ЖЕРДЕ КҮШТІ МАГНИТТІК ДАУЫЛ КҮТІЛУДЕ: БАЙЛАНЫС ПЕН НАВИГАЦИЯҒА ӘСЕР ЕТУІ МҮМКІН
Мамандар 2 шілде күні кешке Жерде G3 деңгейіндегі күшті магниттік дауыл болатынын ескертті.

Бұған Күнде тіркелген қуатты X1.1 санатындағы жарқыл себеп болған. Ғалымдардың айтуынша, бұл құбылыс спутниктік навигация мен радиобайланыс жұмысына кері әсер етуі мүмкін.
Күн астрономиясы зертханасының мәліметінше, жарқыл 1 шілдеге қараған түні Күннің 4479 белсенді аймағында тіркелген. Аталған аймақ көлемі жағынан үлкен болмағанымен, дәл Жерге қарама-қарсы бағытта орналасқандықтан, плазма ағынының әсері күшейіп отыр.
Алдын ала есеп бойынша, Күннен тараған бөлшектер Қазақстан уақытымен 2 шілде сағат 23:00 мен 3 шілде сағат 02:00 аралығында Жерге жетеді. Мамандар G4 деңгейіндегі аса қауіпті дауылдың ықтималдығы төмен екенін айтқанымен, G3 деңгейіндегі күшті магниттік дауылдың болуы өте жоғары екенін мәлімдеді.
Ғалымдардың болжамынша, бұл наурыз айынан бергі ең күшті магниттік дауыл болуы мүмкін. Мұндай геомагниттік белсенділік байланыс жүйелері мен навигациялық құрылғылардың жұмысына әсер етіп қана қоймай, кей адамдардың денсаулығына да ықпал етуі ықтимал.



