Сәті түсіп, өңірлердегі белсенді дебатерлермен кездестім
Кездесу онлайн форматта өтсе де, өте қызықты әрі мазмұнды болды.
Бір сағаттан астам уақыт бойы біз балалармен осы жобаны дамыту бойынша алдағы жоспарларды талқылап, олар өз идеялары мен ұсыныстарын білдірді. Дебатерлермен қоса кездесуге облыстардағы білім басқармаларының басшылары, жоғары оқу орындарының проректорлары және аудан мен қалалардағы үйлестірушілер қатысты.
Министрлік жанындағы жобалық кеңсе дебат қозғалысын дамыту тұжырымдамасын, күнтізбелік жоспар мен дебат қозғалысын дамытудың Жол картасын әзірлегенін атап өткім келеді. Жаттықтырушыларды даярлау бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Дебат клубтары ашылып, оқу құралдары әзірленуде.
Мен өзім студенттік шақта дебатқа белсенді қатыстым. Достарымызбен алдымен университетте, кейін қалалық, облыстық және республикалық дебаттық турнирлерге қатыстық. Бұл тәжірибе маған көп пайдасын тигізді. Ал қазіргі таңда дебатта жүріп, бойымда қалыптастырған бұл дағдылар жұмыс барысында да көмектеседі.
Осы ретте дебатқа қатысатын жеткіншектердің бойында маңызды дағдылар қалыптасатынын атап өткен жөн. Сондықтан балалардың сыни ойлау қабілетін дамыту және оларды командада жұмыс істеуге баулу, сұрақтарға жауап беру, өз пікірін дәлелдеу, балалардың өз ойларын дұрыс тұжырымдауы үшін біз осы білім беру технологиясын белсенді қолдануымыз қажет.
Министрліктің «Оқуға құштар мектеп», «Мектептегі және студенттік өзін-өзі басқару» сияқты жобаларымен бірге «Дебат» жобасына да барлық білім беру ұйымында баса мән берілуі тиіс
———————————————-
/ҚР Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетовтың парақшасынан алынды/.