ЕР МЕН ӘЙЕЛ ТЕҢ ҚҰҚЫЛЫ БОЛУ ҮШІН ҚАНДАЙ ШАРА ҚОЛДАНУ КЕРЕК?
Өкінішке қарай сауалнамаға қатысушылардың 76,1 % Қазақстанда ерлер мен әйелдердің жағдайын жақсартуға қатысты өзіндік ұсыныстар жасай алмады.
Информанттардың көпшілігі бұл сұраққа жауап бермеді. Тек алматылық тұрғындардың 25,4 % барлық қоғамдық салаларда ерлер мен әйелдерге тұлғалық мүмкіншіліктерін жүзеге асыру үшін тең дәрежедегі әлеуметтік шарттар жасаудың қажеттігін айтты. Мұндай пікірді астаналықтардың 17,8 %, оралдықтардың 19,8 % және павлодарлықтардың 10,3 % қолдайды. Ерлер де (82,1 %), әйелдер де (72,5 %) Қазақстанда ер мен әйелдің тең құқылы болуы үшін қандай шаралар қолдану қажеттігі туралы ештеңе айтпады. Егде жастағы адамдар тобының 87,4 %,18 — 30 жас аралығындағы топтың 80,5 %, 31- 45 жас аралығындағы топтың 74,3 %, 46 — 59 жас аралығындағы топтың 15,9 % аталмыш сауалға жауаптың өзіндік нұсқасын атай алмады. Жоғары білімді информанттар да, орта білімді информанттар да бұл сұраққа жауап бере алмады. Орыс ұлты өкілдерінің 78,9 %, қазақ ұлтының 76,2 %, өзге ұлт өкілдерінің 68,7 % бұл сауалға жауап берген жоқ. Қалалықтардың 79,1%, ауылдықтардың 66,3 % бұл сұраққа жауап беру барысында өз көзқарасын білдірген жоқ.
Сіздің ойыңызша ерлер мен әйелдердің тең құқықтарын жүзеге асырудағы жауапкершілік кімде?
Респонденттердің 77,5 % Қазақстанда ерлер мен әйелдердің тең құқықтарын жүзеге асыру мемлекеттің; 49,7 % азаматтардың өздерінің; 25,6% бұқаралық ақпарат құралдарының; 18,4 % үкіметтік емес ұйымдардың; 11 % ерлердің; 8,9 % әйелдердің міндеті деп санайды. Ерлердің де (78,8%), әйелдердің де (76,7 %) басым бөлігі гендерлік құқықтардың сақталуы мемлекеттің жауапкершілігінде деген ойда. 31 — 45 жас аралығындағылардың 79 %, басқа барлық жастағы топтардың 76,7 % осы пікірді қолдайды. Жас мөлшері бойынша информанттар гендерлік құқықтардың сақталуы үшінгі жауапкершілікті ең аз деңгейде әйелге жүктейді. Білім деңгейі бойынша сауалнама нәтижелері жоғары білімді информанттардың 76,4 %, орта білімді информанттардың 79,2 % мемлекетті жауапты санайтындығын көрсетті. Барлық этникалық топтардың өкілдері (80,1 %, 79,6 %, 76,2 %) ерлер мен әйелдердің тең құқықтарын мемлекет қана қамтамасыз ете алады деп біледі. Ауыл тұрғындарының 84,6 %, қала тұрғындарының 75,4% ондай тең құқықтардың жүзеге асуына қатысты жауапкершілікті мемлекетке артады. Тек 7,5 % ауылдықтар, 9,3 % қалалықтар ондай жауапкершілік әйелдердің мойнында деп есептейді.
Қазіргі Қазақстандағы ерлер мен әйелдерге қатысты саясатты сараптау мәселесіне арналған социологиялық сауалнама нәтижелері бізге бірнеше жалпылама тұжырымдар жасап, бірқатар ұсыныстарды атап көрсетуге ерік береді.
Қазақстанда гендерлік теңсіздік бар- жоқтығына қатысты сұрақ бойынша информанттардың көпшілігі оның жоқ екендігін айтты. Бұл жайт бізге сауалнамаға қатысқан адамдардың гендерлік теңсіздіктің не екені, оның өлшемдері қандай, ол қалай көрініс табады деген мәселе жөнінде білімдері саяз деген болжам жасауға ерік береді. Ер адамдардың көпшілігі тіпті бұл проблеманы әйелдер ойлап тапқан деген ойда. Әйелдердің жауаптарын саралау олардың жасырын, бүркемелі теңсіздіктің бар екендігін көбірек байқайтындықтарын көрсетеді. Қазақстандық қоғамда гендерлік теңсіздік бар деп санайтындардың басым бөлігі үй шаруасы, бала қарау және егде жастағы туыстарды бағып-қағуды атап көрсетті. Бұл қазақстандық еркектердің үй шаруашылығы мен қамқорлық көрсету ісіне сирек араласатындығы туралы жалпы пікірдің шындық екенінің дәлелі.
Гендерлік теңсіздік жоқ деп санайтындардан оның себептерін анықтау барысында сауалнамаға қатысушылардың басым бөлігінің
«Бұл менің жеке пікірім» деген жауап нұсқасын таңдағаны анықталды. Бұдан сол информант гендерлік кемсітушілікті басынан кешпеген немесе аталмыш проблемаға ой жүгіртпеген деген болжам жасауға болады. Информанттардың айтарлықтай бір бөлігі
«Мұндай жағдай – біздің қоғамымызда тарихи түрде қалыптасқан салт-дәстүрлеріміз» деген пікірде. Бұл қалыптасқан жосын солай болғандықтан оған қарсы ештеңе істеу мүмкін емес деген ойды білдіреді.
Респонденттердің гендерлік саясатқа қатысты білімдерінің нәтижелері гендерлік саясатты білетіндер мен білмейтіндердің үлесі тең деңгейде деген тұжырым жасауға ерік береді. Айта кетерлік қызықты бір дерек – бұл мәселе жөнінде қалалықтармен салыстырғанда ауыл тұрғындарының көбірек хабардар екендігі.
Гендерлік саясат туралы ақпарат таратушы дәстүрлі түрде алдымен БАҚ (47,2 %), содан кейін ғана ғаламтор (20,2 %) болып табылады. Сауалнамаға қатысушылардың бар болғаны 9,1 % ғана гендерлік саясат туралы білімді білім жүйесінің арқасында алғаны – өкінішті жайт.
Сауалнамаға қатысушылардың көпшілігі Қазақстан Республикасы азаматтарының гендерлік құқықтарын реттейтін нормативтік құжаттарды білмейді. Тек 6,8 % информант«ҚР 2006-2030 жылдарға арналған гендерлік теңдік стратегиясының» мазмұнын білетінін айтты.
Ерлер мен әйелдерге ортақ проблемалар ретінде жұмыссыздық, еңбек нарығындағы бәсекелестіктің жоғарылығы атап көрсетілді. Ең көп таралған ерлер проблемаларына респонденттер жоғары деңгейдегі өлім- жітімді, жүрек-қан тамырлары ауруларының көптігін және жұмыссыздықты жатқызады.
Әйелдердің басты проблемалары ретінде аталғандар: ерте жүктілік, ақы төленбейтін үй еңбегі, жұмыс орнындағы және үйдегі екі есе жүктеме. Тұрмыстық зорлық проблемасы тек төртінші орынға қойылды.
Информанттар әлеуметтік тұрғыдан осал әйелдер санатын қарастыра келе, бірінші орынға мүгедектерді, екінші орынға жұмыссыздарды, үшінші орынға мүгедек балалары бар әйелдерді жатқызды. Айта кетерлік қызықты бір дерек – әлеуметтік тұрғыдан осал әйелдер санаты ретінде жауап түрінде ұсынылған басқа нұсқаларды респонденттердің таңдамағандығы. Бұл жайт аталмыш әлеуметтік санат адаптациясына қатысты тәжірибе мен стратегия Қазақстанда толығымен жабық, аз зерттелген және оған қол жеткізу мүмкін емес деген ойға жетелейді.
Сауалнамаға қатысқан қазақстандықтардың көпшілігі әйелдердің саясатқа араласуы қажет деген пікірде. Ерлер әлі күнге дейін саясат әйелдердің ісі емес, өйткені ол әйелдердің ана мен жар болуына кедергі болады және жалпы алғанда саяси қызмет әйелдер үшін тым күрделі іс деген таптаурын пікірді қолдайды. Ал әйелдердің өздері әйелдер ерлерге қарағанда айлалы әрі икемді болғандықтан саясатқа қажет деген таптаурын пікірді жақтайды.
Сауалнамаға қатысқан қазақстандықтардың көпшілігі әйелдерді саясатқа белсенді түрде тарту үшін оларға саясат пен отбасын қатар алып жүру мүмкіншіліктеріне қатысты жеңілдіктер жасап, оларды саяси басшылыққа тәрбиелеу керек екендігін айтады. Респонденттердің айтарлықтай бір бөлігі әйелдердің саяси партиясын құру қажет екендігін білдірсе, мәслихаттар мен мәжілістен әйелдерге орын бөлу жөніндегі жауап нұсқасын информанттардың ең аз бөлігі таңдады.
Сауалнама нәтижелері бойынша қазақстандықтардың көпшілігі гендерлік бюджеттендірудің не екенінен бейхабар екендігі анықталды. Сауалнамаға қатысушылардың бар болғаны 10,1 % ғана гендерлік бағыттағы бюджетті біледі. Жауаптардың мұндай бөлісі зерттеуіміздің гендерлік бюджеттендіру мәселесі қазақстандықтар үшін өзекті емес деген болжамының растығын дәлелдеді. Гендерлік бюджеттендіру деген не, оның үрдістері қалай жүріледі, қандай пайда әкеледі және онымен кім айналысады дегеннен хабардар адам аз.
Жауаптарды саралау сауалнамаға қатысушылардың көпшілігінің (45,8 %) мамандықтарды гендерлік белгі бойынша бөліп қарастырмайтындығын көрсетті. Тек 39,6 % ғана еңбектің гендерлік тұрғыдан бөлінетіндігімен келісті. Ал 9 % қазақстандықтар «ерлерге тән» және «әйелдерге тән» мамандықтар болатындығынан мүлде бейхабар. Ерлердің де, әйелдердің де басым бөлігі еңбек нарығының гендерлік сипатын жоққа шығарады.
Сауалнамаға қатысушылардың көпшілігі кенші, қарауыл және құтқарушыны ерлерге тән мамандықтар деп біледі. Тек әйелге ғана тән мамандықтар ретінде хатшы, кітапханашы және бет сәндеуші атап көрсетілді. Әйелдерге мүлде лайық емес мамандықтар қатарында құтқарушы, кенші және жүргізуші аталды. Ал дәрігер, басшы және мұғалім гендерлік тұрғыдан бейтарап мамандық деп саналады.
Сауалнамаға қатысушылардың басым бөлігі Қазақстанда бір мамандық бойынша ерлер мен әйелдер бірдей жалақы алады деген пікірде. Бұл мәселе жөнінде білмейтіндердің және ойланбағандардың үлесі жоғары. Бұл жайт респонденттер Қазақстандағы кірістердің орташа деңгейіне сараптама жасамаған, еңбек нарығында гендерлік сипаттағы асимметрия бар екендігін, әйелдердің айналысуына тыйым салынған мамандықтар тізімі болатындығын, ерлер мен әйелдерді жұмысқа қабылдау мен олардың қызметін бағалауда ерекшеліктер бар екендігін түйсінбейді деп жорамалдауға итермелейді.
Сауалнамаға қатысушылардың 49,4 % неке қиылғанға дейінгі жыныстық қатынастарға жол беруге болмайды деген пікірде. Жауап берген ерлердің де, әйелдердің де басым бөлігі некеге дейінгі жыныстық қарым- қатынасқа қарсы. Жыныстық қарым- қатынасқа деген екіжүзді көзқарас – бұл дәстүрлі моральға негізделген қоғамда шешілуі қиынға соғатын проблема. Сексуалдық тақырыптағы қоғамдық наразылықтарға тыйым салу, адамның сексуалдық болмысын түсіну мен суреттеуге қатысты дискурстың жоқтығы халықтың сексуалдық тұрғыдан денсаулығы саласында үлкен жағымсыздықтарға әкеліп соғары хақ.
Некеге тұруға ең қолайлы жас ерлер үшін 26 — 30, ал әйелдер үшін 20 — 24 жас. Өйткені бұл жастағы ерлер мен әйелдер өздеріне отбасылық міндеттердің жүктелуіне дайын болады. Қазақстандықтардың неке үшін лайық жасқа қатысты да таптаурын көзқарастары байқалады. Ол бойынша ер адам жасы жағынан үлкен және әлеуметтік тұрғыдан тұрақтанған, ал әйел ең бастысы жас болуы керек.
Қазақстандықтардың «қалыңдық ұрлау» дәстүріне қатысты көзқарастарын саралау барысында респонденттердің көпшілігі (43,1%) полиция көмегіне жүгінетінін білдік. Ондай жағдайға амалсыз бой ұсынатындардың үлесі де айтарлықтай жоғары (20,8 %). 5 %
«Материалдық және моральдық нұқсан үшін күйеу жігіт тарапынан өтемақы төленуіне үміттенеді». Демек олар аталмыш жағдайды ықтимал әрі оған жол беруге болады деген ойда. Ондай жайтқа бой ұсынатындардың көпшілігі – ауылдық елді мекендердің тұрғындары.
Жауап берушілердің басым бөлігі «қалыңдық ұрлау» қылмысына қатысты жаза бар екенінен бейхабар. Тек 8,5 % ҚР ҚК 125 бабы бар екенін білсе, информанттардың 3,9 % ондай жазаның жоқ екендігіне сенімді. Әйелдердің 48,2 %, ерлердің 48,1 % қалыңдық ұрлау үшін белгілі жаза бар екендігінен хабарсыз.
Ата-анасы қарсы болған жағдайда қыздың тұрмыс құруына бола ма деген сұраққа респонденттердің басым бөлігі «Білмеймін/ жағдайға байланысты» деген жауап нұсқасын көрсетті. 35,1 % «Жоқ, қажеті жоқ болу керек» деп санаса, бар болғаны 19,9 % қыздың ата- анасының еркiне қарсы шығуын қолдайды. Бұл факт ұрпақтар арасындағы қарым- қатынастар иерархиясын, әйелдің екі жыныс жағынан да жасы үлкен жақындарына бағыныштылығын көрсетеді. Ерлерге қатысты тура осындай сұрақтың жауаптарын салыстырып қарағанда пікірлердің тең екіге бөлінгенін көреміз: 27,4 % ондай некені мүмкін емес деп тапса, 27,4 % сол сәттегі шарттарға байланысты мүмкін деген пікірді білдірді.
Аналардың декреттік демалысқа кетуін респонденттердің көпшілігі (85,1 %) дұрыс деп санайды. Тек 7,6 % ғана оны міндетті емес деген пікірде. Әйелдің декреттік демалысқа шығуы міндетті емес деп санайтындардың арасында әйелдерге қарағанда ерлер көбірек. Яғни олар әйелдер жұмысы мен сәбидің күтімін қатар алып жүре алады деген ойда. Әйелдердің 86 % декреттік демалысқа шығу қажет деп біледі.
Қаржылай жағдайы нашар тұрмыс құрмаған әйел жоспарсыз жүкті болып қалса, сәбиді дүниеге әкелуі керек пе, әлде жасанды түсік жасатқаны жөн бе деген сұраққа респонденттердің көпшілігі (85,1 %) әйел некелік жағдайына қарамастан баланы дүниеге әкелгені жөн деген пікірді білдірді. Тек 7,2 % ондай жағдайда түсік жасаудың жөн екендігін алға тартты. Пікірлердің мұндай бөлісі бізге әйелдің рөліне қатысты дәстүршіл көзқарасты көрсетеді. Ол көзқарас бойынша әйел ең алдымен басқа ештеңеге қарамастан ана болуға міндетті. Жоспарланбаған баланың дүниеге келуі жөн деп санайтын ерлердің үлесі әйелдерге қарағанда көбірек.
Қаржылай жағдайы нашар тұрмыс құрған әйел жоспарсыз жүкті болып қалса, сәбиді дүниеге әкелуі керек пе, әлде жасанды түсік жасатқаны жөн бе деген сұраққа респонденттердің көпшілігі (67 %) сол сәттегі жағдайға қарамастан сәбиді дүниеге әкелгені жөн деген пікірді қолдады. Бұл жайт бізге қазақстандық қоғамдағы баланың орны ерекше құнды деп түйіндеуге ерік береді.
Отбасында бала тәрбиесімен кім айналысуға тиіс деген сұраққа қатысты респонденттердің жауаптары жеткілікті деңгейде гендерлік бағытта болды. 90,5 % балаға ата-ананың екеуінің де тәрбиесі қажет деген пікірде. Сауалнамаға қатысқандардың тек 0,8 % ғана бала тәрбиесімен анасы айналысуға тиісті деп ойлайды. Бұл факт бізге бала тәрбиесіне ана мен әкенің екеуінің де қатысуына байланысты жоғары деңгейдегі эгалитарлық қағидаларды көрсетеді. Әйтсе де қазақстандық қоғамда қыздың тәрбиесімен анасы, ұлдың тәрбиесімен әкесі айналысуға тиіс деген дәстүрлі қағиданың да бар екендігін айта кетуіміз керек.
Қазақстандық жанұяларда гендерлік рөлдердің дәстүрлі бөлісі бар. Сауалнамаға қатысқандардың 71,1 % үй шаруашылығының көп бөлігі ана мен әйелдің мойнында деген пікірде. Бар болғаны 3,2 % ғана үйдегі шаруа эгалитарлық қағидалар бойынша бөлінуге тиіс деп санайды. Әйелдердің тек 22,4 %, ерлердің 24,6% үй шаруасы ерлі-зайыптылардың екеуінің де міндеті деп біледі. Көзқарастардың мұндай бөлінісі бізді тығырыққа тірейді. Себебі осының алдындағы сауал аясында респонденттер қазақстандық әйелдердің ең басты проблемасы кәсіби міндеттер мен үй шаруашылығын қоса атқару деп атап көрсеткен еді. Пікірлердің осындай қарама- қайшылығы зерттеу нәтижелерін сараптау барысында жиі көзге түседі.
Қазақстандық БАҚ-тың ерлер мен әйелдердің бейнесін сомдауға тигізетін ықпалы туралы сұраққа респонденттердің көпшілігі ондай ықпалдың жоқ екендігін тілге тиек етті. Бұл мәселе жөнінде ойланбаған жандардың үлесі де жоғары. Жауаптардың бөлінісі бізге қазақстандықтардың ондай ықпалдың бар- жоқтығына қатысты білімдерінің жоқ екендігін, сауалнамаға қатысқан қазақстандықтардың гендерлік бейнелердің, стереотиптер мен стандарттардың қалыптасу үдерісіне БАҚ-тың сөзсіз ықпалы бар екендігі туралы ойланбайтындықтарын көрсетеді.
Зерттеудің аясында сауалнамаға қатысқан қазақстандықтардың басым бөлігі мектепте де, колледжде де, жоғары оқу орнында да гендерлік бағыттағы пәндер мен курстарды оқымағандықтан гендерлік білімнен бейхабар. Тіпті бүгінгі таңда республиканың колледждері мен ЖОО білім алып жатқандардың өздерінің гендерлік мәселенама жөнінде хабары аз. Ондай пәндерді оқыдым деген респонденттердің көпшілігі социологияны ең гендерлік бағыттағы пән ретінде, ал саясаттануды гендерлік сипаты ең аз пән ретінде атап көрсетті.
Сауалнамаға қатысқан қазақстандықтардың ойынша ерлер мен әйелдер бірдей деңгейде сырқаттанады. Бірақ олар «салауатты өмір салтын ұстану», «темекі мен ішімдіктен бас тарту», «тегін медициналық тексеруді енгізу» секілді таптаурын нұсқаларды атап көрсеткені болмаса, аталмыш проблеманы шешу үшін қандай да бір инновациялық тәсілдер ұсына алған жоқ. Назар аударуға тиіс бір жайт ерлердің басым бөлігінің әлі күнге дейін өз денсаулығын капитал ретінде танып- білмейтіндігі, ер адамдардың қаншалықты жиі және қандай себептерден болып ауыратындығына көп ой жүгіртпейтіндігі болып табылады.
Сауалнамаға қатысушылардың көпшілігінің ойынша көбінесе әйелдер мен олардың балалары зорлық-зомбылықтың құрбанына айналады. Ер адамдардың да зорлықтың құрбаны болатындығы туралы дерек бұрынғыдай жоққа шығарылады. Информанттардың бар болғаны 2,8 % ондай жағдайдың орын алатындығын мойындады. Зорлық-зомбылықтың ең көп тараған түрлерінің қатарында денелей (66,5 %), психологиялық (57,7 %), сексуалдық зорлық (45,9 %) атап көрсетілді. Тек 19,8 % респондент экономикалық зорлықты атады.
Зерттеу барысында алынған жауаптарды саралау информанттардың 80,1 % педофилияны зорлықтың бір түрі ретінде танып-білетінін көрсетті. Респонденттердің 12,6 % ол туралы мүлде ойланбаған. 4,4 % педофилдікті ауру деп танып, оны зорлықтың түріне жатқызуға күмәнданса, 2,7 % зорлықтың түрі емес екендігіне сенімді. Зерттеу деректері 35,2 % респонденттердің елдегі педофилия құбылысының өсіп кетуін психикасы бұзылған, моральдық қасиеттері төмен адамдар санының көбеюімен байланыстыратынын көрсетеді. Сауалнамаға қатысушылардың қалған 43,8 % педофилия құбылысының кеңінен таралуына сонымен қатар балаларды қорғау мәселесі бойынша заңнамалардың тиімсіздігі мен ата-ананың бала тәрбиесіне қатысты жауапкершілігінің төмендігі әсер етеді деп санайды. Респонденттердің 9,7 % педофилия құбылысының БАҚ-та тым көп айтылып, жарнамалауынан деп білсе, 8,8 % оны батыс мәдениетінің әсерінен көреді.
Қазақстан ТМД елдерінің ішінде 15 — 19 жастағы қыздар арасындағы жасөспірімдердің өзіне-өзі қол жұмсауы бойынша неге жоғары орында және оның себебін зорлық- зомбылықтың кең таралуынан көруге бола ма деген сұраққа жауап беру барысында респонденттердің 35 % бұл пікірмен келісетіндігін білдірсе, 34 % бұл сұрақтың жауабын білмейтінін айтты. Респонденттердің 39 % зорлық-зомбылықпен мемлекет, 28 % полиция, 22 % азаматтық қоғам күресуге тиіс десе, 11 % бұл проблеманы адамның өзі шешуі керек деп санайды. Ерлер де (79 %), әйелдер де (76,6 %), сонымен қатар барлық этникалық топтар да зорлық-зомбылықпен мемлекет күресуге тиіс деп біледі. Барлық жас топтары зорлық-зомбылықпен күресте мемлекет пен полицияға үміт артады. Қалалықтар да, ауылдықтар да (78,1 %, 75,3 %) зомбылықпен күрес үшін мемлекет жауапты деп санайды.
Респонденттердің 36 % зорлық-зомбылық құрбандарын қорғаудағы полиция жұмысының нәтижелігіне сенімді емес болса, 26 % бұл мәселе туралы ойланбаған, 22 % полиция ондай жұмысты нәтижелі атқармайды деп біледі. Респонденттердің тек 16 % ғана полицияның тиімді жұмысына сенеді.
«Сіздің ойыңызша Қазақстанда ерлер мен әйелдер көбірек тең құқылы болуы үшін қандай шаралар қолданылуы керек?» деген сұраққа өкінішке қарай сауалнамаға қатысушылардың 76,1 % Қазақстандағы ерлер мен әйелдердің жағдайын жақсарту үшін өзіндік ұсыныстар жасай алмады. Бұл факт бізге гендерлік саясат туралы көзқарастарды ұғыну мен оларды білдіруге қатысты сұрақтардың респонденттер үшін оңайға соқпағанын көрсетеді.
«Қазақстан Республикасында 2006-2016 жылдарға арналған гендерлік теңдікке қол жеткізу стратегиясын» жүзеге асыру мәселесіне келсек, аталмыш бағдарламалық құжат – теңсіздік пен бақылаудың қарым- қатынасын тудыра отырып, «біз» және «олар» арасындағы шекараны айқын бөлетін ресми дискурстың құралы. Ерлер де, әйелдер де ресми стратегиялар мен бағдарламалар, сарапшылар пікірі тарапынан ерекше қысымға ұшырайды, олардың алдына әртүрлі «мемлекеттік міндеттер» қойылады. Бұл жайт, әсіресе, азаматша ретінде, әйел ретінде, жар ретінде және ана ретінде «жан-жақты жүктемеге» ұшырайтын әйелдерге қатысты байқалады. Ресми дискурс ресми құжаттарда белгілі бір «нормативтік» әйелдер мен ерлердің, «нормативтік» отбасыларынң бар екенін сездіріп, қалыптасқан әлеуметтік- экономикалық шарттарға бейімделудің өзіндік стратегиялары мен жолдары бар түрлі әлеуметтік-демографиялық топтардың, гендерлердің, жастардың, этникалық топтардың ерекшеліктеріне, өзіндік қыр- сырларына қатысты сұрақтарды талқыламайды. Ресми дискурс үшін басты тақырып әлеуметтік-демографиялық топ қандай да бір статусқа, әлеуметтік жеңілдікке, әлеуметтік жәрдемақыға үміт арта алатын шарттар болып табылады. Алайда ерлер мен әйелдердің айырмашылықтарына көп назар аударылмайды. Отбасының жоғарғы әлеуметтік құндылықтардың бірі ретіндегі абсолюттік болмысы мен осы әлеуметтік институтты ресми деңгейде де, күнделікті деңгейде де дәріптеушілік сақталуда. Отбасы моральдық абсолют мәртебесіне ие болады: отбасынан шыққан дүниенің бәрі де позитивті сипатта болып саналады. Бұл тұрғыдан алғанда әлеуметтік институт ретіндегі отбасындағы дағдарыс (туу көрсеткішінің төмендеуі мен ресми некелер санының азаюы, ажырасудың көбеюі, толық емес отбасылары мен некесіз бірге тұру формаларының өсуі) қоғам дағдарысы болып саналады. Сол себептен отбасылық құндылықтарға, отбасылық салтқа, отбасылық тәрбиеге, отбасылық өндіріске қайтып келу өтпелі қоғамның проблемасын шешудің негізгі жолы ретінде қарастырылады. Ресми дискурс отбасын репродуктивтік функцияға, балаларды дүниеге әкеліп, әлеуметтендіру міндетіне алып келеді. Ерлі-зайыптылардың қарым-қатынасы олардың ата-аналық функциясынан туындайтын қарым-қатынас ретінде қарастырылады, демографтар баласыз отбасын тіпті отбасы деп танымайды да. Кеңінен таралған ұғым бойынша аз балалы (әсіресе, бір балалы) отбасы негативті құбылыс ретінде бағаланады. Ресми дискурс отбасының тек бір түрін ғана әлеуметтік идеал ретінде атап көрсетеді, ол ата-ананың екеуі де және кем дегенде екі-үш баласы бар отбасы. Ол отбасының некенің альтернативті түрлерін мүлде жоққа шығарады. Ресми дискурстың бөлінбейтін тұтастық ретінде отбасының ұжымдық мүдделерімен анықталатын отбасылық саясатқа қатысты көзқарасы үлгілі болып табылады. Соған сай сексуалдық және репродуктивтік құқықтар мәселесіне деген көзқарас немқұрайлылық пен дұшпандық сипат арасында. Отбасы түрлері мен үлгілерінің әртүрлілігі және отбасы ішінде қарама-қайшы мүдделердің болуы жоққа шығарылады. Әрине, бұл дискурсқа пікірлер мен пайымдамалардың тұтас бірлігі тән емес. Олардың төтенше формалары бар, мысалы, көп әйел алушылыққа рұқсат беру, жасанды түсікке тыйым салу, бала тууды күшпен реттеу. Біртоға өкілдер отбасын тұлғаның әлеуметтенуін қамтамасыз ететін маңызды институт ретінде қарастырады. Отбасына гендерлік рөлдердің дәстүрлі бөлісін сақтау ұсынылады. Акторлардың репродуктивтік және отбасылық-некелік іс-әрекеттер барысындағы күнделікті стратегиялары мен тактикаларына келсек, мынадай тұжырым жасауға болады: «сенің жағдайың» белгіленген ресми шеңберден тысқары болуы мүмкін болғандықтан акторлар басынан бастап ресми органдарға (АХАТ, әлеуметтік қызметтер, поликлиникалар, репродуктивтік орталықтар) қарсы тұруға дайын болады. Орын алған жағдайдан шығу стратегиясының бірі қандай да бір отбасылық, репродуктивтік, демографиялық проблемаларға қатысты бастары қосылған акторлардың өзіндік рейтингісімен, абырой-беделімен, проблемаларды шешу жолдарымен бөлісетін әлеуметтік желісін – көршілер, туысқандар, достар секілді – сомдау болып табылады. Соның негізінде ресми құрылымдар мен күнделікті нақтылықтың арасында асимметриялық қатынастар қалыптасады. Мұндай жағдайда азаматтар ресми құрылымдар бекіткен ережелер мен тәртіптерді өзінің немесе балаларының өмірі үшін ықтимал жағымсыз салдардың алдын алу үшін зор назар аудара отырып сақтайды.
Гендерлік теңсіздік проблемасының бар екендігіне қатысты Қазақстандық қоғамның терең ойланымы аса қажет. Гендерлік мәселенаманы айқын тұжырымдау үшін Қазақстанда жүргізіліп отырған гендерлік саясатқа сыни баға беретін сарапшылар мен академиялық қауымдастықты, БАҚ, үкіметтік емес ұйымдарды, білім беру жүйесін іске тарту керек.
Халыққа гендерлік саясат жөніндегі мәліметті тарату үшін телевизияны бұрынғыдай ең басты, танымал және қол жетімді ақпарат көзі ретінде қолдану қажет. Алайда бұл тұста алуан түрлі топтар әртүрлі ақпарат көздеріне жүгінетінін естен шығармау керек. Мәселен, 18 — 30 жас аралығындағылар ғаламторды қолданса, басқа жас тобындағылар көбінесе телевизияға көңіл бөледі. Сонымен қатар гендерлік білімді өзекті ету үшін білім беру жүйесін белсендірек қолданған жөн.
Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы әйелдер істері мен отбасылық- демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия Қазақстанда гендерлік саясатты жүзеге асырудың мақсат-міндеттері, әдістері мен жолдары жөнінде ақпарат таратуда халықтың барлық топтарымен түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізуі қажет. Ол үшін өзіндік сайт ашып, ақпараттық материалдар (буклеттер, брошюралар, үнпарақтар) дайындап шығарып, бұқаралық ақпараттық- түсіндіру шараларын ұйымдастыру керек.
БАҚ, академиялық қауымдастық, ҮЕҰ қазақстандықтардың өмір сүру стильдері мен салттарының әртүрлілігін, сонымен қатар олардың заманауи нақтылыққа бейімделу жолдарының ерекшеліктерін көрсету үшін «басқа» әйелдер мен ерлердің (мигранттар, ауылда тұратын ерлер мен әйелдер, көп балалы ата-аналар, секс-индустрия қызметкерлері және т.б.) тәжірибесін таныстыруы қажет.
Қазақстанның шығыс және оңтүстік аймақтарына ерекше назар аудара отырып, жергілікті БАҚ-та гендерлік мәселенаманы өзекті ету қажет. Қазақстандық әйелдердің саяси тәжірибесі мен саяси белсенділігін, саяси жетістіктерін көптеп көрсету керек.
Гендерлік бюджеттендіру негіздері бойынша мемлекеттік қызметкерлерге, Қазақстан колледждері мен ЖОО студенттеріне арнайы семинарлар жүргізу. Қазақстандық БАҚ үшін гендерлік бюджеттендірудің пайдасы туралы ақпарат қамтылған әлеуметтік жарнама дайындау.
Мектептерде, колледждер мен ЖОО гендерлік бағыттағы оқу курстары арқылы қазақстандықтарға еңбек нарығының да гендерлік сипатқа ие екендігін, сонымен қатар жұмысқа қабылдау, мәнсап жолында өсу, жалақының мөлшерін бекіту, сұхбаттасу, лауазымға тағайындау немесе одан босату жосықтары да гендерлік сипатпен шартталғандығын жеткізу.
Бүгінгі таңда қазақстандықтар үшін мектептен бастап жоғары оқу орындарына дейінгі аралықта жыныстық қатынастар жөніндегі ағартушылық аса қажет.
Қазақстандық БАҚ-та ерлер мен әйелдердің бейстереотиптік мәнсаптары, өмірлік стратегиялары, өмір сүру салттары мен стильдері туралы ақпараттар мен ток-шоулар көрсету.
Мектептер, колледждер мен ЖОО оқу бағдарламасына «Гендерлік білімдер негіздері» міндетті курсын енгізу. Мемлекеттік білім беру стандартының аясында әрбір әлеуметтік-гуманитарлық пәннің мазмұнында
«Қазақстан Республикасындағы гендерлік саясат» тақырыбын қарастыру.
Әсіресе 30 — 60 жас аралығындағы ерлердің денсаулығын сақтау мен нығайту мәселесін өзекті ету.
«Қазақстан Республикасында гендерлік теңдікке қол жеткізу стратегиясының» негізгі ережелерін қайта қарастыру. Жыл сайын гендерлік мәселенамаға деген сезімталдықты бағалауды қамтыған қоғамдық пікір мониторингісін жүргізу. Гендерлік теңдікке қол жеткізу стратегиясының қағидаларын орындаудың қысқа мерзімдік жоспарын (жыл сайынғы) енгізу. Олардың орындалу барысы бойынша ағымдағы жылдағы әйелдер мен ерлердің жағдайлары туралы есеп беру, баяндама жасау; гендерлік теңдікке қол жеткізу стратегиясының мақсат-міндеттерін орындауға жауапты құрылымдар мен оларды орындаудың айқын өлшемдерін анықтау; аймақтық ерекшеліктерді ескере отырып, жыл сайын Қазақстандағы ерлер мен әйелдердің жағдайларына қатысты мониторинг жүргізу және зерттеу нәтижелерін БАҚ пен ғаламторда таныстыру.
Мемлекеттің гендерлік саясаты барлық салаларда гендерлік теңдікті ең жоғары деңгейде қамтамасыз ететін жаңа қоғамдық қатынастарды қалыптастыруға мүмкіндік беретін нормалар мен стандарттар, даму бағыттары мен шеңберлері, шектеулер мен еркіндіктерді белгілеуге тиіс. Оған аталмыш қоғамда өндірістің белгілі бір жолы арқылы қабылданған стереотиптер мен нақты тарихи қатынастар, көзқарастар, ережелер жүйесі кедергі болады. Нақты гендерлік теңдік кейбір заңдық, әлеуметтік немесе психологиялық теңсіздікпен байланысты болуы мүмкін. Гендерлік теңдік сөзсіз гендерлік иерархияға әкеледі. Бұл жайт кейбір мамандықтар мен кәсіптердің қоғамдық маңыздылығын, төленетін ақы мөлшерін, мәртебелілік деңгейін өзгертуге тиіс. Мемлекет әзірше бөтен баланың балабақша мен мектепте тәрбиеленуі мен оқуын ақылы және қоғамдық тұрғыдан пайдалы жұмыс ретінде, ал өз балаңның үйдегі тәрбиесін отбасылық бюджеттен қаржыландырылатын жеке бастың шаруасы ретінде бағалап отыр. Гендерлік саясат ақырында қоғамдағы гендерлік қатынастардың теңгеріміне әкелуге тиіс. Бұл жағдайда мемлекеттің әйелдерге қатысты саясаты гендерлік саясаттың құрамдас бөлігі бола алады.
Гендерлік саясат мәселелерінің ауқымына гендерлік саясаттың негізгі субъектілері мен олардың көзқарастары, саяси өкілдік пен азаматтық қоғам аясы арқылы жүзеге асатын әйелдер мен ерлердің саяси іс-әрекеттері жатады.
Жүргізілген сараптама нәтижелерінің бірі – сауалнамаға қатысушылардың көпшілігі гендерлік саясатты нысаны көбінесе әйелдер болып табылатын мемлекеттік іс-әрекетпен байланыстырады. Әдетте әйелдер тәжірибесі мен соған сай келетін мысалдар алынатындықтан ақырында тек қана әйелдерге қатысты кемсітушіліктер анықталады.
Мұны «әйелдік» және «гендерлік» саясат категорияларын әртүрлі ұғынуды анықтаумен түсіндіруге болады. Біздің ойымызша, стратегия халықтың ерекше әлеуметтік-демографиялық тобы ретіндегі әйелдердің мүдделерін ескере отырып, ең алдымен мемлекеттің дәстүрлі гендерлік саясатын ауыстыруға емес, оны толықтыруға міндетті. Мұндай екі тәсіл қоғамда жыныстардың теңдігіне қатысты жағымды бұқаралық пікір қалыптаса бастағанға дейін қатар жүруі мүмкін.
Сөйтіп мемлекеттік гендерлік саясат дегеніміз ерлер мен әйелдердің тең құқықтығын құру, дамыту, қолдау және қорғауға бағытталған шаралардың дәйекті жүйесі. Бұл жүйе нақты нәтижелерде көрініс табуға тиісті. Қазіргі қазақстандық қоғамда тиімді гендерлік саясатты жүзеге асыру үшін халыққа гендерлік құқықтар мен еріктерді оқытып, гендерлік білім мен гендерлік ақпаратпен жеткілікті деңгейде қамтамасыз ету қажет.