ТҮРКІСТАН: АРЫСТАН БАБ КЕСЕНЕСІ – ӨҢІР ТУРИЗМІНІҢ БІР КЕРЕМЕТІ
Түркістанға қайбір жылы белгілі түркітанушы-ғалым Мырзатай Жолдасбеков келген болатын. Сол сапарында ғалым жергілікті телеарнаға арнайы сұхбат берген еді. Мәнді, әсерлі әңгіме болды. Елдік мәселелерге қатысты көшелі пікірін де айтты.
«Түркістан – қасиетті мекен. Бұл жер сансыз бабтың, сансыз әулиенің жатқан жері. Осында келген сайын аяғымызды аңдап басқымыз келеді. Оңтүстікте тарс-тұрс жүруге, айқайлауға, дауыс көтеруге болмайды. Қайсыбірін айтайын, мұнда ұлы бабаларымыз, дана хандарымыз бен би-шешендеріміз, небір батырларымыз жатыр», деп тебірене сөйлеген-ді ғалым. Әдебиетіміздің білгір маманынан асырып не айтамыз? Айтса айтқандай-ақ, қасиетті Түркістан өңірінің қай ауданына барсаңыз да әулие-әмбие көп.
Бүгінгі айтпағымыз – Арыстан баб кесенесі. Облыс орталығынан 60 шақырымдай (Отырар ауданы, Шәуілдірден 12 км) қашықтықта орналасқан кесене – халық рухани азық алатын әрі зиярат ететін қасиетті орындардың бірі, мемлекеттің қарауына алынған тарихи сәулет өнерінің ескерткіші. Кешен 17 гектар аумақты алатын бірнеше аймақтардан тұрады. Бұл – туристерге қызмет көрсететін этнографиялық мекен. Мұнда кәсіпкерлердің демеушілігімен бой көтерген мешіт, қажылық орталық, екі қонақүй («Фараб» үлкен және шағын), имамдар дайындайтын сыныптар, құлшылық ететін зал бар.
Бабтардың бабы атанған Арыстан баб кім? Қысқа-нұсқа айта кетейік. Діни аңыздар бойынша, Арыстан баб есімі Отырар, Сайрам, Иасы өңіріндегі сопылардың рухани ұстазы ретінде кеңінен танымал. Десе де, Қожа Ахмет Ясауидың хикметтерінде ұстазға арналған ыстық лебіздер мен оның тәлім-тәрбиесін үлгі ету, өнеге ету жиі ұшырасады. Арыстан бабтың әулиелігін халық мойындаған. Сондықтан зиярат етушілер сол заманнан күні бүгінге дейін әулие басына түнеп, ғибадат етеді. Енді бір деректерде Арыстанбаб Мұхаммед пайғамбардың замандасы дейді. Аңыз бойынша Арыстан баб Мұхаммед пайғамбардың аманат қылып берген киелі құрмасын тілінің астына сақтап, Қожа Ахмет Ясауиге табыстаған. Арыстан бабтың туған жылы нақты болмаса да, жанама мәліметтер арқылы болжаммен айтылады.
Кесене киелі жер ғой. Мұнда тәу етіп жатқандар көп. Әсіресе жазда.
Ойды ой қозғайды. Былтыр Шымкентте тұратын бір кәсіпкерден сұхбат алғанымыз бар. Ешқандай себеп-салдарсыз қос жанарынан айырылған бизнесмен азамат осы Арыстан баб кесенесіне қатысты естелігімен бөлісіп еді. «Жиырмадан асқан кезім. Киелі жерден өтіп бара жатып, көлігімді тоқтаттым. Жаспыз ғой, қайдан білейін, кесенеге қарап дәрет сындырдым. Осыдан соң үйге келіп, көз шырымын алып, ұйықтап тұрған едім. Сол заматта екі көзім тас қараңғы болды. Қазір жасым 60-қа таяды. Содан бері бармаған жерім жоқ. Ешқайсысы диагноз қоя алмады. Тіпті әйгілі көріпкел Ванганың да қабылдауында болдым. Ол бұл аурудың емі жоқ деп шығарып салды. Сонда түсінгенім, әрбір нәрсенің киесі болады екен. Қасиетті жерді, әулиелі мекендерді, қастерлеп, қадірлеп жүрейік», – деп еді ол өткен күндерін еске алып.
Бұл жер – тек бет сипап, саяхат жасайтын орын ғана емес, өткенімізді танып, руханиятқа, тарих пен мәдениетке құрмет көрсететін қасиетті мекен. Кесене қызметкері Қ. Шохаевтың сөзінше, бүгінде Арыстан бабқа жылына 150 мыңға жуық турист келеді екен. Ал ол жерден 2 км жерде Отырартөбе бар. Сондай-ақ кешен аумағына ұлы ұстаз Әл-Фараби мен атақты әскери қолбасшы Сұлтан Бейбарыс бабаларымыздың Шам шаһарындағы зиратынан 2006 жылы топырағы әкелініп қойылыпты.
Арыстан баб кесенесінің ең көне бөлігі – қабірхана шамамен XII ғасырда салынған. XIV ғасырда мазар қайта қалпына келтірілген. Кесененің салынуы жайында мынадай аңыз бар. Мәуереннахр билеушісі Әмір Темір Қожа Ахмет Ясауидің құрметіне кесене тұрғызуға жарлық етеді. Кесененің қабырғалары қаланып болған түні алып өгіз келіп, дуалдарды мүйізімен соғып, құлатып кетеді. Кесене қабырғалары қайта тұрғызылып, күмбездері қаланғанда әлгі оқиға тағы қайталанады. Осындай оқиғалардан кейін Әмір Темірдің түсіне ақ киімді қария кіріп: «Алдымен Қожа Ахметтің алғашқы ұстазы – Арыстан бабтың қабірінің үстіне мазар сал», дейді де ғайып болады. Ертеңінде Әмір Темір Арыстан баб әулиенің қабірінің басына кесене тұрғызуға жарлық береді. Ол салынып біткенде ғана Түркістандағы Қожа Ахмет Иасауи кесенесінің құрылысы ойдағыдай аяқталады.
Кешен 1909 жылы жергілікті халықтың қаражатымен қайта өңделген. Кесене дәлізхана, мешіт, құжырахана, азан шақыратын мұнара сияқты жеке бөлмелер мен қабірханаға бөлінген.
Арыстан баб неге Отырарға жерленген деген де заңды сұрақ туныдайтыны сөзсіз. Арыстан баб туралы энциклопедияда жарыққа шыққан мына ғибратты әңгімеге назар аударсақ, біраз жайтқа қанық боларымыз анық.
– Арыстан баб Тұран даласына келгенде оны ешкім танымапты. Киімі тозып, алба-жұлбасы шыққан еді. Темір етігі теңгедей, темір аяғы тебендей болыпты. Түрінен шошып, ел-жұрт үйіне қондыруға қорқады екен. Көп қайыршының бірі деп ойлапты. Арыстан баб Ұлы Даланы аралап, талай шаһарды шарлапты. Көбіне далада қонады екен. Оның қонып, түнеген жері қадым жайға, қасиетті орынға айналады. Бір күні Отырар даласына келіп, қаланы аралады. Оған ешкім мән беріп қарамады. Кеш батып қалған еді. Түнеп шығар жер іздеді. Қала шетіндегі ескі лашықтан өтіп бара жатқанда бір жігіт алдынан жүгіріп шықты. Қарияға сәлем беріп:
– Ата, үйге түсіп қонақ болыңыз, – деді. Арыстан баб:
– Балам мені таныдың ба? Бейтаныс жанды қалай үйге қондырмақсың?-деді.
– Әкем «Қырықтың бірі – Қызыр, мыңның бірі – уәли» деп айтып отыратын. Қызыр болмасаңыз да, шарапатты әулие шығарсыз. Жақсы адам қартайса ақсақалды абызға айналады, жаман адам қартайса, піспей қалған қауызға айналады деуші еді. Жүзіңіз жылы екен. Түсі игіден түңілме деген. Оның үстіне іңір түсті. Қараңғыда қайда барасыз? Үйге қонып, қонақ болыңыз. Баспанам лашық болғанымен, қабағым ашық. Жыртық үйдің де Құдайы бар деген ғой. Біздің үйге түсініз!
– Бәрекелді, балам! Болайын деп тұрған бала екенсің. Тұрмысың кедей болғанымен, жан сарайың бай екен. Дегенің болсын! Баста жолды, – деді.
Жігіт есікті ашып, Арыстан бабты төрге шығарды. Жігіттің жары қонақ келеді деп ойламаса керек-ті. Асулы тұрған еті болмаған соң сасып қалды. Зыр жүгіріп төрге көрпе төседі. Қырық жамау көрпесінен қысылып өліп барады. Ұялғаннан басындағы ақ жаулығын көрпешенің үстіне төседі де:
– Ата, мұнда отырыңыз, – деді. Арыстан баб әйелдің ниетіне риза болып:
– Балам, ақ жаулық басыңдағы байлығың ғой. Оны маған бола жерге төсеме. Мен патша емеспін. Жай ғана құдайдың қарабет құлдарының бірімін. Маған жаман көрпе де жетеді. Ниетіңе ризамын. Құдай тілеуіңді берсін, – деді.
Жігіт қорадан жалғыз лағын көрсетіп:
– Ата, бата беріңіз. Қонақ келмегелі көп болып еді. Бізді кедей деп менсінбей көп кісі түспейтін. Мынау сізге атаған малым. Бата қылыңыз, – деді. Арыстан баб:
– Құдай оңдасын, пайғамбар қолдасын. Бақ қарасын, Қызыр дарысын. Ниетіңе Тәңірі берекет берсін, – деп бата жасады. Ас желініп, сорпа ішілген соң сұхбат қылып біраз отырды. Арыстан баб сол үйде түнеді. Таңғы шайдан соң жігіт екі жасар ұлын әкеліп:
– Ақсақал, мынау тұңғышым еді. Есімі – Мансұр. Осыған ата болыңыз. Батаңызды беріп, аузына түкіріңіз, – деді. Арыстан баб бата беріп: «Мансұр Халлаждай Тәңірге ғашық болсын. Қожа Ахметтің шәкірті болсын!» – деді. Шайдан соң Арыстан баб олармен қоштасып, сапарын жалғады. Осыдан соң жігіттің басына бақ қонып, Қызыр дарып, дәулетті жанға айналыпты. Баяғы Мансұр ержеткен соң Қожа Ахмет Яссауидің ең алғашқы шәкірттерінің бірі болыпты. Арыстан баб маңдайынан сыйпаған соң, жұрт оны Арыстан бабтың баласы атап кетіпті. Арыстан баб дүниеден өтерде Жебрейіл періште:
– Уа, Арыстан сахаба, талай ел кездің, талай жер кездің. Мекке-Мәдинада жүрдің. Қасиетті Әл-Ақсада болдың. Қожа Ахмет туған Сайрамды да көрдің. Денеңді қай жерге жерлейік, – деді. Сонда Арыстан баб:
– Отырардағы жаны жомарт бір жігіт есімнен кетпейді. Жалғыз лағын сойып қонақ қылып еді. Келіншегі астыма кимешегін төсеген. Солардың адал ниеті мен ыстық ықыласы есімнен кетпейді. Бір күн ас бергенге қырық күн сәлем деген. Өлсем де пейілін ұмытпайын. Мәйітімді солардың үйінің іргесіне жерлеңдер. Тәңірім ұлықсат етсе, оларды желеп-жебеп жатайын, – деді.
Оның соңғы сөзі Жебрейіл періштенің өзін ерекше әсерге бөледі. Кәрі сахабаның жүрегі мәңгілікке тоқтаған соң періштелер мүрдесін Отырарға апарып арулап жерледі. Ал Арыстан бабтың далада қонған қадым жайына да ел-жұрты құрмет көрсетіп, мазар соқты. Халық онда да Арыстан бабтың рухы келіп, жебеп жүреді деп сенеді. Қожа Ахмет Яссауи да осы оқиғадан тәлім алып тарихаттың әдебіне қонақжайлық тәртібін енгізген екен деседі. Ақиқаты басым көне аңыз осылай дейді.
Биыл, 18-мамыр – Халықаралық музей күніне орай, «Музейге кітап сыйла» акциясы бойынша «Отырар мемлекеттік археология қорық-музейі» РМҚК «Арыстан баб» кесенесіндегі көне кітапхананы жаңғырту мақсатында кітапханға кітаптар тапсыру шарасы ұйымдастырылды.
Игі шараға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бас есепшісі Лаура Байжарасова бастаған делегат мүшелері, қалалық «Дархан дала» отандық туризм саласы бойынша жетекшісі, шаһар бас имамының орынбасары, дінтанушы-магистр Мұхамеджан Естеміров, т.б. азаматтар қатысты.
«Өздеріңізге белгілі, кесенеде ХІХ ғасырға дейін «Көне Арыстан баб кітапханасы» болған. Кеңестік дәуір тұсында кесенедегі өте құнды кітаптар қоры сол қилы заманда қолды болып, ұрланып, өртеліп бүгінгі уақытта толық жетпеді. Осы орайда, көне кітапхананы жаңғырту мақсатында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының оң қорытындысынан өткен діни кітаптар кесене кітапханасына сый етілді. Тапсырылған кітаптар ішінде қасиетті Құран Кәрім, Тәпсір ілімі, хадис ілімі, Ақида ілімі, Қ.А.Яссауи ілімі, Ислам тараихы мен Пайғамбарлар тарихы, Ихсан ілімі т.б. 100-ден астам кітаптар қамтылды. Бүгінгі кітаптар «Арыстан баб» кесенесінің кітапханасынан орын алып, кесенеге келген зияратшылар пайдалана алады», – деді дінтанушы-магистр Мұхамеджан Естеміров.
Айта кетсек, көне кітапханы жағырту игі жұмыстарына қолдау білдірген «Отырар мемлекеттік археология қорық-музейі» РМҚК директоры Махашов Жанкелді мырзаға желегация мүшелері алғыстарын білдірді.
Қазіргі күнде Арыстан баб мавзолейі әрі халық рухани азық алатын, зиярат ететін қасиетті орындардың бірі болса, әрі мемлекеттің қарауына алынған тарихи сәулет өнерінің ескерткіші болып саналады.
Сәбит Тастанбек