ФАРАБ-ОТЫРАР ҚАЛАШЫҒЫНЫҢ ЗЕРТТЕЛУІ
Сырдарияның орта ағысы аймағының тарихи топографиясы мен географиясын анықтауда В.В. Бартольдтың, А.Н. Бернштамның, Ə.Х. Марғұланның, Е.И. Агееваның, Г.И. Пацевичтың, К.М. Байпақовтың еңбектерін ерекше атап өту қажет.
Осы зерттеулерден кейін Отырар аймағында көптеген жаңа археологиялық ескерткіштер табылды, көптеген археологиялық ескерткіштер тереңірек зерттеліп өмір сүрген мезгілдері нақтыланды. Шығыстанушылардың қажырлы еңбегі нəтижесінде жаңа дерек қөздері ғылыми айналымға енді. Осының нəтижесінде бұрын беймəлім болып келген жəне археологтар бұрын баламаламаған елді мекендердің тарихи-географиялық орындарын, жалпы Фараб-Отырар иелігіннің оңтүстік-батыс шекарасын, оған қарасты аумақты нақтылау мүмкіншілігі туындап отыр.
Біз електен өткізген деректерден аңғарғанымыз оңтүстіктен келетін жолда Фараб-Отырар уалаятындағы алғашқы шекаралық жер Аксулат екен. Фасих Ахмад ал-Хавафидің «Муджмал-и Фасихи» атты шығармасына сүйенсек: «Сахыпқыран əмір Қытайға жорыққа 23 джумада 1 (1404 ж. 27 қарашасында) аттанды. Ол Отырарда Ақсулат атты жерде жиырма сегіз күн тұрақтады» (Материалы по истории, 1988, с. 164).
Оның орналасқан орны Шардараның айналасы деп жорамалдауға болады. Себебі Əмір Темір əскерімен 25 желтоқсанда Ақсулаттан аттанып Ұзынатаға түнеп, Пулқожашайқыға тұрақтап Сүткентке жеткен — «…когда знамя, отмеченное [божьей] помощью, при помощи, при поддержке попечителя [и] создателя выступило из Аксулата, оно, опоясавшись ночью, остановилось [на ночлег] в Узун-Ата и, отправившись оттуда, совершило стоянку Пулходжа- шайхе, а по отбытии оттуда в Суткент» (Материалы по истории, 1988, с. 157). Деректердегі
«Ақсулат» атауы «ақсуат — сулы жер» дегеннен пайда болуы мүмкін.
Ұзыната. Əмір Темір əскерімен Ұзынатада түнегені жөніндегі хабардан басқа Шахрух пен Халил Сұлтан жолыққан елді мекен ретінде аталады (Бартольд, 1964, с. 71, 90). ХІХ ғ. Түркістан генерал губернаторлығының картасында «М. Зюната» деген нүкте белгіленген. Ұзыната 1900 ж. Н.В. Рудневтің Сырдария бойындағы көне қалалар туралы жазбасында аталады (Руднев, 1900, с.57-62). 1903 ж. Н.В. Рудневтің картасында «Мог. Бугор и разв. укр. Узунь-Ата» деп белгіленген. 1994 ж. «Қазақстанның тарихи жəне мəдени ескерткіштер жиынтығы. Оңтүстік Қазақстан облысы» басылымда қалашық 4-10 ғғ. жатқызылған жəне Ұзыната кесенесі сипатталады. Онда кесене ХІХ ғ. ескерткіші деп көрсетіліп, кіреберіс есігінде «778 ж. (1377 ж.) Ширмұхаммед Халим, Дурман ұлы» деген жазуы бары айтылады (Свод памятников, 1994, с. 333).
Пулқожашайқы – бұл Əмір Темірдің Ұзынатадан соң тұрақтаған орны. Осы аймақтағы ескерткіштерді алғаш 1871 ж. А.П. Федченко атап Шардарадан бастап Ешкіліге дейін мынадай құландылар барын көрсетеді: «Қызылқұмнан шығыста жатқан даланың кең бөлігі ертеде Сырдариядан шығарылған арықтармен суғарылуымен қызықты. … бетінде қыш бөліктері көптеп жатқан қала қалдықтары жатады. Шардара, Джиу-Сугума, Жоғарғысейіт, Төменгісейіт, Қаттысейіт, Сүткент, Байрақұм, Ешкілі қасындағы қалдықтар жатады» (Федченко, 1950, с. 178- 179). 1903 ж. Н.В. Рудневтің картасында Ұзыната мен Сүткент арасында екі бекініс орны белгіленген. ХХ ғ. 50 жж. ОКАЭ барлау барысында Е.И. Агеева, Г.И. Пацевичтер бір топ ескерткіштерді зерттеп олардың ішінде VІІІ-Х ғғ. Сейіттөбе қалашығын атайды (Агеева, Пацевич, 1958, с. 116-118).
Сүткент – Əмір Темір əскері Пұлқожашайқыдан кейін тұрақтаған қалашық (Материалы по истории, 1988, с. 157). Байырғы қалашық атауы осы кезге дейін сақталған. Ибн Хаукальдың «Китаб ал-масалик ал-мамалик» кітабында Сүткент Фараб уалаятының қаласы деп көрсетіледі (Бартольд, 1963, т.1, с. 234).
Ғылыми əдебиетте алғаш рет саяхатшы А.П. Федченконың Қызылқұм жөніндегі 1871 ж. есебінде аталады (Федченко, 1950, с. 179). 1994 ж. «Қазақстанның тарихи жəне мəдени ескерткіштер жиынтығы. Оңтүстік Қазақстан облысы» атты энциклопедиялық басылымда Сүткент ІІ елді мекен ретінде енгізіліп, тіршілік ету мезгілі ХV-ХVІІІ ғғ., ал Сүткент І қалашығы І-ХV ғғ. жатқызылған (Свод памятников, 1994, с. 334). Осы төбені жергілікті халық Шыңғыстөбе деп атайды.
Сүткенттен кейін Əмір Темір маршруты келесі елді мекендер арқылы жүріп өтті: «Ол жерден шығып Қамаршы атаға, одан шығып Сұлтаншайқыға, одан шығып Зернұққа [келді]…» (Материалы по истории, 1988, с. 157). Өкінішке орай, деректе «Камарши-Ата» аталатын жер қазір жоқ болуына орай оны баламалау қиын. Біз басында «Камарши-ата» Табақбұлақтан батысқа қарай 15 шақырым жерде орналасқан Қамырлыға сай келеді деп ойладық. Алайда бұл нүкте жолдан тым алыстап кетеді.
«Султайн-шайх» атты жер қазір белгісіз. Ол, біздің пікірімізше, белгілі мазарат – Зарлыққа сай келуі мүмкін. «Мұңлық-Зарлық» дастанында Зарлық патшаның баласы, яғни сұлтан. Сұлтаншайқы Зарлықтың өзге атауы болуы мүмкін. Зарлық Н.В. Рудневтың 1903 ж. жария еткен картасында белгіленген.
«Иш-Кули» — Ешкілі. 1580 ж. жорық барысында Абдаллах хан «Иш-Кули» деген жайлы, көркем жерге (местность очень приятная, красивая, и хорошая) келіп тоқтағаны айтылады (Материалы по истории казахских, 1969, с. 252) Сырдарияның сол жағалауында Ешкілі қалашығы аттас көл қасында орналасқан. Ғылыми əдебиетте саяхатшы А.П. Федченконың Қызылқұм жөніндегі 1871 ж. есебінде аталады (Федченко, 1950, с. 179). Ешкіліні В.А. Каллаурдың 1900 ж. жарияланған мақаласында ескі арна бойындағы қорғандар мен қамалдар тізімінде кездестіреміз (Каллаур, 1900, с. 10). Н.В. Рудневтің Сырдария бойындағы көне қалалар туралы жазбасында Ешкілі (Ичкеле) қалашық ретінде (Руднев, 1900, с. 57-62). 1903 ж. Н.В. Рудневтің картасында «Ичкеле (Разв. гор.)» деп көрсетілген. И.А. Кастаньенің «Қырғыз даласы мен Орынбор өлкесінің ескерткіштері» атты кітабында (Кастанье, 2007, с. 174-189) аталады. «Қазақстанның тарихи жəне мəдени ескерткіштер жиынтығы. Оңтүстік Қазақстан облысы» атты басылымға аталған қалашық енбей қалған.
Сүткентпен Зернук арасында басқа да шағын бекеттер болған. Осы арада Ибн Хаукальдың мына хабары еске түседі: «Онда қорғандар мен қамалдар бар. Бұл елдің жері сор жəне батпақты, егістіктері Фараб өзенінен батыста жатыр» (Акишев, Байпаков, Ерзакович, 1972, с. 29). Н.В. Рудневтың 1903 ж. жария еткен картасында Сырдария ағысымен төмен Жартөбеден кейінгі құланды орны Көксарай урочищесіне жетпей тұрып «разв. кр.» – «қамал қалдығы» деген белгі бар. Одан кейін Көксарай мен «урочище Джульбарс» ортасында «разв. кр. турткуль» – «төрткүл қамал қалдығы», «урочище Джульбарс» пен Шеңгелді арасында «разв. кр. турткуль» — «төрткүл қамал қалдығы», Шеңгелдіден кейін Рабат құландысы көрсетілген.
«Қисса-и Рабғузи» немесе «Қиссас-ұл əнбия» деген аттармен мəлім болған атақты шығарманың авторы Насреддин Рабғузидің туған жері «Рабатуғұз» атты елді мекен. Біз оны Сырдарияның сол жағасында, қазіргі Маяқұм елді мекенінен оңтүстік-шығыста 7 км қашықтықта орналасқан Рабат атты төбемен баламалаймыз. Рабат атауын Сырдария бойымен Шыназдан Түркістанға таяу Үшқайық өткеліне дейін 5 ай бойы аралап өткен Н.В. Рудневтың 1900 ж мақаласындағы байырғы елді мекендер тізімінде беріледі. 1903 ж. Н.В. Руднев жариялаған картада «Буг. Рабатъ» деп белгіленген.
1970 ж. Рабат ескерткішін ОАЭ зерттеген (Свод памятников, 1994, с. 139). 1994 ж.
«Қазақстанның тарихи жəне мəдени ескерткіштер жиынтығы. Оңтүстік Қазақстан облысы» атты энциклопедиялық басылымда Рабат ІV-VІІІ ғғ. ескерткішіне жатқызылған. Алайда оның үстінде жатқан күйдірген кірпіштерге қарағанда бұл ортағасырлық дəуірдің ескерткіші болып табылады. Ескерткішке таяу жерде күйдірген кірпіштен соғылған жеке ғимараттың іздері бар. Осы материалдар бұл ескерткіштің тіршілік мезгілін ХІV-ХV ғғ. апарады. Рабат атауы арабтың
«рабат» – «белгілі ара-қашықтықта орналасқан қарауыл бекеттерімен» байланысты. Бұл сөзбен керуендер тоқтайтын орынды да белгілеген.