Без рубрики

ҚҰРЫЛТАЙ ДЕПУТАТТАРЫ БАЛЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫНДАҒЫ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРДІ ТАЛҚЫЛАДЫ

Құрылтайдың Аграрлық мәселелер, экология және табиғи ресурстар комитетінің мүшелері «Poseydon» ЖШС-ның балық өсіру кешеніне барып, отандық акваөсіру саласының даму мүмкіндіктерімен танысты. Көшпелі кездесу алдағы уақытта өтетін «Балық өсіру шаруашылықтары мен балық тәлімжайларын жаңғырту мәселелері» тақырыбындағы дөңгелек үстелге дайындық аясында ұйымдастырылды.

Комитет төрағасы Серік Егізбаев бастаған депутаттар кәсіпорынның жұмысын, балық өсірудің заманауи технологияларын және өндірістік мүмкіндіктерін зерделеді. Сонымен қатар саладағы өзекті мәселелер талқыланып, кәсіпкерлердің ұсыныстары тыңдалды.

Құрылтай депутаты Руслан Идрисовтың айтуынша, сапардың негізгі мақсаты – еліміздегі акваөсіру саласының қазіргі жағдайын бағалау, кәсіпкерлердің пікірін тыңдау және өндірістің дамуына кедергі келтіріп отырған мәселелерді анықтау.

Депутат балық жемінің тапшылығы, субсидиялау жүйесі мен жеңілдетілген несиеге қол жеткізу мәселелері саланың дамуына тікелей әсер ететінін атап өтті. Оның сөзінше, ауыл шаруашылығына бөлінетін қаржының басым бөлігі өсімдік және мал шаруашылығына бағытталады. Ал балық өсіру саласын қаржыландыру әлі де жеткіліксіз. Осыған байланысты мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдіру қажеттігі туындап отыр.

Кездесу барысында отандық балық шаруашылықтарының импортқа тәуелділігі де сөз болды. Әсіресе, шетелден жеткізілетін балық жемінің бағасы құбылып, тасымалдау шығындарының артуы өндірілетін өнімнің өзіндік құнына әсер етіп отыр. Бұл мәселе отандық кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін жергілікті өндірісті дамытудың маңызын көрсетеді.

«Poseydon» ЖШС директоры Мейрамбек Пазылбековтің айтуынша, кәсіпорын осы мәселені шешу мақсатында балық жемін өндіретін жаңа зауыттың құрылысын бастаған. Жоба толық жүзеге асқан жағдайда отандық балық шаруашылықтарын қажетті жеммен қамтамасыз етуге және импортқа тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді.

«Балық шаруашылығындағы өзекті мәселелердің бірі – импортталатын жемге тәуелділік. Әлемдік нарықтағы бағаның құбылуы мен тасымалдау шығындары өнімнің өзіндік құнын арттырып отыр. Осыған байланысты жылына 25 мың тонна балық жемін өндіретін, еуропалық стандарттарға сай зауыт салуды бастадық. Оны келесі жылдың соңында іске қосу жоспарланған. Бұл отандық балық шаруашылықтарын сапалы жеммен қамтамасыз етіп, импортқа тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді», – деді кәсіпорын басшысы.

Кәсіпорын алдағы уақытта өндірістік қуатын арттырып, өнімнің бір бөлігін экспортқа шығаруды жоспарлап отыр. Бұл отандық акваөсіру саласының әлеуетін кеңейтіп, ішкі нарықты жергілікті өніммен қамтуға және сыртқы нарықтарға шығуға жол ашуы мүмкін.

Көшпелі кездесуге Құрылтай депутаттарымен қатар, комитеттің қызметін қамтамасыз ету бөлімінің және Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері қатысты.

Сапар қорытындысы бойынша балық шаруашылығындағы өзекті мәселелер мен мамандардың ұсыныстары жинақталады. Олар қазан айының соңында өтетін дөңгелек үстел барысында талқыланып, саланы жаңғыртуға және мемлекеттік қолдау шараларын жетілдіруге қатысты ұсыныстар қарастырылады.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close