ШАҺАР БАСШЫСЫ АУЛАЛАРДАҒЫ АБАТТАНДЫРУ ЖҰМЫСТАРЫН АРАЛАДЫ
Қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков Әкімшілік-іскерлік орталығы мен Жаңа қала аумағын аралап, берілген тапсырмалардың орындалуын тексерді.
Қала әкімінің орынбасары Байдулла Оразбеков “Тұран” тұрғын үй кешенінің аулаларын абаттандыру жұмыстары бойынша баяндады.
Құрылыс бөлімінің басшысы Нұркен Нақбаев 11-көшеде орналасқан 16/1, 21/1, 25/2 үйлерге қатысты белгіленген тапсырмалардың жүзеге асырылуы бойынша есеп берді. Мәлімдеуінше, тұрғындардың өтініші зерделеніп, өзекті мәселелер кезеңімен атқарылуда. Кей үйлердің жертөлесінде анықталған кемшіліктер мердігер мекемелермен қайта қалпына келтірілуде.
9-көшедегі 40/4 үйге қатысты шағымдар бойынша атқарылған жұмыстар да айтылды.
Нұрбол Әбдісаттарұлы тапсырмалардың талапқа сай орындалуы маңызды екенін атап өтті. Қазіргі таңда Жаңа қала аумағында тұрғындардың арыз-шағымдарымен арнайы штаб жұмыс істеуде. “Түскен өтініштер назардан тыс қалмай, заң аясында шешілуі қажет”, — дей келе шаһар басшысы сала жетекшілеріне мобильді топтың үздіксіз жұмыс істеуін бақылауды тапсырды.
Сондай-ақ, жауаптыларға көгалдандыру мен тазалыққа қатысты бірқатар ескерту жасап, жұмысты ширатуды тапсырды.
Одан бөлек, қала әкімі Нұрбол Тұрашбековтің жұмыс күні “Тұран” тұрғын үй кешенін аралап, кемшіліктердің қалпына келтірілуін тексерумен басталды.
Көпқабатты тұрғын үйлердің ауласында анықталған олқылықтар, аумағын күл қоқыстарды тазарту бойынша берілген тапсырмалардың орындалуын қала әкімінің орынбасары Байдулла Оразбеков баяндады.
Құрылыс бөлімінің басшысы Нұркен Нақбаев мердігерлермен жүргізілген жұмыс жөнінде есеп берді. Қазіргі таңда мұнда аяқжолдардың бүлінген бөліктері қайта төселіп, кей үйлердің қасбеттерінің кемшіліктері кезеңімен атқарылуда.
Сонымен қатар, аралау барысында қоқыс алаңдарын болдырмау үшін қабылданған шаралар мен орындалуын бақылау нәтижелері тексерілді.
Есім хан көшесінің бойындағы жанама жолдың жағдайы да назардан тыс қалмады. Техникалар асфальт төсеуге жол негізін әзірлеп таптау жұмысын бастаған.
Нұрбол Әбдісаттарұлы аралау нәтижесімен барлық жауапты бөлім басшыларына тапсырмалар жүктеп, мерзім белгіледі.
Қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков І және ІІ мөлтек ауданды аралап, тазалығын тексерді. Сонымен қатар, көпқабатты үйлер бойынша өзекті мәселелерді саралап, бөлім басшыларының ұсыныстарын тыңдады.
Қазіргі таңда тозығы жеткен ауыз су құбырлары ауыстырылуда. Аулаларды абаттандыру ісі жүзеге асты. Жауапты бөлім басшысына ойын алаңшалары мен футбол алаңшаларында анықталған кемшіліктерді тез арада жоюды, мердігер мекемеге заң аясында шара көруді тапсырды.
Сондай-ақ, мөлтек аудан аумағындағы бос жерлерді көгалдандыру, ағаш отырғызу, қажет деп табылған орындарға қоршаулар қою жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді.
— Тазалық маңызды. Қоқыс контейнерлеріне айына бір рет тұрақты түрде тексеріс өткізу қажет. Тозығы жеткендерінің мерзімінде жаңартылып отыруы қадағалансын. Сектор басшысы мен мамандары тұрғындардың қатысуымен аулаларда сенбілік өткізуді ұйымдастырсын. Өзі тазалыққа атсалысқан адам өзгелердің қоқыс тастауына жол бермейді, — деді шаһар басшысы өз сөзінде.