АҚТАУҒА ЖАҢА ӘКІМ КЕЛДІ
Ақтау қаласының әкімі болып Мақсат Асқарұлы Мұқаш тағайындалды. Кадрлық шешім Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігімен келісіліп, Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың өкімімен қабылданды.

Мақсат Мұқаш 1991 жылғы 24 қазанда Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында дүниеге келген. Оның жоғары білімі бар. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Дене шынықтыру және спорт», М.С. Нәрікбаев атындағы Қазақ гуманитарлық-заң университетінде «Құқықтану», ал Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университетінде «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандықтары бойынша білім алған.
Мақсат Мұқаш еңбек жолын 2013 жылы Жаңаөзен қаласындағы №7 орта мектепте дене шынықтыру пәнінің мұғалімі және №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде еркін күрестен жаттықтырушы болып бастаған.
Кейін Қызылсай елді мекеніндегі №3 балалар мен жасөспірімдер мектебінде директордың орынбасары, одан соң мектеп директоры қызметтерін атқарды. 2019–2023 жылдары Жаңаөзен қаласындағы №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебін басқарды.
2021–2023 жылдары VII шақырылымдағы Жаңаөзен қалалық мәслихатының депутаты болды. Осы кезеңде «Ақ жол» партиясының Жаңаөзен қалалық филиалына да жетекшілік етті.
2023 жылғы маусымнан қазанға дейін Маңғыстау облысы әкімінің көмекшісі қызметін атқарды. Ал 2023 жылғы 24 қазанда Маңғыстау облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы болып тағайындалды. Бұл қызметті екі жылдан астам уақыт атқарған.
2025 жылғы 22 желтоқсанда Мақсат Мұқаш Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары болып тағайындалды. Бұл қызметте Ақтау қаласының әкімі болып тағайындалғанға дейін жұмыс істеді.
Енді 35 жастағы Мақсат Мұқаш Маңғыстау облысының әкімшілік орталығы – Ақтау қаласының тізгінін ұстайды. Оның еңбек жолы негізінен білім, спорт және мемлекеттік басқару салаларымен байланысты. Жаңа қызметінде қала инфрақұрылымы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, абаттандыру, көлік және әлеуметтік мәселелер секілді бағыттарға жауап беретін болады.



