АСТАНАДА МАТЕРИАЛДЫҚ ЕМЕС МӘДЕНИ МҰРАНЫ САҚТАУ МӘСЕЛЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Астанада материалдық емес мәдени мұраны сақтау, зерттеу және келер ұрпаққа жеткізу мәселелеріне арналған халықаралық оқыту семинары өтіп жатыр. Үш күнге жоспарланған «Материалдық емес мәдени мұраны сақтау мен жеткізу тәжірибелері» атты семинар Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында ұйымдастырылуда.

Жиын ЮНЕСКО-ның Материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі 2003 жылғы конвенциясын іске асыруға бағытталған. Семинардың ашылуына Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің, Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссиясының өкілдері, ғалымдар мен сарапшылар, музейлер мен білім беру ұйымдарының қызметкерлері, сондай-ақ еліміздің өңірлерінен келген мамандар қатысты.
Семинар барысында Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Сәбит Барлыбаев сөз сөйлеп, Қазақстанның ЮНЕСКО-ның 2003 жылғы конвенциясы аясындағы міндеттемелерді жүйелі түрде орындап келе жатқанын атап өтті.
Бүгінде Қазақстанның қатысуымен материалдық емес мәдени мұраның 14 элементі Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне енгізілген. Сонымен қатар еліміздің мәдени мұрасын халықаралық деңгейде танытуға бағытталған жаңа номинациялық материалдарды әзірлеу жұмыстары жалғасып жатыр.
Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссиясының бас хатшысы Жанар Шайменова халықаралық ынтымақтастық аясындағы басым бағыттарға тоқталды. Оның айтуынша, материалдық емес мәдени мұраны сақтау ісінде жергілікті қауымдастықтардың белсенді қатысуы маңызды. Сондай-ақ халықаралық ұйымдардың талаптарына сәйкес номинациялық құжаттарды сапалы әзірлеуге ерекше мән беріліп отыр.
Бұл бағытта өңірлердегі зерттеу жұмыстары да жүйелі түрде жүргізілуде. Қазақстандық қоғамдық даму институты еліміздің әр аймағында зерттеулер ұйымдастырып, олардың нәтижесінде «Қазақстанның жанды мұрасы» ұлттық баяндамасы жарық көрді.
Қазіргі таңда Қазақстанның материалдық емес мәдени мұрасын ЮНЕСКО тізімдеріне ұсыну үшін екі номинациялық досье әзірленіп жатыр. Сонымен бірге ИСЕСКО аясында тағы он номинациялық досье дайындалуда.
Семинар барысында Қазақстан, Қырғызстан және Таиландтан келген ЮНЕСКО-ның халықаралық фасилитаторлары өз тәжірибелерімен бөлісті. Сарапшылар материалдық емес мәдени мұраны сақтау жұмысына жергілікті қауымдастықтарды кеңінен тарту, далалық зерттеулер жүргізу және номинациялық материалдарды халықаралық талаптарға сай әзірлеу мәселелеріне тоқталды.
Материалдық емес мәдени мұраға халықтың дәстүрлі мәдениеті, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, орындаушылық өнері, қолөнер дәстүрлері және ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келе жатқан мәдени құндылықтары жатады. Сондықтан оны сақтау тек тарихи мұраны қорғаумен шектелмей, дәстүрдің қазіргі қоғамда жалғасын табуына мүмкіндік жасауды да көздейді.
Үш күндік оқыту семинарына барлығы 30 маман қатысып жатыр. Жиын барысында қатысушылар материалдық емес мәдени мұраны анықтау, зерттеу, құжаттау, сақтау және оны келесі ұрпаққа жеткізу бағыттары бойынша халықаралық тәжірибемен танысады.
Мамандардың басын қосқан бұл семинар Қазақстанның материалдық емес мәдени мұрасын жүйелі түрде зерттеп, ұлттық құндылықтарды халықаралық деңгейде танытуға және оларды болашақ ұрпаққа жеткізуге бағытталған жұмыстарды одан әрі жетілдіруге мүмкіндік береді.



