ЕМШІ БАҒДАГҮЛ ЛЕПЕСОВАҒА СОТ ҮКІМІ ШЫҚТЫ
Ақтөбелік емші Бағдагүл Лепесоваға қатысты сот үкімі шықты. Ол Динара Сәтжан мен Баян Алагөзованың ар-намысына тиетін сөздер айтты деген айыппен сотқа тартылған.

Сот шешімімен Бағдагүл Лепесоваға 1,5 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды. Сот отырысында тараптардың уәждері қаралып, емшінің әлеуметтік желідегі мәлімдемелеріне құқықтық баға берілді.
Алайда сот үкімінен кейін де Бағдагүл Лепесова өз ұстанымынан бас тартқан жоқ. Ол әлеуметтік желідегі парақшасында тағы бір видео жариялап, сотта айтқан сөздері үшін айыппұл төлеуге дайын екенін мәлімдеді.
Емші өз пікірін қазақ тілін, ұлттық тәрбие мен дәстүрлі құндылықтарды қорғау мақсатында айтқанын жеткізді. Ол қазақ әйелдерінің киім үлгісіне қатысты көзқарасын айтып, шоу-бизнес өкілдерін де сынға алды.
«Көп болса, мен өзімнің айтқан сөзіме айыппұлын төлермін. Ештеңе етпейді. Бірақ ескертіп қояйын, бүкіл халықпен біз бас көтереміз. Сол сөзді мен неге айттым? Қазақ тілін құрметтемегені үшін. Мен қазақи тәрбиемен өскенмін», – деді Бағдагүл Лепесова.
Ол сондай-ақ қазақ қыздарының тәрбиесіне қатысты пікірін білдіріп, өзіне қандай жаза тағайындалса да, айтқан сөзінен бас тартпайтынын аңғартты.
Сот үкімі шыққаннан кейін Бағдагүл Лепесованың әлеуметтік желідегі жаңа видеосы да көпшіліктің назарын аударды. Видеода айтылған пікірлерге байланысты Динара Сәтжан «Оны тағы да сот күтіп тұр» деп пікір қалдырған.
Осылайша, соттың 1,5 миллион теңге айыппұл туралы үкімі шыққанымен, әлеуметтік желідегі дау әлі де жалғасып жатыр.



