауыс алып, Құрылтайда 10 орын иеленді. Respublica партиясына 5,56 пайыз дауыс беріліп, 9 мандат бөлінді.
«Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясы 5,21 пайыз дауыс жинап, 8 депутаттық мандат алды. Ал Жалпыұлттық социал-демократиялық партия 5,11 пайыз қолдауға ие болып, Құрылтайға 8 депутат өткізді.
Осылайша, сайлау нәтижесінде бес саяси партия арасында жалпы 145 депутаттық мандат бөлінді.
Ал Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы мен Қазақстан Халық партиясы 5 пайыздық сайлау шегінен өте алмауына байланысты мандаттарды бөлуге қатыспады.



