СҮҢГУІРЛЕР КҮМБЕЗІ
Күтпеген жерден мойындауға тура келіп, Дик Сэнд жас келіншекке жауап қайыратын сөз таппады. Бірақ миссис Уэлдон да одан жауап күтіп тұрмаған-ды. Жас әйел кері бұрылып, тоқтатқанша болмай, өз орнына, бөбегінің қасына барды.
Сөйтіп, миссис Уэлдон бәрін де біледі екен.
Шамасы, соңғы күндердегі уақиғалар келіншектің көңіліне күдік салып, мұның шындыққа айналуына Бенедикт ағайдың «Африка» деген жалғыз ауыз сөзінің өзі-ақ жеткілікті болған.
«Миссис Уэлдон бәрін де біледі екен! — деді Дик өзіне өзі.— Біле берсін, қайта білгені жақсы. Білсе де көңілі жабығып еңсесі түскен түрі жоқ, демек, менің уайымдауым бекер болған».
Дик енді таң атып күн шыққанын асыға күтті. Ол таң шапағы білінісімен маңайды шолып, кішкене отрядты Атлант мұхитына жеткізетін өзенді іздемекші: Дик өзінің іздеген өзенін оншалықты алыста емес, жуық маңда болуы керек деп шамалаған. Ендігі ең маңызды мәселе, жергілікті халыққа ұшырамаудың шарасын қарастыру, бірақ Гэррис пен Негоро сол жақтың адамдарын жолаушылардың ізіне салып та қоюы ықтимал.
Таң атуға әлі біраз уақыт бар. Күмбез ішіне түскен ине жасуындай да сәуле жоқ, тастай қараңғы. Күмбездің қалың қабырғасы арқылы әрең естіліп жатқан күннің күркірегені нөсердің басылмай әлі құйып тұрғанын дәлелдейді. Дик Сэнд даладағы дыбысты тыңдап күннің ашылмағанын білді. Бірақ жаңбырдың ауыр тамшылары қатты жерге тырсылдап тамбай шылпылдап, суға түсіп жатты. Бұл дыбыстан Диктің шығарған қорытындысы, маңайды тегісінен су басқан екен деді.
Уақыт кешкі сағат он бірдің шамасы. Дик Сэнд бойын ұйқы билеп бара жатқанын сезді. Шамалы көз іліндіріп тынығып алса да теріс болмас еді, бірақ еденге төселген топыраққа су өтіп күмбездің ішіне кіретін таза ауаның жолын бекітіп тастауы мүмкін, ақырында тар күмбезде жатқан он адамның тұншығып өлуі де қиын емес деген күдікті ой оның көз алдынан елестей қалды.
Дик Сэнд еденге сырғып түсті, қабырғадан құлатылған астыңғы қабаттың топырағы еденді бір фут биіктеткен болатын. Топырақ төселген еден әзірше құрғақ еді. Күмбез ішіне кіретін ауаның жолы ашық, ішке кірген ауамен бірге үздіксіз жарқылдаған найзағайдың жарығы да, күннің күркірегені де қоса еніп жатты. Жаңбыр нөсерлете құйса да, күннің күркіреуі әлі басылмаған.
Бәрі де жақсы жайғасып жатқан. Термиттер илеуіне орналасқан адамдарға төніп тұрған қауіп-қатер жоқ сияқты. Сондықтан да Дик Сэнд бірнеше сағат дем алуға ұйғарды, бірақ сақтық ойлап тесіктің кіре беріс аузына — еденге жатты. Бұл жер кездейсоқ қатер бола қалса, елден бұрын дабыл қағып өзгелерге хабар беруге ыңғайлы еді, және алғаш түскен күн сәулесімен оянып барлауға жөнеледі.
Дик мылтығын қатарына қойды да, қабырғаға басын сүйеп лездің арасында тәтті ұйқыға енді.
Денесіне әлденендей бір суық зат тигендей боп оянып кетті ол. Жатқан жерінен ұшып тұра келіп, күмбез еденін басып бара жатқан суды көргенде, төбе шашы тік тұрды. Ішке кіріп жатқан су тез көтеріліп, бірнеше секундтың ішінде Геркулес пен Том жатқан төменгі текшеге жетті.
Дик жолдастарын оятып тұрғызды да, төніп келе жатқан жаңа қатерді айтты.
Том қарт фонарь жағып күмбез ішіне жарық түсірді:
Судың тереңдігі бес футқа жетті де, одан жоғары көтерілмей сол күйінде тұрып қалды.
— Не боп қалды, Дик? — деп сұрады миссис Уэлдон бұлардың дабырымен оянып.
— Түк те жоқ,— деді бала жігіт.— Күмбездің астыңғы текшесін су басыпты. Жаңбыр суымен тасыған өзен арнасынан шығып маңайындағы тегістікке жайылса керек.
— Өте жақсы! — деп Геркулес айқайлап жіберді.— Бұл жағдай шынында да өзеннің жақын екендігінің нышаны болса керек.
— Ие,— деді Сэнд,— осы өзенді төмен ағып мұхит жағалауына жетеміз. Миссис Уэлдон, сіз абыржымаңыз, су бұдан жоғары көтерілмейді, сіз жатқан текшеге су жетпейді, құрғақ болады.
Миссис Уэлдон үндеген жоқ. Ал Бенедикт ағай өз илеуінде жатқан термиттер сияқтанып қаннен-қаперсіз ұйықтап жатыр.
Бес негрдің бесеуі де фонарь жарығы түскен суға үңіліп Диктің сөзін күтіп тұр.
— Қалған азық-түлік пен мылтықтарды үстіңгі текшеге жинаңдар, су тиіп бүлінетін болмасын,— деп бұйырды Дик Сэнд.
Енді ол күмбез ішіне кірген судың жоғары көтерілгенін бақылап тырс үндемей қарады да тұрды.
— Су есіктен кірді ме екен? — деп сұрады Том қарт.
— Ие,— деп жауап қатты Дик Сэнд,— су енді тыстан кіретін ауаның жолын бөгейтін болды.
— Олай болса, күмбездің су жеткен деңгейінен жоғарырақ жаңа тесік тесейік,— дегенді айтты қарт негр.
— Жоқ… Том, олай еткеніміз дұрыс болмас деймін, мұнда жиналған судың тереңдігі тек бес фут болғанда, тыстағы су бұдан жоғары емес деп жорудың қисыны жоқ… Даладағы судың тереңдігі жеті — сегіз фут, тіптен одан да терең болуы мүмкін.
— Дик, сіз солай деп шамалайсыз ба?
— Күмбездің ішіне кірген су іштегі ауаны қысып, қысылған ауа суды төмен басып, оның жоғары көтерілуіне мүмкіндік бермей тұрса керек деп шамалаймын. Егер жаңадан тесік тессек, суды қысып жібермей тұрған іштегі ауа тысқа тебеді де, судың ішке кіруіне жол ашылады, сөйтіп іштегі су мен тыстағы судың деңгейі іштегі судан жоғары болса, қашан ауа қысып тоқтатқанша іштегі су үздіксіз көтеріле береді. Біздер қазіргі уақытта бұл күмбездің ішінде суға сүңгушілер күмбезінің ішіндегі жұмыскерлер сияқтымыз.
— Енді не істеуіміз керек? — деп сұрады Том.
— Ең алдымен жақсылап ойлану керек, содан кейін іске кірісеміз,— деді Дик Сэнд.— Сақтанбай істеген іс түбімізге жетуі мүмкін.
Бұл өте дұрыс пікір еді. Диктің, су басқан термиттер күмбезін сүңгуірлер күмбезімен теңеуі де орынды. Бірақ сүңгуірлер күмбезінің ішіндегі ауа арнаулы насоспен әлсін әлі жаңартылып тұрады. Ондағы адам су астында жүріп емін-еркін дем алады, ауа жағынан ешқандай кемтарлық көрмейді, өзін ауасы тығыз құрылыс ішіндегі жұмыскердей сезеді. Термиттер күмбезі ішіндегі ауа бірден бірге бұзылып бара жатыр, құрылыстың үштен бір бөлегін су қамтыған, енді қабырғаның бір жерінен жаңа тесік тесілсе болғаны бұзылған ауаның тысқа шығып, таза ауаның ішке кіруіне жол ашылады. Бірақ құр тәуекелге сеніп жаңадан тесік тесудің ақыры, Дик Сэнд айтқандай, жағдайды нашарлатып жіберуі ықтимал.
Күмбез ішіндегі су әзірше бұрынғы деңгейінен асқан жоқ. Іштегі су екі түрлі жағдаймен ғана көтерілуге тиіс: біріншісі, күмбездің бүйірінен тесік шығарылса және тыстағы судың деңгейі іштегі судан жоғары тұрса; екіншісі, өзен тасқынының деңгейі әлде де көтеріле түссе. Бұл екі жағдай күмбез ішіндегі суды өсіріп, ауа сиярлық шамалы ғана орын қалдырады, кислороды таусылып бұзылған ауа қысылған үстіне қысыла түседі.
Тасқын күмбезді көшіріп әкетуі мүмкін деп ойлады Дик Сэнд. Бірақ ойлана келіп бұл пікірін өзі теріске шығарды, өйткені термиттер күмбезі өте нық салынған-ды.
Сөйтіп, нөсердің ұзаққа созылатын түрі байқалды. Жаңбыр үздіксіз жауа берсе, тасқынның да күшейіп кетуі мүмкін, бәрінен гөрі осыдан қауіптену керек. Егер бүкіл ойпатқа иірілген судың тереңдігі отыз футқа жетсе, былай айтқанда күмбездің төбесінен он сегіз фут жоғары көтерілсе, іштегі ауа бір атмосфера87 қысылады.
Дегенмен тасқынның күшейіп кетуі ықтимал деп Диктің қауіптенуі орынды еді. Шынында да судың көтерілуі нөсерлетіп жауған жаңбырдан ғана емес, жақын маңдағы бірер өзен арнасынан шығып ойпатты түгелдей басып кетуінен болуы да мүмкін. Олай болған жағдайда күмбез бүтіндей су астында қалды деуге болады. Егер термиттер қаласы мүлдем су астында қалса, оның төбесін тесіп шыққанмен, селден аман құтылудың мүмкіндігі жоқ.
Бұл кезде Дик Сэнд тағдырдың ақырын тосуға ма, әлде бірер әрекет ету керек пе деген мазасыз ойда еді.
Түн ортасы ауып сағат үштің шамасы болды. Жолаушылар қозғалмай отырып тыстан талып естілген күннің күркірегеніне құлақтарын түрді. Тоқталмастан гүрілдеп сарылдаған дыбыс тыстағы лайсаңның әлі басылмағанын дәлелдеп тұр.
Том қарт іштегі судың көтеріле түскенін байқаған еді.
— Мұны мен де байқап тұрмын,— деді Дик Сэнд.— Демек, тыстағы су да көтеріле түскен, әйтпесе іштегі су көтерілмес еді.
— Бір жақсы жері, судың көтерілуі өте шабан,— деді Том.
— Бірақ мұның қашан тоқтайтыны мәлімсіз ғой,— деп жауап қатты Дик.
— Капитан Дик,— деді Бат, егер қаласаңыз, күмбезден тысқа шығуға әрекет етіп көрейін. Суға сүңгимін де, тесік арқылы тысқа шығамын…
— Осыны өзім істесем деп тұрмын,— деді Дик оған.
— Жоқ, жоқ! — деп Том қызулана сөзге араласты,— рұқсат етіңіз, менің балам сүңгісін. Оған сенуіңізге болады. Егер ол қайтып орала алмаса… сіз тағы бірер амал ойлап табарсыз…— Қарт оның құлағына сыбырлап: — Сіз миссис Уэлдон мен кішкентай Джекке керек екеніңізді ұмытпаңыз!..— деп үстеді.
— Жақсы,— деді Дик.— Бара ғой, Бат. Егер күмбез бүтіндей су астында қалған болса, мұнда қайтамын деп әуреленбей-ақ қой. Сен шыққан тесіктен далаға шығудың амалын қарастырармыз. Бірақ балта ала кет, егер күмбездің төбесі судан шығып тұрса, төбені тықылдатып бізге хабар беp. Сосын төбені ішкі жағынан өзіміз тесерміз, түсіндің бе?
— Түсіндім,— деп жауап қатты Бат.
— Жөнел, балам,— деді Том, Баттың қолын қысып.
Бат өкпесін ауаға толтырып алды да, сүңгіп кетті. Күмбез ішіндегі судың тереңдігі бес футтан астам еді. Баттың алдында тұрған міндет оңай жұмыс емес, су басып қалған тесікті табу, сосын тесіктен өтіп үске көтерілу. Осының бәрін бірнеше секундтың ішінде істеп үлгеруі керек.
Жарты минут уақыт өтті. Дик сүңгіп кеткен негрді ашық ауаға шыққан болар деп үміттенген еді, осы арада cyдан Баттың басы көрінді.
— Қане, айтшы, не болған екен? — деп сұрады Дик Сэнд.
— Тесіктің аузын лай басып қалыпты,— деді Бат демін алқына алып.
— Тесікті лай басыпты деймісің!—деп қайталады қарт негр.
— Ие,— деді Бат,— ауыздағы топырақты су жуып әкетсе керек, қабырғаны айнала сипалап тесікті таба алмадым.
Дик Сэнд басын шайқады. Кішкене отряд су басқан күмбездің ішінде ешбір тыныссыз тастай қараңғыда қалып тұншығатын болды.
— Мұның бұрынғы тесігі табылмаса, жаңадан тесік тесу керек,— деді Геркулес.
— Сабыр ет! — деп айқайлады Дик, қолына балта алып суңгуге ыңғайланып тұрған Геркулесті қолынан ұстап.
Бала жігіт терең ойға шомды, ұзақ уақыт үндемей тұрып, ақырында:
— Жоқ, біз басқа әдіс қолданамыз. Күмбезді төбесіне шейін су басқан ба, жоқ па? Мінеки күллі мәселе осыған байланысты. Төбені бұрғылап тессек, мұны оңай білеміз Бірақ күмбез бүтіндей су астында қалған болса, ауа бірден далаға атылады да күмбездің бос тұрған жері суға толады, сосын біздің жұмысымыз бітеді деген сөз. Бұл арада өте сақ болу керек.
— Бірақ кешіге берудің жөні жоқ,— деп ескертті Том қарт.
Шынында да күмбез ішіндегі су бірден-бірге көтеріліп бара жатқан. Судың тереңдігі алты футқа жетті. Миссис Уэлдон, Джек, Бенедикт ағай мен Нан — төртеуі әлі су жете қоймаған жоғарғы құрғақ текшеге шықты, бірақ еденде қалғандар белуарынан келіп суда тұр.
Диктің айтқанын тезірек істеп байқау керек болды. Іштегі судан бір фут жоғары, былай айтқанда күмбездің табанынан жеті фут жоғарыдан бұрғылап тесік тесу керек, бала жігіт осылай байқауға ұйғарды. Егер тесіктен ішке ауа кірсе, күмбездің төбесі судан шығып тұрғаны. Ал керісінше, яғни тесік тыстағы судың астынан тесілсе, іштегі су көтеріле бастауға тиіс. Олай болса тесікті тезінен тығындап тастап, бір фут жоғарыдан қайта тесу керек. Егер төбеден тескен тесіктен де ауаның хабары болмаса, табандағы судың тереңдігі он бес футтан жоғары болып, термиттер қаласы тегісінен су астында қалғаны. Онда Диктің өзі де жолдастары да өлімнің ең ауырына ұшырап, тұншығып, аз-ақ уақыт қиналып өлер еді…
Дик Сэнд бұл жағдайды жақсы білді, алайда байсалды да өзін-өзі сабырлы ұстады. Ол істейміз деген ісінің болашақ мүмкіндігін ерте бастан-ақ ескерген болатын. Бірақ мойнына су кеткен кісіше ешқандай әрекет етпей қараптан-қарап тұра беру — жігіттік емес, өте қауіпті, онсыз да іштегі ауа бұзылып болған, адамдар тұншыға бастаған-ды.
Дик Сэнд күмбез қабырғасын тесу үшін ұшында бұрандасы бар мылтық сүмбісінің біреуін суырып алды. Шапшаң бұралған сүмбі балшық қабырғаны оп-оңай тесіп өтуге тиіс. Тесіктің кеңдігі сүмбі жуандығынан бірнеше миллиметр ғана кеңдеу еді, бірақ осы болмашы тесіктің өзі де ішке ауа кіруге жол бола алады.
Геркулес фонарь көтеріп Дикке жарық түсірді. Актеонның қалтасында тағы бірнеше балауыз бар-ды, бірақ мұны ақтай берудің де қажеттігі қалмаған.
Тез бұралған сүмбі бір минутта қабырғаны тесіп өтті, қалың лайдың астынан тесіп шыққан ауа суды бұрқылдатып көтереді ғой, нақ сол сияқты бұрқылдаған дыбыс естілді. Іштегі ауа пәрменімен тысқа теуіп, едендегі су қапыл көтеріліп кетті.
Тесік тыстағы судың астынан шыққан болды…
— Енді жоғарырақтан тағы тесіп көрейік! — деді Дик Сэнд асып-саспай, жайымен. Жалма-жан тесіктің аузын бір уыс балшықпен тығындай салды ол.
Судың көтерілуі тоқтады, бірақ әп-сәтте су сегіз дюймдей көтеріліп қалған еді. Енді іштегі ауа да осы мөлшерде кеміп қалды. Адамдардың дем алуы қиындала түсті, өйткені ауадағы кислород мүлдем азайып қалған. Фонарьдің жалыны қызарып жанып, жарығы да кеми берді.
Дик Сэнд алғашқы тескен тесігінен бір фут жоғары тағы тесе бастады. Егер бұл әрекетінен тағы нәтиже шықпаса, іштегі су қайта көтеріле түседі… Бірақ тәуекел ету керек болды.
Дик Сэнд екінші тесікті тесіп жатқанда, Бенедикт ағайдың даусы естілді:
— Ә… солай екен бұл! Енді бәрі мәлім болды!
Сол сәтте Геркулес фонарь жарығын Бенедикт ағайға қарай бұрып еді, ғалымның қуанышы қойнына сыймай, мәз-мейрам болып екі езуі құлағына жетіпті.
— Бұл есті жәндіктердің өз үйлерінен безу себебін енді білдім! — деді Бенедикт мырза.— Олар осы ойпатты сел басатынын алдын ала білген. О, мұны білдірген оларға ішкі сезім ғой, достарым, ішкі сезім деймін! Термиттер бізден гөрі ақылдырақ! Анағұрлым ақылды.
Бенедикт ағай уақиғаға байланысты өз пікірін айтып болды да үнін өшірді.
Осы сәтте Дик Сэнд екінші рет тескен сүмбіні суырып еді, алдыңғы бұрқылдаған дыбыс қайта естілді.— Іштегі су тағы көтеріле түсті… Бұл тесік те тыстағы судың астынан шыққан болды.
Жағдай шынында да жан түршігерлік түрге айналды. Су текшеде жатқан Джектің аяғына жақындап қалды, миссис Уэлдон бөбегін көтеріп қолына алды. Көлемі тар күмбез ішіндегі адамдардың тынысы тарылып тұншыға бастады, құлақтары шуылдап, жүрек соғуы жиілене түсті. Шамның жарығы мүлдем көрінбей кетті.
— Шынымен-ақ күмбездің су астында қалғаны ма? деп күбірледі Дик Сэнд.
Бұл жағдайды анықтау үшін үшінші тесікті тағы тесіп көру керек. Бұлардың ең ақырғы әрекетінен де алдыңғысындай нәтиже шықса, ендігі қалғаны тұншығып өлу, іштегі ауаның қалдығы далаға шығады да, күмбездің ішін түгелдей су басады.
— Миссис Уэлдон,— деді Дик Сэнд,— біздің қандай халде екенімізді білесіз бе? Енді сәлден соң бізге ауа жетпейді. Ақырғы әрекетіміз де сәтсіз болып аяқталса, күмбез ішіне су толады. Егер күмбездің төбесі судан шығып тұрса ғана жан сақтай аламыз. Мен тәуекел етсек деймін… Сіз оған қосыласыз ба?
— Қосыламын, Дик,— дей салды жас келіншек.
Осы сәтте кислород таусылғандықтан фонарь да сөніп қалды. Жолаушылар енді тас-түнек қараңғыда қалды.
Геркулес қабырғадағы текшелердің біріне шықты. Оның судан басы ғана қылтиып тұр. Дик Сэнд алып негрдің иығына шығып күмбездің қақ төбесін сүмбімен тесе бастады Бұл араның балшығы қатты да қалың екен. Қатып қалған балшыққа сүмбі әрең батты. Дик Сэнд сүмбіні жан ұшырғандай өте шапшаң бұрады. Оның тұла бойын жан түршігерлік қорқыныш кернеген, бірнеше секундтан соң ине жасуындай саңлаудан күмбез ішіне таза ауа кіреді, ауа кірсе, онымен бірге өмір келеді деген сөз, егер су кірсе, өлім.
Кенеттен жыланша ысқырған ащы дыбыс естілді. Күмбез ішіндегі қысылып тұрған ауа далаға атылды… ізінше тесіктен жылтыраған сәуле көрінді. Іштегі су тағы да сегіз фут жоғары көтерілді де, одан жоғары аспай тоқтап қалды. Шамасы, тыстағы су мен іштегі су деңгейлескен болды.
Сөйтіп, күмбез төбесі судан жоғары екен. Енді жолаушылар өлім тырнағынан жырылып шықты.
Күмбез ішінде «уралаған» ұран көтерілді, әсіресе көп дауыстың ішінен Геркулестің даусы күндей күркіреп epекше бөлініп естілді.
Сол сәтте балта мен пышақтар іске қосылды. Күмбез төбесіндегі тесік лездің арасында кеңейтілді, ішке кірген таза ауамен бірге жаңа көтерілген күннің сәулесі де енді.
Дик Сэнд бірінші болып тесіктен басын тысқа шығарды. Сол сәтте оның кеудесін кернеген айқайы да бірге атылды. Айқайға ілесе зуылдаған дыбыстар да естіле бастады, бұл садақ оғының зуылы еді, мұны бұрын Африкада болғандар жақсы біледі.
Дик Сэнд басын төмен тартып алды. Бірақ ол термиттер қаласынан бірнеше жүз метр жерден жергілікті халықтардың лагерін көріп қалды.
Күмбез төңірегіндегі су басқан көлтабанда ұзын-ұзын пирогтар (қайықтар) жүзіп жүр. Олардың үстінде жергілікті халықтың солдаттары отыр. Жасөспірімнің басы күмбез төбесіндегі тесіктен қылт еткен кезде, оған оқ жаудырған осы қайықтағылардың біріндегі әскерлер болатын.
Дик Сэнд көрген-білгендерінің бәрін жолдастарына екі ауыз сөзбен айтып түсіндірді. Дик Сэнд, Геркулес, Актеон, Бат төртеуі мылтықтарын алып, тесіктен бастарын қылтитып қайықтағыларға оқ жаудырды.
Жергілікті солдаттардың бірнешеуі оққа ұшты. Бұлардың бір дүркін оғына олар да мылтық атып, улап-шулап жауап қайырды. Бірақ айнала төңіректен қамап алған жүздеген жауынгерлерге үркердей ғана аз адам қарсы тұрғанымен не бітірмекші?
Күмбез тікелей шабуылмен алынды. Жергілікті солдаттар миссис Уэлдонды баласымен қоса, Бенедикт ағайды ұстап алып қайықтарының біріне атып ұрды. Айрылысып бара жатқан жолдастарымен қол алысып қоштасуға да шамасын келтірмеді. Оларды мінгізген қайық лагерге қарай кетіп бара жатқанын Дик Сэнд көріп қалды.
Диктің өзін, Том қартты, Нанды тағы басқаларын және бір қайыққа мінгізіп басқа жаққа алып кетті.
Бұл қайықта жиырма жергілікті жауынгер бар-ды, тағы үлкен-үлкен бес қайық бұлардың соңынан келе жатты. Мұндай жағдайда қарсыласудың ақыры жамандыққа апарып ұрындыратыны анық, сонда да болса тұтқындар арпалыса берді. Олар жергілікті жауынгерлердің бірнешеуін жаралады, егер бұл адамдарды тірі жеткізілсін деген әмір болмаса, жауынгерлер қайсар жолаушыларды өлтіріп тастайтын еді.
Қайық бірнеше минутта құрғақ жерге жетті. Су жиегіне жетіп жерге тірелісімен, Геркулес өзін ұстап отырған екі солдатты итеріп жіберіп, қайықтан секіріп жерге түсті. Оған екі жауынгер тап беріп еді, алып негр бір солдаттың қолындағы мылтығын жұлып алып дүмімен қойып-қойып жібергенде екеуінің де бас сүйегі қақ айрылып сылқ ете түсті.
Бір минуттан соң Геркулес бұршақтай бораған оқтан аман құтылып, тоғайға кіріп ғайып болды.
Дикті жолдастарымен бірге жағаға шығарып, кәдімгі құл сияқтандырып кісендеп тастады…