САУРАН АУДАНЫНДАҒЫ АУЫЛДЫҚ МӘДЕНИЕТ ҮЙІ КҮРДЕЛІ ЖӨНДЕУДЕН ӨТКІЗІЛДІ
Биыл Түркістан облысында «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасымен 6 мәдениет үйіне күрделі жөндеу жүргізілуде.
Оның ішінде Мақтаарал, Шардара, Сайрам мен Сауран аудандарында бір, Жетісай ауданында 2 мәдени нысан бар. Бүгін облыс әкімі Дархан Сатыбалды Сауран ауданындағы жұмыс сапары аясында Ескі Иқан ауылындағы күрделі жөндеуден өткізілген «Әмір Темір» атындағы ауылдық мәдениет үйіне барды. Таяуда атқарылған жұмыстармен танысып, құрылыс сапасын тексерді.
– Өңірде мәдени ошақтарын қайта ретке келтіріп, ондағы жұмыстарды жандандыруымыз қажет. Тұрғындардың бос уақытын тиімді пайдалана отырып, үйірмелер мен жоспарлы іс-шараларды тұрақты өткізіңіздер. Соның ішіндегі кітапханаға оқырман тартып, келушілердің қатарын арттыру қажет, –деді Дархан Сатыбалды.
1976 жылы салынған мәдениет нысанына күні бүгінге дейін жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Аудандық мәдениет үйіне қарасты ғимараттың күрделі жөндеу жұмыстары былтыр басталып, биыл қыркүйек айында пайдалануға берілді. Халық саны 22 мыңнан асатын ауылдағы 380 орындық мәдениет үйінің жанынан құрылған «Достық» этнофольклорлық ансамблі жұмыс істейді. 1700 шаршы метрді құрайтын ғимарат екі қабатты. Жалпы аумағы 7400 шаршы метр. Жоба құны – 408,7 млн теңге.
Жалпы Сауран ауданында 11 клуб, 4 мәдениет үйі бар. Аудан тұрғындарын мәдениет нысандарымен қамтамасыз ету мақсатында кезең-кезеңімен тиісті жұмыстар атқарылып келеді. Келесі жылы ауданның бас жоспарына сәйкес, «Amanat» артиясының сайлауалды бағдарламасының аясында Қарашық мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар Бабайқорған ауылдық округінің орталығынан клуб әрі кітапхананың құрылысы басталды. Майдантал ауылдық округінің орталығынан да осындай нысанның құрылысын салу үшін сметалық құжат әзірленді.
Айта кетейік, қазіргі таңда Түркістан облысында 705 мәдениет және өнер мекемесі халыққа қызмет көрсетіп келеді. 2023 жылы 3 мәдениет үйі күрделі жөндеуден өткізілді. 6 клубқа күрделі жөндеу жұмыстары басталып, 3-еуі пайдалануға беріледі. Қалғаны келесі жылға өтпелі. Бұдан бөлек облыс бойынша жалпы 11 мәдениет нысаны салынып, 4 нысан жыл соңына дейін тапсырылады. Қалған жеті нысан 2025 жылға өтпелі. Сондай-ақ жергілікті бюджет есебінен Түркістан қаласында 1 мәдениет үйінің құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында 2024 жылы 7 мәдени нысанының құрылыс жұмыстары басталып, оны 2025 жылы аяқтау жоспарланып отыр.