БӘЙДІБЕКТЕ «КӨНЕ ТАРИХ СЫРЛАРЫ» АТТЫ МУЗЕЙДІҢ КӨШПЕЛІ КӨРМЕСІ ӨТТІ
Бәйдібек ауданы сәулет-көркем музейінің «Көне тарих сырлары» атты көшпелі көрмесі Ақбастау ауылындағы мәдениет үйінде өткізілді.
Көрмеге музейдегі темірден жасалған бұйымдар, яғни көне жәдігерлер қойылды. Он тоғызыншы ғасырға тиесілі құмыра, шелек, үтік, құман, тағы да басқа тұрмыстық үй шаруашылығында пайдаланған заттарды көрмеге келушілер қызыға тамашалады. Бірлескен іс-шарада мәдениет үйі мен кітапхана басшылығы алғыстарын жеткізді.
Бәйдібек ауданы сәулет-көркем музейінің ғимараты Шаян ауылында орналасқан. Аппақ ишан мешіт-медресесі ХІХ ғасырдың сәулет өнеріне жатады. Жалпы музейдің өзін жәдігер деуге болады. Өйткені көне ғимарат-ерекше тарихи ескерткіштердің бірі. Ғимарат дәрісхана, мешіт, медресе секілді үш нысаннан тұрады. Ғимарат күйдірілген кірпіштен шаршы жобада салынған. Мешіт-медресе пішіні жағынан Қазақстанның оңтүстігіне тән діни құрылыстарға жатады. 1886 жылдан 1926 жылға дейін мешіт-медресе орта діни оқу орны болған. Шаян ауданы 1928 жылы құрылған соң, бос тұрған мешіт-медресе ғимараттары түрлі мақсатта пайдаланылады. Кеңсе, банк, мектеп, кітапхана, тіпті түрме де болады. Елімізде 2000 жылы «Мәдениетті қолдау жылы» деп жарияланып, толық күрделі жөндеуден өткізілді. «Бәйдібек ауданы сәулет-көркем музейі» мемлекеттік қазыналық коммуналдық кәсіпорны деп аталып,халыққа рухани тұрғыда қызмет көрсетіп келеді.
Музейде киелі мекеннің, шежірелі өлкенің тарихынан сыр шертетін қыштан, ағаштан, темірден жасалған бұйымдармен қатар, кілем және кілемнен жасалған қолөнер бұйымдарды тамашалауға болады. Он сегізінші ғасырда тоқылған жайнамаз, көне кітаптар, музейдің ашылуына тікелей еңбегі сіңген қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің Сыр өңірінен әкелген тықыр кілемі музейдің құнды жәдігерлері болып саналады. Бүгінгі таңда музейде 5612 жәдігер бар.