Без рубрики

ЕСІРТКІ ЖАРНАМАСЫНА ҚАТЫСТЫ 74 ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС ҚОЗҒАЛДЫ

Жыл басынан бері Қазақстанда есірткі құралдарын насихаттау және заңсыз жарнамалау фактілері бойынша 74 қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі хабарлады.

Құқық қорғау органдары есірткіні насихаттау мен оның заңсыз жарнамасының таралуына тұрақты түрде мониторинг жүргізіп, анықталған фактілердің жолын кесу бойынша шаралар қабылдап жатыр.

ІІМ мәліметінше, биылғы жылдың алғашқы сегіз айында ішкі істер органдары Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 299-1-бабы бойынша 74 қылмыстық іс қозғаған.

Полицияның назары әсіресе есірткі жарнамасының интернет кеңістігінде таралуына аударылған. Заңсыз жарнама әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде ғана емес, көшелердегі граффитилер, түрлі хабарландырулар және QR-кодтар арқылы да таратылатыны анықталған.

Құқық қорғау органдарының айтуынша, мұндай заңсыз әрекеттерге көбіне жастарды тартуға тырысады. Оларға «оңай табыс» табуға уәде беріп, қабырғаларға арнайы жазулар түсіру немесе есірткі сататын ресурстарға сілтемелерді тарату үшін ақша ұсынуы мүмкін.

Алайда мұндай әрекеттер үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. ІІМ азаматтарды заңсыз жарнаманы таратуға немесе оны орналастыруға қатыспауға шақырады.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтары мен прекурсорларын насихаттағаны немесе заңсыз жарнамалағаны үшін үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Ал саралау белгілері болған жағдайда жаза үш жылдан алты жылға дейін бас бостандығынан айыруға дейін күшейтіледі.

Есірткі жарнамасының алдын алу бағытындағы жұмыстарға полициямен қатар жергілікті атқарушы органдар, білім беру ұйымдары, қоғамдық бірлестіктер мен волонтерлер де тартылып отыр. Бірлескен профилактикалық және рейдтік іс-шаралар барысында заңсыз жарнамалар мен есірткіге қатысты граффитилер анықталып, жойылады.

Сонымен қатар полиция мұндай жазулар мен жарнамаларды орналастыруға қатысы бар адамдарды анықтау жұмыстарын жүргізіп жатыр.

ІІМ азаматтарды есірткі жарнамасының кез келген түрін байқаған жағдайда полицияға хабарлауға шақырады. Ведомствоның мәліметінше, заңсыз жарнаманың таралуына жол бермеу және жастардың есірткі қылмыстарына тартылуының алдын алу бойынша жұмыстар тұрақты түрде жалғаса береді.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close