ҚАЗЫНАНЫҢ ҚАРЖЫСЫНА КІМНІҢ ЖАНЫ АШИДЫ?
Конгресс Холл көпсалалы кешеніндегі кемшіліктер туралы айтылып та, жазылып та жатыр. Алайда құзырлы орындар қазынаның қаражатын қалауынша жұмсағандарды жазаламақ түгілі, жақ ашуға асығар емес. Ұзынқұлақтан естігеніміз кешеннің директоры қызметінен кетіпті. Өз еркімен арыз жазған деседі. Мемлекеттің меншігін тойхана, кальян тартатын қымбат ресторанға айналдырып жібергені үшін ұялған шығар бәлкім?! Әлде мәдениет ошағында бильярд ойнатқаны сеп болды ма? Не десекте директор кетті. Бірақ оны тексеретін, кешендегі былықтарға бас ауыртатын погондылар қайда? Не қарап отыр?
Той төңірегіндегі әңгімені әрі ысырып, LED экранның жайына тоқталайық. Ұлттық құрылтайды ұтымды пайдаланған кешен директоры бюджеттен 200 млн теңге бөлдіріп, LED-ке тапсырыс береді. Келесім-шарт «MUZ ENTERTAINMENT» мекемесімен біркөзден жасалған. Экранның жалпы көлемі 230 шаршы метр. Енді мына қызықты қараңыз. Ғаламтордағы ақпараттарда «MUZ ENTERTAINMENT» ЖШС-нің басшысы Бағдат Әніға деп көрсетілген. Дәл осындай азамат 2022 жылы Конгресс Холлда директордың шығармашылық жөніндегі орынбасары қызметін атқарыпты. Мұны сәйкестік деп ойламаймыз.
Shyndyq.kz ақпараттық порталы журналисттік зерттеу жүргізіп көрген еді. Сонымен интернеттегі LED экранның ең арзаны шаршы метріне 250 мың теңге. Ең қымбаты 450 мыңға бағаланыпты. Экран сатумен айналысатын дүкендердегі баға да осы шамалас. Саудалассаңыз шаршы метрін 420 мыңға да алуға болады. Конгресс Холддағы LED-ті ең қымбат бағамен есептеп көрсеңіз 103 млн 500 мың теңге шығады.
Қалған ақша қайда? Ел аузындағы сөзге сүйенсек дәл осы сұрақтың жауабын білмекке Түркістан облыстық экономикалық тергеу департаментінің қызметкері Конгресс Холлға барған. Бір емес бірнеше рет кешен директорымен кездесіпті-мыс. Соңында жұмыстан шығып тыныпты. Ұзынқұлақ «погонды кісі» кешен директорынан ақша сұраған дейді. Бірақ, департамент бастығы «қызметкерім басқа себеппен жұмыстан босады» деді. Кімге сенеміз? Қазынаның қаражатын кімнен сұраймыз? Әлде «Конгресс Холлдың директоры жұмыстан кетті» деп істі жылы жауып қоя саламыз ба?