АЛМАТЫДА ЖЕР СІЛКІНІСІ ТІРКЕЛДІ
Алматыда бүгін, 28 қыркүйекте жер сілкінісі тіркелді. ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің «Сейсмологиялық бақылау және зерттеу ұлттық ғылыми орталығы» мәліметінше, жер сілкінісі Астана уақытымен сағат 09:38:07-де болған.

Жер сілкінісінің ошағы Алматы қаласынан оңтүстік-батыс бағытта, шамамен 8 шақырым қашықтықта орналасқан. Қала аумағындағы есептік қарқындылығы 3-4 балды құрады.
Жер сілкінісі Алматыға жақын орналасқан бірқатар елді мекендерде де сезілген. Атап айтқанда, Қарасай (Қаскелең) қаласында 2-3 балл, Боралдайда 2-3 балл, ал Өтеген Батыр елді мекенінде 2 балл деңгейінде тіркелген.
Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаменті бұған дейін қалада сезілетін жер сілкінісі болғанын хабарлаған. Қазіргі уақытта сейсмология мамандары жер сілкінісінің ошағы мен нақты қарқындылығына қатысты мәліметтерді нақтылап жатыр. Тиісті мемлекеттік органдарға ақпарат берілген.
Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарды сабыр сақтап, үрейге берілмеуге және тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырды.
«Сабыр сақтап, үрейге берілмеңіздер! Тек ресми ақпарат көздеріне ғана сеніңіздер. Жағдай бақылауда», – делінген Алматы қаласы ТЖД хабарламасында.



