Без рубрики

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА МАҚТАШЫЛАРҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

Түркістан облысында Дүниежүзілік мақта күніне орай «AQ-DALA – 2026» салтанатты іс-шарасы өтті. Отырар ауданы Қарақоңыр ауылдық округіндегі «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» ЖШС-ның мақта алқабында ұйымдастырылған мерекеге облыс әкімі Нұралхан Көшеров, өңір тұрғындары мен ауыл шаруашылығы саласының еңбеккерлері қатысты. Шара барысында мақта шаруашылығының жетістіктері таныстырылып, ақ алтын өсіруге үлес қосқан озат мамандар марапатталды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамда адал еңбек пен еңбек адамының мәртебесін арттырудың маңызын үнемі атап келеді. Осы ұстанымға негізделген «AQ-DALA – 2026» шарасы «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатын дәріптеп, ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің еңбегіне құрмет көрсетуге арналды.

Салтанатты жиында облыс әкімі Нұралхан Көшеров мақташыларды мерекемен құттықтап, өңірдің ауыл шаруашылығы саласындағы жетістіктеріне тоқталды. Оның айтуынша, мақта – Түркістан облысының негізгі ауыл шаруашылығы дақылдарының бірі. Оны өсіру, жинау және өңдеу мыңдаған адамның еңбегімен тығыз байланысты.

«Бүгін біз Отырардың ақ даласында жиналып, ақ алтын өсірген азаматтардың еңбегіне құрмет көрсетіп отырмыз. Бұл мерекенің басты кейіпкерлері – дән өсіретін диқандар, өнім жинайтын механизаторлар, су жеткізетін мамандар мен мақтаны өңдейтін еңбеккерлер. Түркістан облысы үшін мақта – негізгі ауыл шаруашылығы дақылдарының бірі. Оны өсіру, жинау және өңдеу мыңдаған тұрғынның еңбегімен байланысты. Сондықтан ақ алтынның қадірі, ең алдымен, оны өсірген адамның еңбегімен өлшенеді», – деді Нұралхан Көшеров.

Биыл облыста мақта 173,6 мың гектар алқапқа егілді. Қазір өңірде жиын-терім науқаны жүріп жатыр. Маусым қорытындысы бойынша 556 мың тонна мақта жинау жоспарланған. Орташа түсімділік гектарына 32 центнер деңгейінде болады деп күтілуде.

Су тапшылығы жағдайында өнімділікті арттыру үшін егістікке су үнемдеу технологияларын енгізуге басымдық беріліп отыр. Қазіргі таңда облыстағы 91 мың гектар мақта алқабында осындай технологиялар қолданылады. Жекелеген алқаптарда гектарына 60 центнерге дейін өнім алынуы заманауи тәсілдер мен суды тиімді пайдаланудың нәтижесін көрсетеді.

Облыс әкімі Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығына озық технологияларды енгізу және су ресурстарын үнемдеу жөніндегі тапсырмалары өңір үшін айрықша маңызды екенін атап өтті. Сонымен қатар мақта шаруашылығының болашағы тек шикізат өндірумен шектелмей, оны терең өңдеу және дайын өнім шығару арқылы айқындалатынын жеткізді.

Түркістан облысында мақта өсіруден бастап, оны өңдеу, жіп иіру және дайын тоқыма өнімдерін шығаруға дейінгі толық өндірістік тізбекті қалыптастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл бағытта шетелдік инвесторлар тартылып, заманауи өндіріс орындары іске қосылуда. Өңірдің мақсаты – мақтаны шикізат күйінде сатумен шектелмей, қосылған құны жоғары өнім өндіру арқылы экономикалық тиімділікті арттыру.

«Біздің мақсатымыз – мақтаны өсірумен шектелмей, одан түсетін табыстың көбірек бөлігін өз өңірімізде қалыптастыру. Осы бағытта мақта өсіруден бастап өңдеу, жіп иіру және дайын тоқыма өнімін шығаруға дейінгі толық тізбекті қамтитын елімізде теңдесі жоқ кластер қалыптасып келеді. Бүгін сіздер осы кластерлік жобалардың алғашқысы – «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» ЖШС-ның жобасымен танысып отырсыздар», – деді облыс әкімі.

Нұралхан Көшеров инвестициялық жобалардың нәтижесі жаңа жұмыс орындарымен ғана емес, білікті мамандар даярлау және бәсекеге қабілетті дайын өнім шығару арқылы да бағаланатынын атап өтті. Ол мақта шаруашылығында еңбек етіп жүрген азаматтарға алғыс айтып, мол өнім мен берекелі маусым тіледі.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close