ПРЕЗИДЕНТ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ПЕН БЕЛЬГИЯ КОРОЛІ ФИЛИПП БАҚ ӨКІЛДЕРІНЕ АРНАЛҒАН БРИФИНГ ӨТКІЗДІ
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Бельгия Королі Филипп бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған брифинг өткізді. Мемлекет басшысы Бельгия Королі мен Королевасының Қазақстанға жасаған тарихи мемлекеттік сапары екі ел арасындағы қарым-қатынастың жаңа кезеңіне жол ашып, халықтар арасындағы достықты нығайтуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Король Филипптің басшылығымен Бельгияның өзіндік ерекшелігі мен саналуандығын сақтап, әлемге ашық мемлекет ретінде танылып отырғанын айтты. Сондай-ақ оның халқына адалдығы мен елдегі түрлі қауымдастықтар арасындағы өзара түсіністікті нығайтуға бағытталған еңбегіне жоғары баға берді. Президент Бельгия монархының Қазақстанмен қарым-қатынасты дамытуға деген ықыласы үшін ризашылығын білдіріп, екі елдің өзара ынтымақтастығын одан әрі тереңдетуге мүдделі екенін жеткізді.
Мемлекет басшысының айтуынша, келіссөздер достық әрі сындарлы жағдайда өтіп, екіжақты серіктестікті кеңейтуге қатысты бірқатар маңызды уағдаластыққа қол жеткізілді. Қазақстан мен Бельгия арасында шешілмеген саяси мәселелердің жоқтығы барлық бағыттағы ынтымақтастықты дамытуға берік негіз қалыптастырады.
Экономикалық ықпалдастық екі ел арасындағы серіктестіктің негізгі бағыттарының бірі болып қала береді. Бельгия Қазақстанның маңызды инвестициялық серіктестерінің қатарына кіреді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәліметінше, 2005 жылдан бері Бельгияның Қазақстан экономикасына салған инвестиция көлемі 15 миллиард доллардан асқан.
Келіссөздер барысында тараптар көлік-логистика, маңызды минералдар, энергетика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, биотехнология, цифрландыру және ғарыш технологиялары салаларындағы ынтымақтастықты жандандыруға уағдаласты. Бұл бағыттардағы бірлескен жобалар экономикалық байланыстарды нығайтып, инвестициялық мүмкіндіктерді кеңейтуге жол ашады.
Мемлекет басшысы мемлекеттік сапарға Бельгияның жетекші компанияларының өкілдері қатысып жатқанын атап өтті. Оның пікірінше, бұл бельгиялық іскерлік орта өкілдерінің Қазақстанның экономикалық әлеуетіне сенім артатынын көрсетеді. Президент Үкімет елімізде жұмыс істейтін бельгиялық инвесторлардың қызметін кеңейтуіне және жаңа жобаларды жүзеге асыруына қажетті жағдай жасайтынын айтты.
«Үкімет тарапынан Бельгия инвесторларының Қазақстанда қызмет аясын кеңейтуіне және жаңа перспективалы жобаларды іске асыруына қолайлы жағдай жасалады. Оның толық әрі уақтылы орындалуын өзім қадағалап отырамын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент алдағы уақытта өтетін Қазақстан-Бельгия іскерлік кеңесі, Ректорлар форумы және маңызды минералдар мәселесіне арналған дөңгелек үстелдің маңызын да атап өтті. Бұл алаңдар екі елдің іскерлік және ғылыми ортасы арасындағы байланысты нығайтып, нақты жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Іс-шаралар қорытындысы бойынша серіктестікті дамытуға бағытталған ондаған келісім мен құжатқа қол қою жоспарланған.
Брифингте мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық мәселесіне де ерекше назар аударылды. Мемлекет басшысы екі елдің университеттері, музейлері мен мәдени мекемелері арасында тікелей байланыс орнатуға, бірлескен білім беру бағдарламаларын дамытуға және академиялық тәжірибе алмасуға мүдделі екенін жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Ұлттық музейінде бельгиялық суретші Джеймс Энсордың танымал туындыларын таныстыруға үлес қосқан серіктестерге алғыс білдірді. Сонымен қатар Almaty Museum of Arts пен KANAL-Centre Pompidou арасындағы ынтымақтастықты дамыту бастамасын қолдайтынын айтты. Президент мұндай жобалар Бельгияның бай көркем мұрасын Қазақстанда кеңінен танытуға, шығармашылық байланыстарды нығайтуға және екі халықтың мәдени жақындасуына ықпал ететінін атап өтті.
Сапар аясында азаматтардың өзара барыс-келісін жеңілдету мәселесі де қарастырылды. Президент қызметтік паспорт иелерін визалық талаптардан босату жөніндегі келісімге өзгерістер енгізу арқылы екі ел арасындағы сапарларды жеңілдетуге мүмкіндік туғанын мәлімдеді. Сондай-ақ қабылданған Бірлескен мәлімдеме тараптардың ортақ мақсаттары мен алдағы ынтымақтастық бағыттарын айқындайтынын жеткізді.
Келіссөздер барысында Қазақстан мен Бельгия халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде де пікір алмасты. Мемлекет басшысының айтуынша, екі ел халықаралық құқық нормаларын сақтауға, көпжақты ынтымақтастықты нығайтуға және қақтығыстарды бейбіт жолмен реттеуге мән береді.
«Жаһандық ахуал құбылып тұрған қазіргі кезде диалог, өзара сенім мен жауапты дипломатия ерекше өзекті. Жуырда Брюссельге жасаған сапарым аясында Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы стратегиялық серіктестіктің маңызын растадық. Бұл арнайы келісімде бекітілді», – деді Президент.
Брифинг соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Бельгия астанасындағы символдық мәні зор оқиғаға тоқталды. Мемлекет басшысының айтуынша, Брюссельдің орталық алаңы Гран-Пласта, қалалық ратуша ғимаратының алдында алғаш рет Қазақстанның Мемлекеттік Туы көтерілген. Президент мұны Қазақстанға көрсетілген ерекше құрметтің белгісі ретінде бағалап, бельгиялық әріптесіне жылы ықыласы үшін алғыс айтты.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Бельгияның «L’union fait la force» деген ұлттық ұраны қазақтың «Бірлік бар жерде тірлік бар» деген нақылымен мағыналас екенін атап өтті. Оның айтуынша, екі халықтың достығы мен өзара түсіністігі ортақ құндылықтарға негізделген.
Қасым-Жомарт Тоқаев Бельгия Королі Филипптің мемлекеттік сапары Қазақстан мен Бельгия арасындағы қарым-қатынасты дамытуда маңызды кезең болатынына сенім білдірді. Сапар нәтижелері саяси диалогты жалғастыруға, экономикалық байланыстарды кеңейтуге және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.



