ӘЛИХАН БӨКЕЙХАНОВ
Қоғам қайраткері, мұғалім, журналист, этнограф, «Алаш» партиясы көшбасшысы Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан 5 наурыз 1866 жылы Қарқаралы уезі, Семей облысында дүниеге келген.
Қазақтың мемлекеттік, саяси және қоғам қайраткері, ұлт-азаттық және Алаш партиясының жетекшісі, Алашорда автономиялы үкіметінің төрағасы, публицист, ғалым, аудармашы.
Қоғамдық саяси әрекеттері.
1905 жылдан бастап Ресей конституциялық-демократиялық партиясының (кадеттер) мүшесі, оның қазақ бөлімшесін құру мақсатында Оралда, Семейде жиындар өткізген. Қарқаралыда патша өкіметінің отаршылдық саясатына қарсы өткен қозғалысқа қатысып, 14 500 адам қол қойған Қарқаралы петициясын ұйымдастырушылардың бірі болған.
1905 жылы Әлихан Бөкейхан Семей облысы қазақтарының атынан 1-ші Мемлекеттік думаға депутат болып сайланды. Бірақ ол 1-ші Мемлекеттік дума жұмысына қатыса алмады. Өйткені Ә.Н. Бөкейхан өз жұмысын бастаған кезде Дала өлкесі генерал-губернаторының негізсіз жарлығымен, соттың тергеуінсіз, 3 ай Павлодар абақтысында отырды.
1906 жылы Омбыдан шығатын кадеттік «Голос степи», «Омичъ» және «Иртышъ» газеттерінде; 1908 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген меньшевиктік «Товарищъ», кадеттік «Речь», «Слово» газеттерінде редакторлық қызмет атқарды.
1909-17 жж. «Дон егіншілік банкі» бөлімшесінде жұмыс істеді.
1911-14 «Қазақ» газетін ұйымдастыруда және оның жалпы ұлттық деңгейге көтерілуіне зор еңбек сіңірді.
20 ғасырдың басында қазақ даласында екі ағымның болғаны белгілі. Бірі Бұқар мен Түркістан өлкесіне бет бұрған дәстүршіл, панисламшыл ағым, екіншісі негізінен Батыс өркениетін үлгі тұтқан жаңашыл, пантүркішіл ағым. Осы екінші ағымның басында Әлихан бастаған орыс мектептерінен тәлім-тәрбие алған озық ойлы қазақ зиялылары тұрады. Бұл топ саяси ұстамдылық танытып, Ресей империясына қарсы ашық күреске шығудың әлі ерте екенін анық түсінеді.
Сондықтан олар, ең алдымен, халықтың сана сезімін оятатын жағдай жасау керек деп білді.