Қоғам

ЗОРЛЫҚ- ЗОМБЫЛЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУ

Адамдардың зорлық-зомбылықсыз лайықты өмір сүруі үшін жағдайлар жасау. Адамдар арасындағы қарым-қатынас нысаны ретіндегі зорлық- зомбылыққа жол бермеу. Зорлық-зомбылықтың барлық көріністерін барлық әлеуметтік салаларда, соның ішінде отбасында түбірінен жою.

2004 жылы 143 мың қылмыс, соның ішінде әйелдерге қатысты 35 мыңнан астам қылмыс тіркелген. Оның ішінде 551 кісі өлтіру, денсаулыққа қасақана ауыр нұқсан келтірудің 405 оқиғасы, 1,3 мың әйел зорлау, 1,1 мың ұрып-соғу мен азаптау жайттары. Зинақорлық пен жеңгетайлық жасауға арналған орындарды ұйымдастыру мен ұстауға байланысты 357 қылмыс жасалған.

Кейбір сарапшылардың бағалауы бойынша Қазақстанда барлық әйелдердің 60 %-ынан астамы өмірінде ең болмағанда бір рет тәни немесе жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған. Әйел зорлау оқиғаларының сотта қарауға дейін жеткізілуі 10 %-дан төмен. Тұрмыстағы әйелдердің 28 %-ы өз жұбайлары тарапынан болған зорлық-зомбылықтың құрбандары болып табылады.

Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 19 ақпандағы тапсырмасына сәйкес Ішкі істер министрлігінің құрылымында әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі бөлімше құрылды, ол Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарының қоғамдық қауіпсіздік полициясының құрылымдық бірлігі болып табылады.

Елдің барлық дерлік өңірлерінде әйелдер мен балаларға арналған 38 дағдарыс орталығы ашылды. Олар негізінен халықаралық ұйымдардың гранттары есебінен ұсталады. 2004 жылы дағдарыс орталықтарының сенім телефондарына 27 мыңнан астам қоңырау түсті. Қоңыраулардың басым бөлігі тәни (23 %) және психологиялық (17 %) зорлық-зомбылыққа байланысты болды. Көмек сұрағандардың барлығына консультациялық көмек көрсетілді, олардың көпшілігі – психологтар мен заңгерлердің көмегі. 2001-2003 жылдары ЮНИФЕМ-мен бірлесіп отырып, «Зорлық- зомбылықсыз өмір – бұл біздің құқығымыз» атты ірі ақпараттық науқан өткізілді.

Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық проблемаларын шешуге Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты алғаш рет қатыстырылды. Осы мәселелер бойынша сот тәжірибесін жақсарту жөнінде бойынша нақты ұсынымдар қабылданды.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 12 наурыздағы № 346 қаулысымен Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық проблемаларымен айналысатын мемлекеттік органдардың, ұйымдардың және қоғамдық бірлестіктердің өзара іс-қимылын ұйымдастыру ережесі бекітілді.

«Тұрмыстағы зорлық-зомбылық туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы әзірленді. Ол тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан қорғалуға тиіс адамдардың тобын және зардап шеккендерге көмек көрсетуге тиіс ұйымдарды айқындайды. Зорлық-зомбылықтың одан әрі жолын кесу мақсатында сот практикасына күзет ордерлерін енгізу көзделіп отыр. Заң жобасы елдің барлық дерлік өңірлерінде талқылаудан өтті және Үкіметтің 2007 жылға арналған заң жобалау жұмыстарының перспективалық жоспарына енгізілді.

«Кейбір заңнамалық актілерге заңсыз көші-қон мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңдары қабылданды, «Қазақстан Республикасындағы туристік қызмет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына толықтыру енгізілді, олар бойынша адамдарды Қазақстанның шегінен тысқары жерлерге заңсыз әкету немесе олардың заңсыз транзиті мүлкін тәркілей отырып, 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жазаға тартылуға тиіс қылмыс болып танылады. Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйыммен бірлесіп «Әйелдер трафигінің алдын алу жөніндегі ақпараттық науқан» және «Қазақстаннан, Қазақстанда, ол арқылы және оның ішінде адамдардың саудасына (трафигіне) қарсы күрес» жобалары іске асырылды.

Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанында адамдарды заңсыз әкетуге, әкелуге және саудалауға қарсы күрес мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия жұмыс істейді. Адамдарды сату жөніндегі қылмыстарға қарсы күрес, оларды болдырмау және алдын алу жөніндегі 2004- 2005 жылдарға арналған ұлттық жоспар әзірленді. 2004 жылғы қарашада Қазақстан Адамдарды сатуға және үшінші тұлғалардың жезөкшелікті пайдалануына қарсы күрес туралы Конвенцияға және аталған Конвенцияға қорытынды хаттамаға қол қойды. Адамдарды жыныстық немесе басқа жолмен пайдалану үшін заңсыз тарту (трафик) фактілері бойынша 1999 жылы ─ 8, 2000 жылы – 3, 2001 жылы – 5, 2002 жылы – 0, 2003 жылы – 4, 2004 жылы – 14 қылмыс тіркелген.

Гендерлік теңдік мәселелері бойынша қоғамда оңды өзгерістер байқалады, бұл әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты түбірімен жоюдың басты факторлардың бірі болып табылады. Ерлер мен әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық деңгейі туралы ақпарат беретін статистикалық ақпарат алудың тетігі жолға қойылған. Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық туралы ақпараттық деректер қоры құрылып, қалыптастырылуда. Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық проблемаларымен айналысатын мемлекеттік органдардың, қоғамдық бірлестіктердің өзара іс-қимылының тетігі жолға қойылған және оның нормативтік базасы бар. Коммерциялық жыныс қатынасы және жыныстық қол сұғылмаушылыққа қатер келтіру мәселесіне қоғамның назары аударылды.

Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Отбасы және әйелдер істері жөніндегі ұлттық комиссияның көмегімен және БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) техникалық қолдау көрсетуімен әлеуметтік-психологиялық қызметтің ғылыми-тәжірибелік орталығы «Балалар мен жастарды зорлық- зомбылықсыз мінез-құлыққа үйрету» жобасын іске асырды. 5-10 сынып оқушылары үшін оқу бағдарламасы, жоспар және оқу-әдістемелік жиынтық әзірленді. Пысықталғаннан кейін оларды білім беру жүйесіне еңгізу жөнінде шаралар қолданылатын болады.

Көтеріліп отырған тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі ойдан шығарылған, отбасы – бұл қоғамның қол сұғылмауға тиіс ұяшығы, сондықтан оның ішкі істеріне араласуға жол берілмеуге тиіс деген қалыптасқан таптаурын бар. Үй ішіндегі зорлық-зомбылық құрбандарының жартысы моральдық тұрғыдағы мінеуден қорқып, құқық қорғау органдарына шағынбайды.

Ішкі істер органдарының әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық проблемаларымен айналысатын бөлімшелері техникалық жағынан әлсіз жарақталған, зорлық-зомбылықтың құрбаны болған әйелдерге нақты көмек көрсету үшін жеткілікті мүмкіндіктері жоқ. Әйелдер трафигі елеулі әлеуметтік құбылысқа айналуда. Сонымен қатар, оның ауқымы, нысандары мен түрлері туралы ақпарат сөзсіз жеткіліксіз.Трафиктің құрбандары әдетте визасыз және төлқұжатсыз немесе жалған паспорттармен қалады да, заңсыз мигранттарға айналып, соның салдарынан өмір сүру мен жұмыс  істеудің құқыққа қайшы жағдайларына қарамастан, олар құқық қорғау органдарымен байланыс жасауды қаламайды.

Мемлекеттік бағдарлама жасау және биліктің барлық деңгейлері мен барлық бөлімшелерін зорлық-зомбылық көріністеріне қарсы күреске қосу. Қоғамдық бірлестіктерді жандандыру және бастамашылық топтардың ауқымды бөлігін зорлық-зомбылықты болдырмау мен түбірінен жою жүйесіне тарту. Зорлық-зомбылық нышандары бар қылмыстар мен құқық бұзушылықтарды жасағаны үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікті көздейтін заңнаманы жетілдіру, оны халықаралық нормаларға сәйкес келтіру.

Зорлық-зомбылыққа ұшыраған адамдарға арналған дағдарыс орталықтары мен панажай желісін дамыту. Келешекте олар отбасы мен балаларға әлеуметтік қызмет көрсетудің барлық мекемелері үшін әдістемелік және ақпараттық базаға айналуы мүмкін. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне адамдар саудасына қарсы тұру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және  «Тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы» Қазақстан Республикасының заңдарын қабылдау.

БҰҰ-ның трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы конвенциясын бекіту. Оқып-үйрету және зорлық-зомбылықты ерте, бастапқы сатысында анықтау жолымен үйдегі зорлық-зомбылықты болдырмау және алдын алу.

Гендерлік ассиметрия адамдық қарым-қатынастар жүйесіне негіз бола отырып және ерлердің артық «жаратылғаны» туралы түсінікке негізделген кез-келген зорлық-зомбылық көріністеріне дем беруші орта ретінде әрекет ете отырып, жағымсыз түрлерге ие болуы мүмкін. Бұдан басқа, ол зорлық- зомбылық көріністеріне тап болған тұлғаның күйреуіне әкеледі.

Зорлық-зомбылықтың салдарлары өмірдің барлық қырларына әсер етеді. Бұл әлеуметтік оқшаулануға және қоғамға қарсы мінез-құлыққа, экономикалық мүмкіндіктердің шектелуіне, саяси, қоғамдық немесе білім беру қызметіне қатысуға деген құлықтың болмауына әкелуі мүмкін. Зорлық-зомбылық тұлғаның және қоғам өмірінің барлық қырларына теріс әсерін тигізеді. Ол оны көзімен көрген балаларға күшті әсер етеді. Зорлық-зомбылыққа шыдамдылықпен қарау және оны жасау – бұл келісілген және мақсатқа бағытталған іс-қимылдар арқылы ғана үзуге болатын шеңбер.

Кең таралған таптаурындардың салдарынан ерлер өздерінің зорлық- зомбылыққа ұшырағаны туралы сирек айтады. Олар «ер-азаматқа тән төзімділік» танытуға тиіс деп саналады. Отбасындағы зорлық-зомбылық – ерлер мен әйелдердің өзіне-өзі қол көтеруінің, кісі өлтіру мен ауырлығы орташа дене зақымдарының себептерінің бірі, сондай-ақ балалардың, жасөспірімдер мен жастардың арасындағы қылмыстың басты себептерінің бірі. Трафиктің құрбандарына қатысты адам құқықтары, соның ішінде өмір сүруге, жеке бостандығына, заң алдындағы теңдікке, жүріп-тұру мен некеге тұру бостандығына, босқа тұтқындалудан және ұсталудан қорғалуға деген құқығы жиі бұзылады.

Зорлық-зомбылықты және жезөкшелік пен адамдарды саудалауға байланысты қылмыстарды болдырмау жөніндегі ұлттық заңнаманы одан әрі жетілдіру. Ерлер мен әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы күресті күшейту және оны айтарлықтай төмендетуге қол жеткізу. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбандарына нақты көмек көрсететін, уақытша баспана беріп, материалдық қолдау жасайтын әлеуметтік қызметтерді дамыту. Зорлық-зомбылық құрбандарын еңбекпен емдеу және еңбекпен оңалту. Зорлық-зомбылықтың барлық көріністерінің қауіптілігі туралы халықты оқу-ағарту жөнінде ақпараттық науқандар өткізу.

БҰҰ-ның Әйелдерге қатысты кемсітудің барлық түрлерін жою туралы конвенциясының ережелерін сот практикасында қолдану. БҰҰ-ның трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы конвенциясын және оның хаттамаларын бекіту. Отбасындағы   зорлық-зомбылықты    қылмыс    ретінде    қарастыратын «Тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы» Қазақстан Республикасының Заңын қабылдау.

Қазақстан Республикасының заңнамасына шет елдердегі және елдің ішіндегі трафиктің құрбандарын, соның ішінде адамдарды саудалады деген күдікті адамдарға қарсы сот процесстеріне куәгерлік жасайтындарды қорғау мәселелері бойынша тиісті өзгерістер енгізу. Адамдарды (соның ішінде әйелдер мен балаларды) елден заңсыз әкетуге қарсы күрес жөніндегі ұлттық үйлестіру орталығын құру мүмкіндігін қарастыру. Қазақстаннан және ТМД-ға қатысушы елдерден келген трафик құрбандарының шетелде болуының мән-жайы анықталғанға дейін оларды орналастыра тұру үшін мемлекеттік шекара арқылы өткізу бекеттерінде оңалту орталықтарын құру мәселелерін қарастыру. Үй ішіндегі зорлық-зомбылықты жасағаны үшін кінәлі адамдарға шара қолдану жөнінде іс жүргізу әрекеттерін оңайлату жөнінде шаралар қолдану. Зорлық-зомбылықтың алдын алумен және жолын кесумен айналысатын Ішкі істер министрлігінің құрылымдық бөлімшелерін нығайту.

Қолдау көрсетуге, зорлық-зомбылықтан қорғауға, оңалтуға және уақытша баспана берілуіне мұқтаж әйелдерге тұрақты қамқорлық жасауды жүзеге асыру. Ерлер мен әйелдерге олардың өмірдегі күрделі жағдайларды жеңіп шығуы үшін жеке мүмкіндіктері мен ішкі ресурстарын жұмылдыра білу проблемаларын шешуге психологиялық қолдау көрсету. Зорлық-зомбылықты, соның ішінде трафикті болдырмау проблемаларымен байланысты ақпараттық-насихаттау және білім беру жұмысын (оқып-үйрету бағдарламалары, буклеттер мен бюллетеньдер шығару) жүргізу. Зорлық-зомбылыққа қарсы күрестің халықаралық тәжірибесін таратуға жәрдемдесу. Әйелдердің саяси және құқықтық мәдениетіне жеке және корпоративтік тұрғыдан өзіне-өзі баға беруін көтеру жолымен зорлық- зомбылықты түбірімен жоюға өздерінің қатыстылығын түсінуіне жәрдемдесу.

Үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп құқық қорғау және әділет органдарында жұмыс істейтін мамандарды, сондай-ақ денсаулық сақтау қызметкерлерін гендерлік оқытуды тұрақты түрде жүргізу. Әлеуметтік мәні бар жобаларға берілетін мемлекеттік гранттар есебінен дағдарыс орталықтарына қолдау көрсету. Ерлерге, әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық проблемалары, отбасы мен тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың, сондай-ақ нәпсілік қол сұғудың салдарларын бағалау жөнінде арнайы ғылыми зерттеулер жүргізу. Зорлық-зомбылық фактілерінің алдын алу мақсатында қиюы қашқан отбасылармен және халықтың ықтимал контингентімен алдын алу жұмысын жүргізу. Білім беру жүйесіне «Балалар мен жастарды зорлық-зомбылықсыз мінез- құлыққа үйрету» бағдарламасын енгізу. Еңбек ұжымдарында жынысына байланысты кемсітудің кез келген түрлеріне, сөз жүзіндегі зорлық-зомбылыққа, нәпсілік қол сұғуға және әйелдер мен еркектердің абыройын түсіретін басқа да мінез-құлық түрлеріне тыйым салу жөнінде жұмыс жүргізу.

Tags

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close