Без рубрики

ҚҰРЫЛТАЙ ДЕПУТАТЫНЫҢ ҚАБЫЛДАУЫНДА 30-ДАН АСТАМ АЗАМАТТЫҢ МӘСЕЛЕСІ ҚАРАЛДЫ

Құрылтай депутаты Айжан Аймағанова «Әділет» партиясының Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінде азаматтарды қабылдап, 30-дан астам тұрғынның құқықтық және консультативтік мәселелерін тыңдады.

Қабылдауға еліміздің әр өңірінен тұрғындар келіп, тұрғын үй, сот даулары, мүліктік құқықтарды қорғау, құқық қорғау органдары мен сот орындаушыларының жұмысына қатысты мәселелерін жеткізді. Сонымен қатар әлеуметтік қолдау және денсаулық сақтау саласына қатысты өтініштер де қаралды.

Өтініштердің бір бөлігі тұрғын үй даулары бойынша сот шешімдерін орындау, баспана кезегі және қылмыстық істерді тергеу мәселелеріне қатысты болған.

Қабылдауға Түркістан облысынан келген Малика Тасболатова да жүгінді. Оның айтуынша, бес жыл бұрын қоғамдық тамақтану нысанын дамытуға 135 млн теңгеден астам қаражат салған. Алайда араға бір жыл салып нысанды босатуға мәжбүр болған. Осы жағдайға байланысты қылмыстық іс қозғалғанымен, кейін тергеу бірнеше рет тоқтатылған.

«Мен құжаттар мен сараптамалық қорытындыларды өзім жинап, тергеу органдарына тапсырдым. Ұсынылған барлық материалдың зерделеніп, істің заңға сәйкес қаралуын сұраймын», – деді Малика Тасболатова.

Тағы бір азамат Оразбай Бақтыбековтің айтуынша, құны 65 млн теңге болатын дүкенінен айырылған. Кейін нысан басқа адамдардың атына қайта рәсімделген. Оның айтуынша, құқық қорғау органдарына жүгінгенімен, істің мән-жайы толық тексерілмеген.

Айжан Аймағанова азаматтардың өтініштері мен ұсынылған құжаттармен танысып, қосымша қарауды қажет ететін мәселелерді депутаттық бақылауына алды.

«Азаматтардың әрбір өтінішінің артында нақты мәселе тұр. Сондықтан қабылдау кезінде тұрғындарды тыңдап қана қоймай, олардың мәселесін шешудің нақты жолдарын қарастыру маңызды. Көтерілген мәселелер бойынша тиісті мемлекеттік органдарға депутаттық сауалдар жолданып, олардың қаралу барысын бақылауда ұстаймын», – деді депутат.

Қабылдау барысында «Елімай» футбол клубының президенті Асқар Ұранхаев та заңнамаға өзгерістер енгізу туралы ұсынысын білдірді. Ол ресми спорттық жарыстардың нәтижелеріне қасақана заңсыз араласқаны үшін жауапкершілік белгілейтін жеке құқықтық норма енгізуді ұсынды.

Қабылдау кезінде түскен барлық өтініш бойынша тиісті талдау жүргізіліп, уәкілетті мемлекеттік органдардың араласуын қажет ететін мәселелердің қаралу барысы депутаттың бақылауында болады.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close