Без рубрики

АСТАНАДАҒЫ ЖАҢА ӘУЕЖАЙ ЖОБАСЫНА СИНГАПУРЛЫҚ КОМПАНИЯ ҚАТЫСАДЫ

Астанада салынатын жаңа әуежай жобасына Сингапурдың Changi Airports International компаниясы қатысады. Астана әкімдігі, Қазақстанның Көлік министрлігі және сингапурлық компания елордадағы әуежай инфрақұрылымын ұзақ мерзімді дамыту жөнінде негіздемелік келісімге қол қойды.

Келісім екі негізгі бағытты қамтиды. Біріншісі – Астанада жаңа әуежай салу жобасын бірлесіп іске асыру. Екіншісі – қазіргі халықаралық әуежайды одан әрі дамыту. Бұл бағытта Changi Airports International компаниясын әуежайдың менеджментіне, операциялық қызметіне және өзге де даму бағыттарына тарту жоспарланып отыр.

Қазір тараптар серіктестіктің құрылымын, жобаларды жүзеге асыру шарттарын және қажетті құжаттарды келісіп жатыр. Сондықтан жаңа әуежайдың құрылысын сингапурлық компанияға толықтай тапсырды деуге әлі ерте. Қазіргі кезеңде тараптар арасындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттары бекітілген.

Changi Airports International – Сингапурдың Changi Airport Group компаниясының еншілес құрылымы. Компания халықаралық деңгейде әуежайларды жоспарлау, дамыту және басқару бағыттарында жұмыс істейді. CAI-дың тәжірибесі 35-тен астам елдегі 90-нан аса әуежайды қамтиды.

Жаңа әуежайдың нақты орналасатын жері әзірге түпкілікті анықталған жоқ. Қазіргі таңда ықтимал учаскелер қарастырылып жатыр. Бұған дейін Астананың солтүстік-батысындағы аумақтардың бірі талқыланғанымен, нақты шешім қабылданбаған.

Жоба Астананың халықаралық авиациялық хаб ретіндегі әлеуетін арттыруға және елорданың транзиттік мүмкіндігін дамытуға бағытталған. Бұған дейін Changi Airport Group өкілдері Қазақстанға жаңа әуежай жобасы мен Астананы өңірлік авиациялық хаб ретінде дамытуға қатысты тәжірибесін ұсынуға дайын екенін мәлімдеген болатын.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close