ШАРДЖАДА ҚАЗА ТАПҚАН АПАЛЫ-СІҢЛІНІҢ МӘЙІТІН ЕЛГЕ ЖЕТКІЗУ МӘСЕЛЕСІ ШЕШІЛІП ЖАТЫР
Шарджада қаза тапқан қазақстандық апалы-сіңлі Ақжан және Жұлдыз Бохановаларға қатысты жаңа мәліметтер белгілі болды. Бұған дейін бірнеше күн бойы байланысқа шықпай, іздеуде болған қыздардың мәйіті табылған. Қазір олардың туыстары марқұмдардың денесін Қазақстанға жеткізу мәселесін шешуге тырысып жатыр.

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі қазақстандықтардың қаза болғанын растады. Ведомство мәліметінше, Қазақстанның Дубайдағы Бас консулдығы марқұмдардың отбасына қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетіп жатыр. Дипломаттар мәйіттерді елге жеткізу үшін қажетті құжаттарды рәсімдеуге жәрдемдесіп, оқиғаның мән-жайын анықтап жатқан Біріккен Араб Әмірліктерінің құзырлы органдарымен байланыста.
Марқұмдардың жақын туыстарының бірі Гүлжихан Амантаева әлеуметтік желіде отбасы атынан үндеу жариялап, қыздардың денесін Қазақстанға жеткізу рәсіміне қатысты көмек сұраған. Оның айтуынша, қазіргі уақытта мәйіттер Дубайда. Отбасы оларды елге қайтару тәртібі мен қажетті рәсімдердің қай кезеңде тұрғаны туралы нақты ақпарат алуға тырысып жатыр.
«Қазіргі уақытта олардың денелері Дубайда. Алайда отбасы ретінде мәйіттерді Қазақстанға қайтару мәселесін шеше алмай отырмыз. Бізге денелердің не себепті әлі берілмей отырғаны және рәсімдердің нақты қай кезеңде тұрғаны туралы ақпарат керек. Біз Қазақстанның консулдығына және тиісті мемлекеттік органдарға жүгіндік. Сонымен қатар e-Otinish арқылы ресми өтініш бердік», – деп жазды ол.
Қаза болған қыздардың таныстары да әлеуметтік желі арқылы үндеу жасап, марқұмдарды елге жеткізуге көмектесуді сұраған. Кейбір жазбаларда отбасыға мәйіттерді Қазақстанға жеткізуге байланысты қаржылай қолдау қажет екені айтылған.
Таныстарының мәліметінше, Ақжан мен Жұлдыз Шарджаға жұмыс істеу үшін барған. Әлеуметтік желідегі жазбаларда олардың жергілікті сұлулық салондарының бірінде жұмыс істегені туралы ақпарат кездеседі. Қыздарды жеке таныған адамдар олардың бірге жұмыс істегенін айтып, марқұмдардың жақындарына көңіл білдірген.
Бұған дейін апалы-сіңлі шамамен бір апта бойы байланысқа шықпаған. Осыдан кейін оларды іздеу туралы хабарламалар әлеуметтік желілерде тараған. Іздеу жұмыстарының нәтижесінде қыздардың қаза болғаны белгілі болған.
Сонымен қатар марқұмдардың Біріккен Араб Әмірліктерінде жұмыс визасынсыз жүргені және заңсыз еңбек етуі мүмкін деген ақпарат тарады. Алайда бұл мәлімет әзірге ресми түрде расталған жоқ.
Қыздардың өліміне қатысты оқиғаның нақты себептері мен мән-жайы да әзірге жарияланған жоқ. Сондай-ақ қылмысқа қатысы болуы мүмкін деген күдіктінің Қазақстан азаматы екені туралы болжам айтылып жатыр. Бұл ақпаратты да Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі әзірге растаған жоқ.
Қазіргі уақытта БАӘ-нің құзырлы органдары оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр. Қазақстан тарапы тергеу барысын бақылауда ұстап, марқұмдардың денесін елге жеткізу мәселесінде отбасына консулдық көмек көрсетуде.



