ЗЕЛЕНСКИЙ ТРАМПТЫҢ РЕСЕЙ МҰНАЙ ӨҢДЕУ ЗАУЫТТАРЫНА СОҚҚЫНЫ ТОҚТАТУ ӨТІНІШІНЕ КЕЛІСПЕДІ
Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ президенті Дональд Трамптың Ресейдегі мұнай өңдеу және дизель өндірісіне қатысты нысандарға жасалатын соққыларды тоқтату жөніндегі өтінішін біржақты түрде қабылдамағанын мәлімдеді.

Трамп бұған дейін Ресейдің мұнай өңдеу инфрақұрылымына жасалған украиналық шабуылдар әлемдік дизель нарығындағы тапшылықты күшейтіп, отын бағасының өсуіне әсер етіп отырғанын айтқан. Ол Зеленскийден дизель өндіретін нысандарға соққы бермеуді сұраған.
Зеленскийдің айтуынша, Украина үшін энергетикалық нысандарға жасалған шабуылдардың салдары отын бағасынан әлдеқайда маңызды. Ол Ресейдің Украинадағы энергетикалық инфрақұрылымға шабуылдарын тоқтатуы керектігін атап өтті.
«Мүмкін, біреулер үшін дизель бағасы маңызды шығар, бірақ біз үшін өз өміріміз маңыздырақ», – деді Зеленский.
Сонымен қатар Украина басшысы Ресейдің энергетикалық инфрақұрылымға соққыларын тоқтатуы жағдайында өзара энергетикалық атысты тоқтатуға дайын екенін мәлімдеді. Яғни Киев Ресейдің мұнай өңдеу және энергетикалық нысандарына шабуылдарды біржақты тоқтатуға емес, екі тараптың өзара келісіміне дайын екенін білдірді.
Бұл мәселе Трамп пен Зеленскийдің Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясы аясындағы кездесуінде де көтерілген. Трамп Ресейдің мұнай өңдеу қуаттарына жасалған шабуылдарды «Ресейге ауыр соққы» деп атап, оның дизель бағасына да әсер етіп отырғанын айтқан.
АҚШ-та дизель бағасы қыркүйекте рекордтық деңгейге көтерілді. Бұған Ресей мен Украинадағы соғысқа қоса Таяу Шығыстағы қақтығыс пен Ормуз бұғазындағы тасымалдың бұзылуы сияқты бірнеше фактор әсер етіп отыр.
Украина болса Ресейдің мұнай өңдеу инфрақұрылымын әскери нысандар ретінде қарастырады. Киевтің мәлімдеуінше, мұнай өнеркәсібі Ресейдің әскери әрекеттерін қаржыландыруға және қамтамасыз етуге қатысады.



