БілімҚоғам

КӨКЖИЕКТЕГІ АРАЛ

Бұл күні «таза жел» дауылға айналды. Оңтүстік-батыстан соққан ауа ағысының тездігі сағатына жүз километрге жақындады.

Бұл дауыл — якор тастап портта тұрған кемелерді допша атып жағаға шығарып тастайтын, үйлердің шатырын жұлып әкететін, фабрик-заводтардың биік трубаларын жермен жексен қылатын барып тұрған күшті дауылдың бірі еді.

1825 жылы 23 июньде Гваделупта жиырма төрт сантиметрлік58 ауыр зеңбірек желдің екпінімен лафетінен аударылып қалған. Олай болса зіркілдеген толқыннан басқа ешқандай таянышы жоқ кемені мына дауылдың асықтай шүйіріп жіберетіні айдан анық.

Бірақ кеменің аман қалуына бірден-бір сенім, оның осы қатты жүрісіне байланысты. Кеме құтырына соққан дауылға қарсы тұра алмай ыға береді, егер оның құрылысы жақсы болса, не-не күшті дауылға да төтеп бере алады, «Пилигрим» де осы сияқты берік кемелердің бірі еді.

Көлбеу гротты жел жұлып әкеткен соң бірнеше минуттан кейін, ішін тартып қайта соққан дауыл бром-кливердің парша-паршасын шығарды. Дик Сэнд тіптен стаксельді де қоя алмады, бұл бір жапырақ кенеп болса да, кемені басқару ісін недәуір оңайлататын еді.

«Пилигримнің» барлық желкені түсіріліп қойылды, сонда да болса жел екпіні кеменің корпусына соғып, пәрменімен сырғытып айдай берді. Кейде толқыннан жоғары көтеріліп, табаны суға тиер-тимес сырғып бара жатқан тәрізденді.

Тау-тау толқындар кемені қақпақылдап әкетті.

Мұның үстіне толқынның кемені артынан дүре соғу қаупі төнді, себебі, жүйткіген толқын «Пилигримнен» әлдеқайда шапшаң еді. Арттан екінші толқын қуып жеткен кезде, кеменің кормосы тез көтеріліп толқын жалына іліне алмай қалса, толқынның астында қалып, кеменің суға батуы мүмкін. Дауылдан қашқан кемеге ең қауіпті жағдай осы.

Бұл қауіппен қалай күресу керек? «Пилигримнің» жүрісін тездетуге де мүмкіндік жоқ, өйткені оның барлық желкені алынып қойылған. Ендігі қолданар жалғыз-ақ амал,— рульдің күшімен кеменің тұмсығын толқынға қарсы ұстау, бірақ кеме рульге бағынбай, өз бетімен лағып кете берді.

Дик Сэнд штурвалдан аттап та шыққан жоқ. Ол кездейсоқ бірер долы толқын теңізге жұлып әкетер деп қауіптеніп, өзін өзі арқанмен байлап қойды. Сол сияқты Том мен Бат та өздерін-өздері байлап, жас капитанға жәрдем ету үшін қасыңда әзір тұрды. Геркулес пен Актеон битенгіге59 жабысып тұмсықтағы вахтада болды.

Жас капитанның бұйрығымен, миссис Уэлдон, кішкентай Джек, кәрі Нан, Бенедикт ағай палубаға шыққан каютада отырды. Миссис Уэлдон палубада болғысы келіп еді, бірақ Дик Сэнд орынсыз тәуекел етіп жазым табуға болмайтынын айтып, әйелдің бұл пікіріне үзілді-кесілді қарсы болды.

Люк біткеннің бәрі су кірместей етіліп жабулы еді. Жазатайым кеменің үстін толқын басып кетсе де, люктің қақпағы су салмағына төтеп бере алады деп сенді жас капитан. Егер де люк қақпағы су салмағына шыдамы опырылып кете қалса, күн қараң: кеме ішіне су толады да, қалқып жүретін қабілетінен айрылып, су түбіне кетеді. Бір жақсы жері, «Пилигримнің» жүгі дұрыс тең тиелген және кеме қаншама қатты шайқалса да, трюмдегі жүк бір орыннан қозғалмады.

Дик ұйықтап жарытқан жоқ. Тіптен миссис Уэлдон оны шалдығып ауырып қала ма деп қорқа бастады. Дикке аз да болса жатып мызғып ал, деп жалына берді ол.

Марттың он үшінен он төртіне қараған түнде, Дик Сэнд дем алып жатқанда, мынадай бір уақиға болды:

Том мен Бат штурвал вахтасында еді. Жайшылықта кеме кормосына сирек келетін Негоро, ойламаған жерде штурвал вахтасына келді, тіптен вахтада тұрғандармен әңгімелесуге де ойы кетті. Бірақ қарт негрдің өзі де, оның баласы да оған ешбір жауап қайырмады.

Сол арада кеме бір жақ бортына таман қапыл қисайып кетіп еді, Негоро ұшып түсті. Егер Нактоузға жармасып үлгірмесе, теңізге құлауында сөз жоқ еді.

Том айқайлап жіберді, ол компасты қиратты деп қорыққан-ды.

Дик Том қарттың айқайын ұйқыда жатып есітіп, көз ашып жұмғанша болмай палубаға жүгіре шықты да кормоға қарай ұмтылды.

Негоро бұл уақытта тұрып та үлгірген еді. Оның қолында нактоуз астынан суырып алған жалпақ темір бар-ды. Кеме аспазы жас капитанға сездірмей, әлгі темірді суға тастап жіберді.

Демек, Негоро компастың тілін бұрынғы қалпына түсіріп, кемені алғашқы бағдарына салғалы келген болар ма?

Шамасы, кемені алға қарай айдаған оңтүстік-батыстың желі, оның құпия мақсатына қызмет еткен болды.

— Не боп қалды? — деп сұрады жасөспірім.

— Мына оңбаған көк60 компастың үстіне жығылды! — деді қарт негр.

Бұл сөзден зәресі қалмай қорыққан Дик, асығып-үсігіп нактоузға үңілді. Компас бүлінбеген, оның бетіне фонарьдың жарығы түсіп, көрсеткіш тілі бұрынғы қалпында тұр.

Жас капитан ауыр жүгі жеңілгендей, уһ деп демін алды. Егер ақырғы компас та бұзылса, қайтып келеге келмейтін қырсыққа ұшыраған болар еді.

Бірақ нактоуз астына қойылған жалпақ темір алынған соң, компас тілі бұрынғы қалпына барып, тұп-тура магнитті полюсті көрсеткенін Дик Сэнд байқамай қалды.

Егер Негороны компасқа құладың деп айыптауға болмағанымен (бұл сияқты байқаусыз уақиға бола береді ғой), оның мезгілсіз уақытта кеме кормосында жүруіне жас капитан ғажаптанып, сезіктенуі де орынды.

— Сіз мұнда неғып жүрсіз? — деп сұрады ол.

— Жүргім келген соң, жүрмін,— деп жауап қатты Негоро.

— Сіз не айтып тұрсыз? —деп Дик Сэнд ашулана ақырды.

— Кормода жүруге тиым салынған тәртіп жоқ деп тұрмын,— деді кеме аспазы жайбарақат үнмен.

— Мұндай тәртіптің болмағаны рас, бірақ қазіргі сағаттан бастап осы тәртіпті мен шығарамын,— деді Дик Сэнд.— Сіздің кеме кормосына баруыңызға тиым саламын!

— Қарай гөр мұны! — деп айқайлады Негоро.

Бұл адам өзінің ежелден дағдыланып қалған үрейлі қимылын жасады.

Жас капитан қалтасынан алты атарын суырып алып тіп-тіке кеме аспазына қарай көздеді.

— Негоро, — деді ол,— сіз менің ешқашан алты атарсыз жүрмейтінімді біліп қойыңыз, егер бұдан былай да тәртіп бұзғандығыңызды көрсем, атып тастаймын!

Негоро, өзін бір алып күштің кенет палубаға қарай еңкейтіп бара жатқанын сезді.

Бұл күш оның иығынан бүркітше бүрген Геркулестің салмақты қолы еді.

— Капитан Сэнд,—деді ол,— бұл оңбағанды борттан лақтырып тастауға рұқсат етіңіз! Балықтар да бір тойып қалсын! Олар жақсы-жаманды талғамайды ғой.

— Жоқ, Геркулес, әлі ертерек,— деп жауап қатты жас капитан.

Алып өзінің салмақты қолын кеме аспазының иығынан қалған соң, Негоро еңсесін тік көтерді. Геркулестің жанынан өтіп бара жатып:

— Тоқтай тұр, қарғыс атқан негр, сен бұл қылығың үшін сазайыңды тартарсың,— деп күңкілдеді.

Компастың тілі бірден төрт румбаға барып тоқтапты, жел ыңғайы өзгерген екен,— деп ойлады Дик Сэнд компасқа қарап. Теңіз бетінде желдің бұл сияқты қапыл өзгеруіне жасөспірім ғажап қалды.

Кеме бұрынғы бағытына қайта түсті, бірақ толқын кеменің арт жағынан соғудың орнына, енді сол жақ бортын қиғаштай соқты. Бұл жағдай аса қауіпті еді, сондықтан Дик Сэнд кеме бағытын төрт румба өзгертуге мәжбүр болды.

Қатерлі ой жас капитанның мазасын алды. Негороның бүгінгі абайсыз жығылуы, алдыңғы компастың сынуына байланысты емес пе, мұнда біріне бірі ұштасып жатқан бірер жасырын сыр жоқ па екен, деп сұрады ол өзінен өзі. Кеме аспазы кормоға неге барды? Мүмкін, ол екінші компастың да істен шығуына тілектес болар? Компас біткен істен шыққанда, оған түсері не? Дик Сэнд бұл жұмбаққа түсіне алмай-ақ қойды. Негоро американ жағалауына тезірек жетуді басқалардан кем тілемесе керек. Дик Сэнд болған уақиғаны миссис Уэлдонға айтқанда, ол да Негороға сенбейтінін, алайда навигация приборларын сол бұзды дегенге ешқандай негіз жоқтығын айтты.

Дик Сэнд, Негороны өнебойы бақылап жүру керек деп ұйғарды. Ол бұған да қанағат етпей, Дингоны кормаға орналастырды. Кеме аспазының иттен аулақ жүретінін Дик білетін-ді. Бірақ Негоро өзінің кеме кормасына баруына капитанның тыйым салғанын есіне сақтап, енді қайтып кормоға бармайтын болды және оның енді ол жерде жұмысы да жоқ-ты.

Құйынды дауыл бұрынғысынша ұдайы бір жеті кәрлене зіркілдеумен болды. Барометр әлі төмендеуде. Марттың он төртінен жиырма алтысына дейін бір минут тынбай соққан күшті желдің алдына түсіп, желкен көтеруге мүмкіндігі болмаған кеме алға қарай ытқи берді.

«Пилигрим» тәулігіне екі жүз миль шамасы тездікпен солтүстік-шығысқа қарай тартып келеді. Жер әлі көрінер емес. Бұлардың жетеміз деп бет алған жері—американ континенті — Тынық мұхит пен Атлант мұхитының аралығында жүз жиырма градусқа шамалас созылып жатқан бөгет — барьер.

Дик Сэнд өзінен өзі, мен осы есімнен танбадым да, әлде есептен жаңылып оңбағандай бірер қате болмады ма, соның нәтижесінде «Пилигрим» көп күндер теріс бағытпен ақпады ма, деп сұрады. Жоқ, ол оншалықты қателеспеуі керек. Аспанды бұлт басқанымен, күн өнебойы кеменің алдыңғы жағынан шығып, арт жағынан батып отырды. Олай болса, кеме соғылып қирайды деп қорқып жүрген жер қайда? Мұнда болмағанда, ол Америка қайда құрып кетті? Мына сияқты қиыр-шиыр жүрістің үстінде «Пилигрим» Оңтүстік немесе Солтүстік Америкаға жетуі керек еді ғой. Осы үрейлі сұрапыл дауылдың кезінде нендей уақиғалар болып өтті? Жетеміз деп үміттенген жағалау, кеменің не бақытына, немесе сорына болса да бұлардың алдынан әлі күнге көрінбеуіне нендей жағдай болды! Әлде компастың көрсетуі теріс деп шамалау керек пе? Бірінші компас бұзылып істен шыққан соң, қалған жалғыз компасты салыстырып тексерерлік Диктің мүмкіндігі болған жоқ! Бұл жорамалдың бәрі Диктің көңіліне берік орнады, өйткені бұл жағдай жер шарының тұтас бір континенті үшті-күйді жоғалып кетуіне байланысты.

Дик Сэнд штурвалдан қолы босаған кездерде, аса зер салып картаны тексерумен болды. Қаншама ақтарса да, оған карта ешқандай түсінік бере алмады.

Марттың жиырма алтысы күні ертеңгі сағат сегіздің шамасында аса маңызды бір уақиға болды.

Геркулес вахтада тұр еді, ол кенет:

— Жер! Жер! —деп айқайлап жіберді.

Дик Сэнд ентелей басып тұмсыққа қарай жүгірді. Геркулес теңізші емес. Мүмкін, оның көзі алданған болар!

— Жер қайда? —деп айқайлады жас капитан.

— Ана жақта!—деп жауап қатты Геркулес, көкжиектің солтүстік-шығыс жақ бөлегінде болар-болмас қарауытып көрінген нүктеге қарай қолын шошайтып.

Желдің уілі мен жалданған толқынның біріне бірі шарт-шарт соққан шалпылы арасынан Геркулестің даусы әрең естілді.

— Сіз жерді көріп тұрсыз ба? — деп жас капитан қайталап сұрады.

— Ие, көріп тұрмын!—деді Геркулес басын изеп.

Ол солтүстік-шығысты көрсетіп тағы қолын шошайтты. Дик алысқа қарай көзін тікті… Бірақ ешнәрсе көре алмады.

Сол минутта Геркулестің айқайын ести сала, миссис Уэлдон Дикке берген уәдесін бұзып палубаға жүгіре шықты.

— Миссис Уэлдон! — деп айқайлады Дик.

Жас әйелдің уәдемен ісі болған жоқ, негр көрген жерді көруге әрекеттенді. Оның бар әмірі сонда тұрған тәрізді.

Бірақ Геркулестің қолы дұрыс бағытты көрсетпесе керек, өйткені миссис Уэлдон да, Дик те қаншама тесіліп қарағанмен, көкжиектен ешнәрсе көре алмады.

Осы арада Дик те қолын шошайтып:

— Ие! Ие! Жер!— деп айқайлады.

Бұлттың саңлауланған жыртығы арасынан тау шоқысына ұқсас әлденені оның көзі шалды. Бала жігіттің «теңізге үйренген көзі» қателескен жоқ: ол нағыз жердің өзін көрген еді.

— Ақыры, әйтеуір, ақыры көрінді-ау!—деп қуанғанынан бір айтқан сөзін қайталай берді.

Миссис Уэлдон көруден әлдеқашан күдерін үзген жерді тұтқаға жармасып тұрып көз айырмай қараумен болды.

Жағалау «Пилигримнен» он миль жерде, сол жақ бортта, ық жақта еді. Бұлттың жыртығы үлкейіп, бір жапырақ аспан көгі көрінді. Енді таудың биік шоқысын анық көруге болады. Бұл көрінген американ континентінің бірер мүйісі екенінде дау жоқ!

Желкені түсірілген жалаңаш мачталы «Пилигрим» мүйіске қарай дұрыс бағыт алып жүре алмады. Бірақ жерге еріксіз баруы керек,— бұл бірнеше сағаттың ішінде шешілетін мәселе. Қазір сағат сегіз, түс болғанша «Пилигрим» жағалаудың өзіне жетеді деген сөз.

Диктің иек қаққан белгісімен, Геркулес миссис Уэлдонды жетелеп кейін каютасына алып кетті, ол өздігінен палубада жүре де алмас еді.

Жас капитан кеме тұмсығында тағы бірсыпыра тұрып, сосын штурвалға қайтып барды, бұл кезде штурвалды Том қарт басқарып тұрған.

Дик шыдамы таусылып ынтыға күткен жерді де көрді! Қуанудың орнына неге қорықты ол? Өйткені жер ық жақтан, екпіндей заулап қатты келе жатқан «Пилигримнің» алдыңғы жағынан көрінді, мұның ақыры кеменің апат болып, жан түршігерлік жамандыққа айналуы ықтимал…

Бұдан кейін екі сағат уақыт өтті. Таулы мүйіс кеменің бұрынғы бет алған бағыты емес, бір бүйірден көрінді.

Осы арада Негоро тағы палубаға шықты. Жерге тесіле қарап, оның білгенін басқа кісі білмейтін кісіше басын изей түсті де, камбузына қайта кіріп кетті.

Дик Сэнд мүйістің төменгі жағалауын анықтап көруге тырысты.

Екінші сағаттың ақырында мүйіс кеменің арт жағында қалды, бірақ жердің өзі әлі көрінген жоқ.

Бұл екі арада көкжиектің бұлты ыдырап тұман ашылды, енді Анд тауы жиектеген американ жағалауының биігі жиырма миль жерден көрінуге тиіс.

Дик Сэнд подзор дүрбісін алды да ақырын жылжытып көкжиекті шолып өтті.

Көрініп тұрған жер жоқ.

Ертеңгісін көрінген мүйіс, түстен кейін сағат екінің кезінде артта қалып қойды.

Алдыңғы жақтан не биік, не аласа жер подзор дүрбіге ілінбеген соң, Дик Сэнд қатты айқайлап жіберді де, басқышпен төмен түсіп миссис Уэлдон, кішкентай Джек пен Бенедикт ағайлар тұратын каютаға қарай жүгірді.

— Бұл көрінген арал екен!—деп айқайлады ол.—Тек қана арал!

— Арал деймісің, Дик? — деп сұрады миссис Уэлдон.— Қандай арал?

— Қазір картадан қараймыз! — деп жауап қатты жас капитан. Ол өз каютасына барып карта алып келді.

— Міне, миссис Уэлдон, міне!—деді ол картаны жауып.— Біз көрген жер, Тынық мұхиттың картаға түспей қалған бір нүктесі болса керек. Бұл Пасхи аралы. Бұл арада одан басқа арал жоқ.

— Олай болса; жер біздің артымызда қалғаны ма? — деп сұрады миссис Уэлдон.

— Ие, ол арал қазір көрінбей кетті…

Миссис Уэлдон нүктедей боп әрең көрінген Пасхи аралына қадала қарады.

— Бұл арал американ жағалауынан қанша қашық?

— Отыз бес градуста.

— Ол неше миль болады?

— Екі мың мильге тарта.

— Олай болса, «Пилигрим» бір орыннан жылжымаған болғаны ғой! Біздің әлі күнге дейін жерден соншалықты қашық болуымыздың себебі қалай?

— Миссис Уэлдон…— деп бастады Дик. Ол өзіне ой түсіргісі келіп қолымен маңдайын сипады.— Мен біле алмай тұрмын… Мұның мәнісін қалай түсіндіруге білмеймін. Әлде компас бұзылды ма?.. Бұл тек қана Пасхи аралы болуы керек — жел бізді өне бойы солтүстік-шығысқа қарай айдады ғой… Ие, бұл Пасхи аралы, біз енді мұхиттың қай жерінде екенімізді білдік, жолымыз болса керек. Біз жағалаудан екі мың миль қашықта екенбіз! Оның есесіне мен енді бізді дауылдың қайда айдап апарып тастағанын білдім! Дауыл басылған соң, біз аман-есен түп-түгел американ жағалауына жетеміз!

Жас капитанның сеніммен айтқан сөзі жұрттың бәрін көңілдендіріп жіберді. Тіптен миссис Уэлдонның да көңілі көтеріліп қалды. Соры қалың жолаушыларға да, қауіп-қатер біткен кейін қалып, «Пилигрим» енді қауіпсіз портқа жақын жерде, портқа кіру үшін тек қана судың көтерілуін күтіп тұрған сияқты боп көрінді.

Пасхи аралы 1722 жылы ашылған, оның шын аты Вайгу, Ваяху немесе Рапануи. Ол 27° оңтүстік ендік пен 112° шығыс бойлықта жатыр. Сөйтіп, «Пилигрим», өз бағытынан бүтіндей он бес градус ауып кеткені анықталды. Дик Сэнд кеменің жолдан бұлайша адасуының себебін, өздерін оңтүстік-шығысқа қарай айдаған дауылдан көрді.

Сөйтіп, «Пилигрим» жерден әлі де екі мың миль қашықта болып шықты. Егер жел осы құйындатқан қалпынан айнымай соға берсе, кеме бұл екі мың миль жолды небәрі он күнде басып өте алады. Бірақ осы уақыттың ішінде ауа райы неғып қана түзеле қоймайды? Тіптен «Пилигрим» жер қарасына жақындаған кезде де желкендерін көтеруге болмайтын бола ма?

Диктің есебінше, ұдайы бірнеше күн тынбай соққан дауыл жуық арада басылуға тиіс. Жас капитан Пасхи аралының кездесуін жақсы ырым деп жорыды: өйткені ол «Пилигримнің» қазіргі уақытта мұхиттың қай жерінде екенін анық білді. Бұл жағдай оның өзіне өзінің сенімін нығайтты және саяхаттың аман-есен аяқталуына да сенім туғызды.

«Пилигрим» берік соғылған және жақсы жабдықталған кеме еді, соның нәтижесінде дауылдың қатты қысымынан бүлінбеді деуге болады. Ол тек көлбеу гроты мен бом-кливерінен ғана айрылды. Бірақ бұл жараны емдеп жазу оншалықты қиын емес. Оның қиюлары кендір торқасымен жақсы тығындалған, сондықтан кеме ішіне бір тамшы су өткен жоқ. Су төгетін помпа ақаусыз, дайын тұр.

Бұл жөнінде «Пилигримге» төнетін ешқандай қауіп жоқ.

Бірақ дауыл әлі зіркілдеуде, оның екпінін ешқандай күш кеміте алмайтын сияқты. Жас капитан «Пилигримді» дауылмен күресуге дайындап еді, бірақ желді тындыру, толқынды тоқтату, ауа райын жақсарту оның қолынан келмейтін іс…

Он үшінші тарау

«ЖЕР! ЖЕР!»

Диктің үміті жүзеге асатын сияқты.

Марттың жиырма жетісі күні барометрдің сынап бағанасы жоғары өрледі, бірақ бұл өрлеу — жарытымсыз, небәрі бірнеше сызыққа ғана жеткен еді. Атмосфера қысымының жоғарылауы болымсыз, дегенмен оның тұрақты болатын түрі бар. Теңіз беті алай-түлей болғанымен, сірә, дауыл басылуға бет алса керек, жел де бәсеңси бастап, батысқа қарай бұрылды.

Әйтсе де, желкен көтеруге болмайтынын Дик жақсы білді. Жел тіптен алақандай кенеп көтерсе де жұлып әкетер еді. Сонда да болса жиырма төрт сағаттың ішінде ең болмаса стаксельдердің бірін көтеруге мүмкіндік болар деп сенді жас капитан.

Шынында да солай болды: дауыл түн ішінде бәсеңси бастады, кеменің шайқалуы да бұрынғыдай емес. Желдің кешегі екпіні кемені быт-шыт қылып қиратып тастарлықтай үрейлі еді.

Жолаушылар ертеңгісін палубаға шыға бастады. Кенет соққан толқын кеме бортынан өздерін жұлып әкетер деп енді қорықпады. Дауылдың алғашқы күнінен бастап күні бүгінге дейін қамауда отырған миссис Уэлдон бүгін жұрттан бұрын каютасынан шығып, палубаға көтерілді де Диктің қасына келді.

Жас жігіттің адам айтқысыз жігері, құлақ естіп көз көрмеген қиындықтарға төтеп беріп, бәрін де жеңіп шықты. Оның беті жел қағып тотыққан, реңі бозарып жүдеген. Ол буыны әбден бекіп, бұғанасы қатып болмаған жас еді, оған бәрінен гөрі түнгі ұйқы ауырлау тисе керек. Диктің басынан кешірген осы қиыншылықтар, бір кезде денсаулығына зиянын да тигізетін болар. Бірақ қазір бұл сияқты жағдайлармен санасатын уақыт емес. Оның бүгін де бұрынғысындай жігерлі екенін миссис Уэлдон байқап қалды. Бала жігіттің ерлікке лайық, жігері қиыншылықтың бәріне де шыдады. Мұның үстіне өз әрекетіне берік сенді, ал сенім деген нәрсе күшке күш қосады.

— Шырағым, қымбатты капитаным менің! — деді миссис Уэлдон жас капитанға қолын созып.

— Ах, миссис Уэлдон, — деді күлімсіреп,— менің өтінішімді орындамай палубаға шығыпсыз ғой.

— И, сенің бұйрығыңды орындамадым,— деп мойындады миссис Уэлдон,— бірақ маған дауыл басылған сияқты көрінді.

— Шынында да, миссис Уэлдон, ауа райы түзеліп келеді,— деп жауап қатты жасөспірім.— Сіз қателескен жоқсыз. Кешеден бері барометрдің сынабы жоғарылап барады. Жел де басылайын деді, ал енді жағдайдың ең қиын жерін артқа салдық деп шамалаймын.

— Олай болса жақсы-ақ, болар еді-ау! Бірақ байғұс бала, көрмеген азабын қалмады ғой! Сен өзіңді өзің қалай ұстарыңды білемісің…

— Мен тек қана өз міндетімді атқардым ғой, миссис Уэлдон.

— Енді саған дем алу керек.

— Дем алу?! — деді жасөспірім бұл ұсынысқа қарсы болып.— Мен дем алуға мұқтаж емеспін, миссис Уэлдон. Мен өзімді өте тың деп білемін және бұл сапардың ақырына дейін шыдаймын деген сенімім мол. Сіз мені «Пилигримнің» капитаны етіп белгіледіңіз, мен бұл атақты «Пилигрим» жолаушылары қашан қауіпсіз жағдайға жеткенше сақтауға міндеттімін!

— Дик,— деді миссис Уэлдон,— сенің істеген қызметіңді мен де, менің күйеуім де — екеуміз де ұмытпаймыз!

— Ол не дегеніңіз… миссис Уэлдон! — деп күбірледі бала жігіт.

— Балам, қайталап айтамын, сен өзіңді өзің кәдімгі ересек адамша ұстай білдің. Сен білімді кеме командиріне лайық екеніңді көрсеттің. Оқуыңды бітірген соң, ұзамай Джемс Уэлдонның кемелерінің біріне капитан боласың.

— Мен… мен…— дей беріп еді, Диктің көзі жасаурап қоя берді.

— Дик,— деп миссис Уэлдон сөзін жалғастыра берді,— сен маған бала болдың! Сен менің, өзіңнің інің Джектің де құтқарушысысың! Қымбатты Дик, бері келші, бетіннен сүйейін!

Жас әйел өзінің толқыған көңілін тоқтатып тұра алмады. Жасөспірімді құшақтап бетінен сүйгенде, жүрегі аузына тығылып көзіне жас іркілді. Ал Дикті толқытқан сезімнің қаншалықты күшті болғанын айтпаса да белгілі.

Бұл әңгімеден кейін Дикке жаңадан күш қосылғандай болды. Кемені қауіпсіз портқа жеткізіп, жолаушыларды қатерден құтқарып қала алатынына күманданбады. Тек қана соғып тұрған дауылдың күші ең болмаса желкен көтеруге боларлықтай бәсеңдесе екен!

29 март күні жел бәсеңдеген үстіне бәсеңси түсті. Дик грот пен фокты көтеруге ұйғарды.

— Достарым,— деді ол матростарға қарап, сол күні таңертең палубаға шығып,— маған сіздердің жәрдеміңіз керек.

— Қызметіңізге әзірміз, капитан Сэнд,— деді Том қарт бәрі үшін жауап қайырып.

— Бізге сеніңіз,— деп Геркулес те үстеп қойды,— дауыл соққан кезде істейтін жұмыс болмай, қолымызды қусырып қарап отырдық қой, мен тотыға бастадым.

— Сен үлкен аузыңды керіп, желкенді үрлесең болар еді,—деді кішкентай Джек.— Сенің үрлегенің соққан желден кем болмас деймін.

— Джек, мұның табылған ақыл, қандай тамаша! — деп күлді Дик Сэнд.— Штиль бола қалса, желкенді желге кернете гөр деп Геркулеске жалынармыз.

— Тек қана бұйырып көріңіз,— деді алып, екі ұртын Борейше61 желге толтырып.

— Достарым,— деді Дик Сэнд,— біз жұмысты жел жұлып әкеткен гроттың орнына жаңа грот орнатудан бастаймыз. Бұл оңай жұмыс емес, бірақ істеу керек.

— Істейміз,— деп жауап қатты Актеон..

— Ал, мен ше, мен сіздерге жәрдемдесе алмаймын ба?— деп сұрады қашан да болса еңбекке дайын тұратын кішкентай Джек.

— Әрине, жәрдемдесе аласың, Джек, — деді жас капитан.— Сен біздің Бат доспен бірге штурвал дөңгелегін айналдырып жәрдемдесесің.

Әрине, кішкентай Джек өзінің рульшіге орынбасарлық жаңа қызметін мақтанышпен қабыл алды.

— Ал, қане, іске кірісейік! — Дик Сэнд сөзін жалғастырды.— Естеріңде болсын, достарым, аса қажетті болмаса, қауіпті іске орынсыз тәуекел ете көрмеңдер!

Матростар жас капитанның басшылығымен іске жігерлене кірісті. Шиыршықтап бүктелген желкендерді мачтаға көтеріп, рейге байлау керек. Дик Сэнд аса тапқырлықпен жұмысқа басшылық етті, ал матростар оның істе дегенін тапжылдырмай шын ықыластарымең орындап, бір сағат уақыттың ішінде желкендер көтеріліп, оларды екі риф жиырып та қойылды.

Команда желдің күштілігіне қарамастан, дауыл соғардың алдында түсіріп қойылған желкендерді оншалықты қиналмай-ақ мачтаға көтеріп қойды, сөйтіп ертеңгі сағат ондардың кезінде «Пилигрим» фоктың, көлбеу гроттың және бір кливердің итермелеуімен алға қарай заулап бара жатты.

Дик Сэнд сақтық жағын ескеріп, басқа желкендерді көгермеді. Кеменің тәуліктік жүріс тездігін артығымен екі жүз мильге жеткізу үшін осы көтерілген желкендердің өзі-ақ қамтамасыз ете алатын болды, он күнге жетпей-ақ американ жеріне жету үшін осы көтерілген желкендердің өзі-ақ жетіп жатыр.

Дик Сэнд жел мен толқыннан келетін кесірден «Пилигримді» ада-жүдә құтылды деп шамалады. Кеме қанағаттанарлық тездікпен дұрыс бағытқа қарай бет алып заулап бара жатыр.

Жас капитан штурвалға қайта келіп, рульшінің жәрдемшісі кішкентай Джекке алғыс айтты да өз орнына тұрды.

Оның кемесі енді толқынның ойыншығы емес, өзінің дұрыс бағытымен келе жатыр. Диктің бұл уақыттағы қуанышына тек теңіз ісімен таныс адам ғана түсіне алады.

Келесі күні кенет бұлт шығып көк жүзін тағы торлап алды, бірақ бұлттың ара-арасындағы кең алаңқыдан түскен күн көзі мұхит бетін алтынға малғандай жарқыратып тұр. «Пилигрим» ауық-ауық теңіз бетінің күн сәулесі түскен жерлеріне кездесіп, сол жерлерді бойлай жүзіп келе жатты. Жанды-жансызға дәрмен беретін бұл жарық — не деген бақыт! Кейде ұшпа бұлт кездесіп көлегейлей береді, бірақ жел оны шығысқа қарай айдап әкетті де, күн көзі қайта көрініп, жарқыраған нұрын тағы төкті. Ауа райы түзелді.

Кеме бөлмелерін жел қақтыру үшін люк біткенді тегіс аштырып тастады. Трюмге, кеменің астыңғы қабатындағы команда бөлмесіне және кают-компанияға теңіздің тұзды таза ауасы толды. Су болған желкендерді кептіру үшін ростр62 үстіне жайып тастады. Палубаны мұқият тазалау жұмысы басталды. Жас капитан «Пилигримді» әбден тазаламай лас күйінде портқа кіргізгісі келмеген-ді. Кемені көрнекті тәртіпке келтіру үшін экипажды шаршатпай-ақ күн сайын бірнеше сағат жұмыс істеудің өзі-ақ жеткілікті болды.

Дик Сэнд кеменің жүріс тездігін артта қалып бара жатқан ізінен ғана өлшеп шамалады. Бұл әдіс дәл емес еді, сонда да болса кеменің жеті күннен әрі кетпей жер қарасын көретініне күманданбады. Ол «Пилигримнің» қазіргі келе жатқан жерін картадан көрсетіп, сол сенімімен миссис Уэлдонды да сендіре алды.

— Жақсы, Дик,— деді миссис Уэлдон.— Сен енді маған мынаны айтшы, біз американ жағалауының қай жеріне ілінеміз?

— Міне, мына араға,— деп жауап қатты Дик Сэнд, Перуден Чилиге дейін созылып жатқан ұзын жағалауды картадан сұқ қолымен шұқып көрсетіп.— Бірақ дәл осы ара деп айта алмаймын. Қараңызшы, мынау Пасхи аралы. Соңғы күндердің ішінде жел ыңғайы ауысқан жоқ, ендеше біз жерді осы маңнан, шығыстан көруіміз керек. Осы жағалауды бойлай салынған порт аз емес, қай порттың жақын екенін, «Пилигримнің» жерге қашан жететінін сенімді түрде айта алмаймын.

— Мейлі, қайсысы болса онысы болсын… қайткен күнде де бірер портқа жетсек болғаны!

— Әбден жетеміз, миссис Уэлдон. Біз қайда тоқтасақ та, сіз Сан-Францискоға жете аласыз. «Тынық мұхиттың теңіз компаниясы» бұл жағалауда жақсы қызмет атқарады. Оның пароходтары батыс порттардың бәріне де тоқтайды, ол арадан Калифорнияға жету оңай.

— «Пилигримді» Сан-Францискоға апарғың келмей ме? — деп сұрады миссис Уэлдон.

— Әрине апарамын, миссис Уэлдон! Алайда сізді жолаушылар таситын кемелердің біріне мінгізсем деп ем, сосын «Пилигримді» Сан-Францискоға өзім апарар едім. Егер капитан мен команда алуымызға мүмкіндік болса, кит майын өткізу үшін Вальпарайсоға жөнелеміз,— капитан Гульдің өзі болса да сөзсіз осылай етер еді. Біз Вальпарайсодан Сан-Францискоға барамыз. Бірақ бұл жүріс сізді ұзақ кідіртіп, уақытыңызды алар еді. Сізден бөлініп кету маған қаншалықты қиын болса да…

— Жақсы, Дик,— деп миссис Уэлдон оның сөзін бөлді.— Бұл туралы біз тағы бір сөйлесерміз. Бірақ маған мынаны айтшы, сен бұрын жат жағалауға жақын баруға қорқатын сияқты едің ғой?

— Мен қазір де қорқамын,— деп мойындады жасөспірім.— Бірақ мен жағалау маңынан бірер кеме кездесер деп сенемін. Расын айтқанда, менің өте таңданатыным, әлі күнге шейін бірде-бір кеме кездеспеуі… О, ең болмаса бірер кеме кездессе екен! Біз «Пилигримнің» дәл қай жерде екенін білер едік те, сосын ешқандай қауіптенбей-ақ жағаға тоқтауымызға болар еді.

— Бұл жерлерде кемені гаванға бастап апаратын лоцман болмай ма? — деп сұрады миссис Уэлдон.

— Болатын шығар,— деді Дик Сэнд.— Бірақ олар жағалаудың өзінде ғана жүреді. Сондықтан да біз мүмкіндігі болғанынша жерге жақынырақ баруға тырысуымыз керек.

— Ал, егер лоцман таппасақ қайтеміз? — деп сұрады миссис Уэлдон.

Жас капитанның әр түрлі кездейсоқ жағдайларға дайындығы бар ма немесе алаңсыз ба, жас келіншек осы жағын анықтағысы келіп ежелей сұраған еді.

— Миссис Уэлдон, бұл сияқты жағдай кездесіп… егер ауа райы жақсы, жел бәсең болса, қауіптенбей-ақ, тоқтайтын орын қашан табылғанша кемені жағалау бойлай ерсілі-қарсылы жүргізе берер едім. Егер жел тағы күшейіп кетсе…

— Онда қайтер едің?

— Егер жел «Пилигримді» жерге соқтыратын болса…

— Онда ше?.— деп сұрады миссис Уэлдон.

— Онда кемені амалсыздан жағаға шығарып тастаймын ғой, — деп тұнжырады жасөспірім.— Бірақ бұл шарасыздың күнінде ғана істеледі. Бұл сияқты ақырғы шараға бара қоймаспыз. Сіз босқа әбігерленбеңіз, миссис Уэлдон, сірә ауа райы түзелетін болар. Жағалау маңынан бірде-бір кеме немесе лоцман қатерлерінің кездеспеуі мүмкін емес, «Пилигримнің» өзі де тұп-тура жерге қарай келе жатыр, сарыла күткен жерді көп кешікпей-ақ көрерміз деп сенуге болады.

Кемені жағаға шығарып тастаймын дейді! Мұндай ақырғы шараға, тіптен ең батыл теңізші болса да қорықпай тәуекел ете алмас еді. Диктің де бұл ақырғы шараға барғысы келмейтіні таң қаларлық іс емес, өйткені оның жақсылықтан әлі үміті бар.

Келесі күні ауа райы құбыла бастады, бұл жағдай жас капитанды әбігерге салды. Жел бәсеңдемеді, барометрдің сынап бағанасы төмендеп, жаңа дауылдың нышанын көрсетті.

Дик Сэнд желкен біткенді қайта түсіріп, тағы дауылдың қуғынына түсетін боламыз ба деп қауіптене бастады. Ең болмаса бір желкенді қалдыра тұру жас капитанға соншалықты қажет, сондықтан әзірше фокты түсірмей орнында қалдырды.

Дик Сэнд мачтаны бекіту үшін фордунды тартуға бұйырды, бұл іс сақтанудың ең басты шарасы болатын: Егер «Пилигрим» рангоуттан63 айрылса, аса қауіпті жағдайға ұшырар еді.

Соңғы күндердің ішінде барометр бір-екі рет жоғары секіріп, жел ыңғайының кенет өзгеру қаупін туғызды. Егер жел кеменің қарсы алдынан соқса, не істеу керек? Ерсілі-қарсылы жүзе бере ме? Жағдай оны ерсілі-қарсылы жүзуге зорласа бұл тәуекелдің ақыры тағы ашық теңізге шығып қалып, қаншама кедергіге соқтырады.

Бір жақсы жері, жас капитанның бұл қауіптенуі негізсіз болды. Жел бірнеше күнге шейін солтүстіктен оңтүстікке қарай ауысумен болды, бірақ ақырында батысқа бұрылып алды.

Апрельдің бесі. «Пилигримнің» Жаңа Зеландиядан шыққанына екі жарым айдан асып барады. Алғашқы жиырма күннің ішінде қарсы соққан желмен теңіз штилі кеме жүрісіне кедергі жасаған-ды. Одан соң жел ыңғайдан тұрып, «Пилигрим» құрғақ жерге тез-ақ жақындап қалған. Әсіресе желдің құйындатып соққан шақтарында кеме орасан қатты жүзіп, орташа есеппен тәуліктік жүрісі екі жүз мильден кем емес деп есептеді Дик Сэнд. Олай болса, бүгінге шейін жағалауға неғып қана жете алмады? Бұл арасы түсініксіз жұмбақ мәселе!

Матростардың біреуі бом-брам-рейге64 шығып құрлықты бақылап тұрған. Диктің өзі де жиі-жиі мачтаға шығып қараумен болды. Қайдан да болса бірер таудың шеңбері бұлт арасынан қарауытпас па екен деп дүрбімен ұзақ қарады. Анд65 тауының тізбектелген биік шоқыларын өте алыстан, көкжиектегі бұлт арасынан іздеу керек еді.

Том да, оның жолдастары да алыстан көрінген кейбір өзге түсті бұлтты құрғақ жер деп шамалап талай рет алданып қалған. Олар жер көрдік деп өршеленіп, көрдік деген жері бұлт арасына кіріп жоғалғанда ғана өздерінің қателескендерін мойындаған уақыттары болды.

Бірақ апрельдің алтысы күні күдікке орын қалмады.

Ертеңгі сағат сегіздің кезі еді, Диктің рейге шыққаны сол ғана. Алғашқы түскен күн нұры мұхит бетіндегі тұманды ыдыратып, көкжиек кәдімгідей анық көрінді.

Көптен бері зарыға күткен сөз Диктің аузынан бүгін шықты:

— Жер! Алдымызда жер! —деп айқайлады ол.

Бұл сөзді естіген бойда жолаушылар палубаға жүгіре шықты. Не болса соған әуестене қалатын бала біткеннің әдеті ғой, кішкентай Джек те, көрген азабының бәрін құрлық арылтады деп үміттенген миссис Уэлдон да, өз жеріне аяқ басуды аңсай күткен Том мен оның жолдастары да, тіптен жаңа жәндіктермен коллекциясын байытуды көздеген Бенедикт ағай да палубаға шықты.

Палубаға шықпай қалған жалғыз-ақ Негоро.

Жерді бәрі көрді: олардың арасындағы көз жанары өткір біреулері жерді анықтап ажыратты, ал жер сағынған біреулер мүлдем басқа жақтан жер көрген сияқтанады.

Жасөспірім тәжірибелі теңізші еді, ол қателеспеді. Бұл жолғы үміттің алдамағандығы бір сағат болмай-ақ бәріне де мәлім болды.

Шығыс жақтан жағалау ойпатының бейнесі көрінді, шынында да бұл көрінген жағалау — жер еді. Теңіз жағасына таяу көсіліп жатқан Анд тауының тізбегін төменгі бұлт қалқалап, анықтап көруге мүмкіндік бермеді.

Жер минут сайын молая көрініп, бірден бірге жақындай берді, «Пилигрим» құрғақ жерге қарай тіке тартып келеді.

Екі сағаттан соң кеме мен құрлық жердің арасы үш миль шамасы жақындады. Жағалау солтүстік жақтағы биік мүйіске барып айқасқан, оның негізі бейнебір ашық рейд66 сияқтанып көрінеді. Шығыс жақтағы жер ойпаттау, сүйірлене келіп мұхитқа енген.

Жағалаудың үстіңгі жағы қатпарланған тұмсық, тұмсықтың беткейіне аласалау ағаш өскен, жер ыңғайына қарағанда бұл тұмсықтарды Анд тауының биік шоқыларының төменгі қабаттары ғана деуге болады.

Не порт ,не адам мекені, тіптен өзен құйылысы да жоқ, мұндай жерде кеме тоқтату үшін қауіпсіз орынды қайдан іздеп таппақ?

Ыңғай соққан жел «Пилигримді» тіп-тіке жерге қарай айдап келе жатыр. Кеменің көтерулі желкені аз, оның үстіне жел де күшті, сондықтан ашық теңіздің ортасында тұрып Дик Сэнд қорғана алмайтын болды.

Кеменің маңдай алдынан, теңіз жиегіне жуық жағалауды бойлай жатқан су асты құздарының қылпы көрінді. Тас үстіндегі су бұрқылдап аспанға шапшып көпіршіп жатыр. Теңіз толқынының соққан екпіні аса күшті болса керек. Кереметтей алып толқындар жарқабаққа шапшып кейін.қайтып жатқаны көрініп тұр.

Жас капитан жағалауға тесіле қарап, бірсыпыра уақыт кеме тұмсығында тұрды. Сосын үн қатпастан кормоға келді де, штурвалға барды.

Жел барған сайын күшейе берді. Сәлден соң кеме мен жағалаудың арасы жақындай түсті, енді небәрі бір мильдей-ақ.

Ұзақтамай бір кішкене қойнауға Диктің көзі түсті. Бірақ оған кіреберіс жолда көлденең жатқан су астының құз тастары кемені жіберер емес, кемені ол құздардың ара-арасымен жүргізу өте қиын. Жағалаудың ұзына бойға тайыз екендігі судың көбіктенгенінен-ақ мәлім еді. Осы минутта палубада әрлі-берлі жүгіріп Динго кеме тұмсығына барды да тоңқая отырып, адамның сай сүйегін сырқырата ұлып қоя берді. Ит бұл жағалауды таныған, мұның көрінісі иттің ішінде жатқан өткен күндердегі бірер қайғылы уақиғаны оятқан сияқты.

Иттің ұлыған дауысымен Негоро каютасынан шығып палубаға көтерілді, өзін сездіріп алғанын итпен көрші болғаннан-ақ біліп еді ол, сонда да болса бортқа барып сүйенді, бірақ Динго, кеме аспазына қараған да жоқ, шағынған үнмен ұли берді.

Негоро су асты құздарына соғылып зіркілдеп жатқан көбікті толқынға қарап тұр, оның бетінен қорқыныш дегеннің көлеңкесі де білінбейді. Алайда аспаздың сыртынан қарап тұрған миссис Уэлдонға Негороның реңі бір сәттей өзгеріп кеткен сияқты көрінді.

Әлде «Пилигримді» жел әкелген бұл жағалауды Негоро танитын болар?

Дик Сэнд штурвалды Том қартқа беріп, өзі қоршауға кіретін жолды ақырғы рет барлау үшін кормоға келді. Бірнеше минуттан соң қатты айқайлап:

— Миссис Уэлдон,— деді ол,— «Пилигрим» тоқтарлықтай қауіпсіз орын табамын деген үмітім енді үзілді. Отыз минуттан аспай кеме су асты құздарының үстінде болады…

Кемені жағаға шығарып тастауға тура келеді. Мен «Пилигримді» портқа жеткізе алмайтын болдым. Сіздің өміріңізді сақтап қалу үшін кемені садақа қылу керек. Одан басқа лаж жоқ…

— Сен қолыңнан келетін шаралардың бәрін істеп болдың ба? — деп сұрады миссис Уэлдон.

— Бәрін де! — жас капитан жауапты қысқа қайырды.

Сөйдеді де, алдағы қатерлі маневрдің дайындығына кірісті.

Бәрінен бұрын миссис Уэлдонға, кішкентай Джекке, Бенедикт ағай мен Нанға суға батырмайтын дөңгелек киіңдер деп бұйырды, кигілері келмеп еді, Дик зорлап кигізді. Матрос негрлер мен Диктің өзі асқан жүзгіштер еді, сонда да болса жазатайым суға құлап кетпеу үшін шара істеді.

Миссис Уэлдонды Геркулеске тапсырып, Джекті жас капитан өз қамқорлығына алды. Бенедикт ағай аспай-саспай сабырмен палубаға шықты, жәндіктер толтырылған қаңылтыр қалбырын қайыс таспамен иығына асып алған. Дик оны Бат пен Актеонға тапсырды. Ал Негороның суық та сұсты түрі ешкімнің жәрдеміне мұқтаж еместігін аңдатып тұрған.

Әлде қалай керегі боп қалар деген оймен Дик Сэнд он шақты кеспек кит майын палубаға шығартып қойды.

«Пилигрим» көбіктеніп жатқан иірім толқынның дәл үстінен өте берген кезде, майды суға төгіп жіберсе, толқын сәл уақытқа басыла қалады. Бұл жағдай кеменің су асты құздарының арасынан өтуіне жеңілдік жасайды. Дик Сэнд жолаушыларды аман сақтап қалу үшін бар мүмкіндікті қолдануға бел байлады.

Жас капитан күллі дайындықтың бәрін істеп болды да, кормоға барып штурвалға тұрды.

«Пилигрим» мен жағалаудың арасы небары екі-ақ кабельтов, басқаша айтқанда, су асты құзының өзіне жетіп қалды. Кеменің оң жақ борты иірімді толқынның ақ көбігіне көміліп те қалған еді. «Пилигримнің» табаны су асты құздарының біріне килігеді деп жас капитанда үрей жоқ.

Су асты құздарының аралығына кеменің келіп қалғанын Дик Сэнд судың түсінен біле қойды. Мүмкіндігі болғанынша жағаға жақынырақ барып қайырлау үшін, қуысқа кіруге тәуекел ету керек болды.

Жас капитан мүлдем қобалжыған жоқ. Штурвал дөңгелегін кілт бұрып жібергенде, кеме ирек-ирек қысаң өткелге барып кірді.

Теңіздің осы жері өте-мөте долдана тулап жатқан. Толқын палубаны жуып кетті.

Матрос негрлер капитанның бұйрығын күтіп, кеме тұмсығындағы май толтырылған кеспектер жанында тұрған.

— Төгіңдер, майды! — деп айқайлады Дик Сэнд.— Тез төк!

Кит майын төгіп жіберген кезде, зіркілдеп жатқан көбікті толқын май қабатының астына түсіп үні өше қалды, ол әлде ішін тартып, бір минуттан соң қайта зіркілдейін деген болар.

Бірақ «Пилигримнің» су асты құздарының арасынан өтіп кетуіне осы минуттың өзі-ақ жетіп жатты. Енді кемені дауыл жағаға қарай айдап әкетті.

Бір кезде сұрапыл екпін сап ете түсті. Таудай толқын кемені көтеріп апарып тасқа бір-ақ ұрды. Мачталар омырылып суға түсті.

Тасқа соғылған кезде кеменің бүйірі ойылып, трюмге су қаптады. Бірақ құрылық жақын, небары бірнеше қадам ғана. Судан шығып тұрған қара тастарға басып құрылыққа шығу қиын емес.

Апаттан соң он минуттан кейін, «Пилигримнің» командасы мен жолаушылары құрғақ жеріне аяқ басты.

Он төртінші тарау

НЕ ІСТЕУ КЕРЕК

Жетпіс төрт күнге созылған ұзақ сапардан, штильмен, желмен, құйынды дауылмен табан тіресе күрестен аман шыққан «Пилигрим» ақыры жағалаудың құзына ұрынып апат болды!

Миссис Уэлдон мен кеме экипажы құрғақ жерге аяқтарын басып, өздерін шексіз бақытты деп санады. Олар енді дауыл айдап апарып тастайтын елсіз аралда емес, материкте тұр. Оңтүстік Американың қай жеріне шықса да бәрі бір, қиналмай-ақ өз елдеріне жете алады.

Бірақ «Пилигрим» қайтып келеге келместей болып қирады, теңіздің жарға соққан толқыны оның сынықтарын бірнеше сағаттың ішінде жан-жаққа таратып та әкетті. Кемедегі жүкті аман сақтап қалуды ойлаудың да қажеттігі жоқ.

Дик Сэнд кемені аман сақтап қала алмағанымен, ондағы жолаушыларды түп-түгел аман-есен жағаға жеткізгенін мақтаныш етуіне хақы бар-ды.

«Пилигримнің» апат болған жері Оңтүстік Америка жағалауының қай бөлегі? Диктің шамалауынша Перу жағалауында апат болды ма? Бұның қисыны бар: өйткені, Пасхи аралынан өткен соң, экваторлық ағыс пен жел кемені солтүстік-шығысқа қарай айдаған-ды. Бұл жағдайда кеменің қырық үш градус оңтүстік ендіктен он бес градусқа барып қалатыны әбден түсінікті.

«Пилигримнің» апат болған жері дәл қай шама екендігін мүмкіндігі болғанынша тезірек анықтау керек болды. Перу жағалауына толып жатқан порттар, қалалар мен қыстақтар орналасқан, сондықтан, егер Диктің шамалауы дұрыс болса, жолаушылар бірер ел мекендеген жерге қиналмай-ақ жете алады.

«Пилигримнің» апатқа ұшыраған жері оншалықты биік емес, бірақ тік жар, ың-жыңсыз қаңырап жатқан иесіз жағалау болып шықты… ұзыннан шұбақ көсіліп жатқан енсіз құм салалары, жағалаудың бетін құздан омырылып түскен қара тастардың сынықтары басқан, құздың кей жерлерінде аңырайған жарықтар көрінеді, қырқаға шығуға боларлық жайпауыттау ыңғайлы жерлері де бар.

Шыңның теріскей жағында, бұлардан ширек миль жерде, шыңды жарып ағып жатқан кішкене өзен бар. Өзеннің үстіне неше түрлі ағаш өсімдіктері төніп тұр.

Жағалаудың дәл өзінен басталған қалың жасыл орман алысқа созылып, сонау көкжиектегі көк тауға барып ұштасқан. Егер Бенедикт ағай ботаник болса, мұндағы алуан түрлі ағаштарды көргенде, қуанышы қойнына сыймас еді. Бұл жерде биіктігі аспанмен таласқан бауобаб та бар, бұл ағаштарды бұрын мәңгілік деп атайды екен, мұнда веерник, теңіз жағалауының қарағайлары, тамариндалар, перечиктер, жаңа дүниенің солтүстік бөлегінен кездесетін басқа түрлі мыңдаған өсімдіктер де бар.

Жағалауда топ-тобымен бұлтша қалықтап жүрген құстар, олардың шаңқылдаған дауыстары, әсіресе қара көк жүнді ақбас қарлығаштардың шаңқылдағаны құлақты жара жаздайды. Кей жерлерде сымбатты да ірі денелі көк мойын құс — шіл көрінеді.

Миссис Уэлдон мен Дик Сэнд — құстардың адамнан оншалықты үрікпейтінін байқады. Құстар ешқандай қорқып-үрікпестен адамдарды өздеріне жақын барғызды. Олар бұрын-соңды адам көрмегені ме, адамнан сақтануды неғып қана білмейді екен? Шынымен-ақ осы иесіз жағалауда мылтық даусы бұрын-соңды естілмегені ме?

Жағалауда жүрген бірқазандардың есебі жоқ! Олар тұмсығының астындағы салбырап тұрған қайыс дорбаларын ұсақ балықтармен сықап алған.

Ашық теңізден шағалалар ұшып келіп «Пилигрим» сынықтарының үстінде айналып жүр.

Шамасы, жағалаудың осы бөлегін мекендеуші бірден-бір тірі жан тек қана құстар болса керек. Бұл арада Бенедикт ағайды қызықтырарлық жәндіктердің де көп екені өзінен өзі белгілі.

Әйтсе де, бұл араның қай жер екендігін ондағы құстардан да, жәндіктерден де айырып білу мүмкін емес. Бұл жағалаудың атын тек қана тұрғын халықтар айта алады. Бірақ мұнда ешқандай ел жоқ. Тым болмаса бірде-біреуінің қарасы да көрінбейді.

Бұл маңайда не үй, не үңгір, не күрке жоқ. Солтүстік жақтағы өзеннің арғы бетінде де, көкжиектің алыс түкпіріне сүңгіген оңтүстіктегі қалың орманнан да аспанға көтерілген түтін байқалмайды. Осы жағалауға бір уақытта адам келгендігінің белгісі де білінбейді.

Бұл көрініс Дикті аса таңдандырды.

— Біз қай жердеміз? Қайда келіп қалдық? Шынымен-ақ жөн айтар адам табылмай ма?

Бірақ жөн сілтейтін адам жоқ-ты, егер жақын маңайда жергілікті адамдар болса, Динго үрер еді. Дегенмен Динго жиектегі қайраңды иіскелеп, құйрығын бұлаңдатып, қыңсылап, әрлі-берлі жүгіре берді. Иттің бұл қылығы таң көрінді, бірақ оның не адам, не хайуан барлығын біле алмағандығы мәлім еді.

— Дик, Дингоны қарашы! —деді миссис Уэлдон.

— Ғажап! — деді бала жігіт, ақырын ғана.— Оның мына қылығына қарағанда, әлдененің ізіне түсіп жүр деуге болады.

— Шынында да ғажап! —деп күбірледі миссис Уэлдон.

Сосын жұлып алғандай:

— Негоро неғып жүр? — деп үстеді.

— Динго не істеп жүрсе, о да соны істеп жүр,— деді Дик — Жағалауды әрлі-берлі тіміскілеп жүр. Әйтседе бұл арада қайтем десе де оның өз еркі ғой. Менің енді оған бұйыруға хақым жоқ. «Пилигрим» апат болғаннан кейін оның қызметі де аяқталды.

Негоро өзінің бұрыннан таныс жеріне тап болып, бірақ ол жердің кейбір белгілерін ұмытып қалған кісіше, ағып жатқан өзенге, құмдауыт шығанаққа және тау маңындағы құздарға қараумен болды. Негоро бұл арада бұрын болған ба? Егер оған бұл сияқты сауал берілсе, оның жауап қайырудан бас тартуы да мүмкін. Бірақ бұл тұйық мінезді адамға көңіл бөлудің қажеттігі жоқ-ты. Негоро өзенге қарай жүргенде, Дик оны сыртынан бақылап тұрды, бірақ әрі ұзап жағалау маңындағы құздың тасасына түскен соң, қайтып оған зер салған жоқ.

Апатқа ұшырағандар ендігі жерде не істеулері керек, енді осы жағдайды ойласатын уақыт жетті. Ең алдымен дем алып, тамақтанарлықтай баспана табулары қажет. Мұның соңында мәслихаттасып, бұдан былайғы істелетін әрекеттің жобасын жасауға болады.

Бәрінен де тамақтану мәселесі оңай шешілді. Бұл арада құс пен жеміс барынша мол екен, бұған қосымша кеме қоймасындағы азық-түліктерді де пайдалана алады. Том мен оның жолдастары азық қорын мол жинап алды, мұның ішінде бірнеше кеспек кептірілген ет бар. Бұл азықтарға су тигенімен, әлі бұзыла қоймаған. Кішкене отряд жуық маңдағы адам мекеніне жеткенше өздеріне артығымен жетерліктей азық-түлікпен қамтамасыз болды. Жинаған азықтарын су тасқыны жетпестей, қашығырақ құрылыққа апарып жинады.

Бұлар тұщы суға да тарықпайтын болды. Дик Сэнд Геркулеске бұлақтан біраз ғана су әкелші деп өтініп еді, алып негр иығына көтеріп толы кеспек су әкелді. Тасқын кезінде теңіз суы бұлақтың сағасын басқанымен, тасқын кейін серпілген соң бұлақ суы бұрынғы тұщы қалпына қайта түсіп, ауыз суға жарарлық болды.

От туралы ойламаса да болады, егер от жағу қажет болса, кебу бұталар мен қурап қалған мангифер тамырлары айнала төңіректе көл-көсір, қанша керек болса да табылады. Том қарт шылымқор еді, ол ауа кірмейтін етіп бекітілген бір қорап шақпақ қуың ала шыққан. Теңіз жағалауынан тауып алған шақпақ тасын шағып, қалаған уақытта от тұтатып бере алады.

Ендігі қалғаны, кішкене отрядтың жолға шығар алдында қонып дем аларлықтай баспана іздеп табу ғана.

«Қонақ үйді» кішкентай Джек тапты. Ол құз етегінде ойнап жүріп, қабырғасы жып-жылмағай жылтырап тұрған кең үңгір көрген. Бұл, тасқын кезінде толқынның жоғары шапшып, су жалап үңгіген үңгірлердің бірі еді.

Қуанышы қойнына сыймаған бала, табысын көрсеткелі айқайлап анасын шақырды.

— Жарайсың, Джек! — деді миссис Уэлдон.—Егер де біздер Робинзон болып осы жағалауға орналасатын болсақ, бұған «Джек үңгірі» деп сенің атыңды қояр едік.

Үңгір оншалықты үлкен емес, құздың ішіне бойлаған тереңдігі он екі фут, кеңдігі де сонша, бірақ бұл үңгір Джекке орасан үлкен боп көрінді. Мұның іші апатқа ұшырағандар еркін сыйыса аларлықтай кең еді. Миссис Уэлдон мен Нан үңгірдің ішін көріп, мүлде құрғақ екен деп қуанысты. Айдың бірінші ширегі еді, сондықтан, аса күшті тасқын болады деп қауіптенуге орын жоқ.67

Сөйтіп, дем алуға керекті жағдайлардың бәрі түгел табылды.

«Пилигрим» жолаушылары он минуттан соң үңгірге кіріп, құрғақ су өсімдіктерін төсеніп дем алғалы жатты. Тіпті Негоро да оларға қосылып ертеңгі асты бірге ішті. Сірә ол, ара-арасын өзен иректеп өткен үнсіз қалың орманды жападан-жалғыз кезіп кете беруге тәуекел етпесе керек.

Уақыт күндізгі сағат бірдің шамасы еді. Жолаушылар ертеңгі асқа сухари мен кептірілген ет жеп, артынан бірнеше тамшы ром тамызылған су жұтты. Бат азық-түлік арасынан бір шөлмек ром тауып алған болатын.

Негоро жұртпен бірге тамақтанды, бірақ жолдастарының алдағы уақытта істейтін әрекеттері жайлы кеңесіне араласпады. Қайта тыныш отырып, әңгімені жақсы ұғынып алуына мүмкіндік болды. Бұл кеңестен оның өзінше қорытынды шығарғанында күмән жоқ.

Динго өз сыбағасын жеп болды да, үңгірдің аузын күзетті. Есікті мұндай сенімді күзетші күзетіп тұрғанда, тыныш жатып дем алуға мүмкіндік бар. Құмдауыт жағалауға жанды мақұлық аяқ басса, Дингоның абалап дабыл қағатыны сөзсіз.

Маужырап қалған Джекті тізесіне жатқызып, миссис Уэлдон бірінші болып сөз бастады.

— Достым Дик,— деді ол,— мына қиын күндерде еткен қызметің үшін саған бәріміз де алғыс айтамыз. Бірақ бұл қызметтен сені әзір босата алмаймыз. Сен біздің теңіз бетінде капитанымыз болдың, сол сияқты, құрлықта да басшымыз болуға тиіссің. Бәріміз саған сенеміз. Енді не істеуіміз керек, бізге осыны айтшы?

Миссис Уэлдон, Нан, Том қарт және басқа негрлер Диктен көз айырмай тесірейе қарасты. Тіптен Негоро да оған қадала қалған. Шамасы, жасөспірімнің жауабына португал да қызыққан тәрізді.

Дик бірнеше минут ойланып алды да:

— Миссис Уэлдон,— деді ол,—бәрінен бұрын қазіргі уақытта өзіміздің қайда екенімізді анықтауымыз керек. Мен кеменің апатқа ұшыраған жері Перу жағалауы болар деп шамалаймын. Шамамен айтқанда, жел мен ағыс кемені осы ендікке әкеліп тастауы керек. Біз, пампаспен (Оңтүстік Американың пішендікті жері) шектесетін оңтүстіктегі Перу провинциясының халқы аз жерлерінің бірінде болуымыз да ықтимал. Мен мұны тіптен шындап айта алар едім, өйткені жағалау мүлдем елсіз көрінеді ғой. Егер менің болжалым дұрыс болса, жақын маңдағы елді жерге жету үшін ұзақ жүруіміз керек болар.

— Сен өз пікіріңді айтшы? — деді миссис Уэлдон.

— Меніңше, дәл қай жерде екенімізді анықтағанға дейін осы үңгірден кетпеуіміз керек. Ертең, демалыстан соң біздің екі адамымыз жер шолуға барады. Олар мүмкіндігі болғанынша қостан ұзап кетпей, осы араның жергілікті халқын іздеп өзімізге керекті барлық мәліметтерді анықтайды да, кері қосқа оралады. Он-он екі миль айнала төңіректен адам табылмауы мүмкін емес.

— Шынымен-ақ бөлінеміз бе? — деп айқайлады миссис Уэлдон.

— Бөліну қажет,— деді жасөспірім,— егер адам ұшыраспай, барлаудан ешбір нәтиже шықпаса, егер біздің ойымыздағыдай болмай, бұл өңір елсіз болса, онда… онда тағы басқа түрлі шара іздестіріп көрерміз.

— Ал, шолғыншыға кімдер барады? — деп сұрады миссис Уэлдон, бір сәт ойланғаннан кейін.

— Бұл мәселені біз қазір шешеміз,— деп жауап қатты Дик Сэнд.— Сіз, миссис Уэлдон, Бенедикт мырза, Джек, Нан — төртеуіңіз үңгірде болуға тиіссіздер. Бат, Остин, Геркулес пен Актеон сіздің жаныңызда қалсын, ал Том екеуміз жер шолып қайтамыз. Мүмкін, Негоро да осында қалатын болар, қалғысы келсе, қалсын,— деп үстеді жасөспірім, кеме аспазына қарап.

— Мүмкін,— деп тартыныңқырап жауап қайырды Негоро.

— Біз Дингоны ала кетеміз,— деп Дик Сэнд сөзін жалғастырды,— ол бізге жақсы қызмет ете алады.

Динго өзінің атын естігенде, ұсынысқа риза екенін білдірген тәрізді, маңқ ете түсті.

Миссис Уэлдон ойланып қалды. Тіптен қысқа мерзімге болса да бөлінісу мәселесі оны аса күйзелтті. Мүмкін, «Пилигримнің» апат болғаны жақын маңдағы жергілікті халыққа естілген болар, қираған кемені олжалауға қызыққан жергілікті халықтың төбеден түскендей сау ете қалу қаупі тұрғанда, отрядтың күшін бөлшектеу орынсыз тәуекел ғой.

Миссис Уэлдон бұл жағдайды келелі түрде талқылау керек деп ұйғарды.

Әйтсе де, Дик Сэнд бұған қарсы сыйымды дәлел тауып айтты. Үндістерді африкалық немесе полинезиялық жабайылармен теңеуге болмайды, деді жасөспірім, оларды талаушылық ниетімен шабуыл жасайды деп шамалауға ешқандай дәлел жоқ. Жақын маңдағы елдің қай жерде және оның қаншалықты қашықта екендігін анықтамастан, бейтаныс жерді беталды кезіп кете беру,— күшті бекерге сарп ету болар еді. Бөлінудің қолайсыз екенінде сөз жоқ, сонда да болса, бүкіл отрядтың ешнәрседен хабарсыз ұшы-қиыры жоқ жұмбақ орманды кезіп кете бергенінен гөрі, бөлініп жер шолып қайту анағұрлым тиімді болар.

— Менің ақырғы айтайын дегенім,— деп Дик Сэнд сөзін қорытты,— біздің бөлінуіміз ұзаққа созылар деп ойламаймын. Егер Том екеуміз екі күннің ішінде бірер қыстақ немесе осы араның жергілікті халқын таба алмасақ, қайтып үңгірге келеміз. Бірақ ел таппай қайтуымыз мүмкін емес! Біз осы жерден жиырма миль ұзамай-ақ бұл араның, географиялық жағдайын анықтаймыз деп сенемін. Менің есептен жаңылуым мүмкін, өйткені мен астрономиялық бақылау жасап көргенім жоқ қой. Егер «Пилигрим» мен ойлаған жағалауға келмей, мүлдем басқа жағалауға келген болса?..

— Ие, шырағым, әрине, дұрыс айтасың,— миссис Уэлдон ренішті пішінмен жауап қатты.

— Бенедикт мырза, менің жобама сіз қалай қарайсыз?— деп сұрады Дик Сэнд.

— Мен бе? — қайталап сұрады Бенедикт ағай.

— Ие, бұл туралы сіздің пікіріңіз қандай деймін?

— Бұл туралы менің өзімше ойлап тапқан пікірім жоқ,— деді ғалым,— ұсынған пікіріңіздің бәріне түгел қосыламын, маған бұйырылған істің бәрін табжылдырмай орындауға әзірмін. Егер де сіздер осы арада бір-екі күн аялдауға ұйғарсаңыздар, мен оған аса риза: ұтыры келген жағдайды пайдаланып, уақытты босқа өткізбей осы жағалауды зерттеп аламын… әрине, энтомолог жолымен.

— Олай болса, Дик, сен өз білгенінше іске кіріс,— деді миссис Уэлдон.— Том екеуің жер шолуға барыңдар, ал басқаларыңыз сіздерді осында күтетін болайық.

— Мәселе шешілді!— деді Бенедикт ағай өте байсалды үнмен.— Ал мен, жергілікті жәндіктермен танысуға барамын.

— Бенедикт мырза, сізден өтініп сұрайтыным,— деді Дик Сэнд,— тек қана алысқа ұзай көрмеңіз.

— Алаң болма, шырағым.

— Ең бастысы — бізге москитерді айтақтап өшіктіре көрмеңіз!—деп үстеді Том.

Бірнеше минуттан соң энтомолог өзінің ең қымбат санайтын мүлкі — қаңылтыр қобдишасын мойнына асты да, үңгірден шығып тоғайға қарай тартты.

Бенедикт ағай мен Негоро үңгірден қатар шықты. Негоро, адам баласы тек қана өз қара басының қамын ойлау — табиғи іс деп түсінетін сияқты. Бенедикт ағай арғы беттегі тоғай шетіндегі бұталарға баруға ыңғайланып, төскейге тырмысқан кезде, Негоро аяғын жайлап басып, өзен сағасына барды да, жоғары өрлеп кете берді.

Миссис Уэлдон ұйықтап жатқан бөбегін Нанның тізесіне жатқызып, жағалаудың қайраңына қарай жүрді. Дик пен басқа негрлер оның соңынан ерді.

Тасқынның кейін тепкенін пайдаланып қираған кемеге бару керек болды, онда кішкене отрядтың мұқтажына жарарлық зат әлі көп еді.

«Пилигрим» соғылып қираған су астының, құз тастары енді. жалаңаштанып ашылып қалыпты. Қираған бөлшектерінің арасында кеменің қаңқасы жатыр. Бұрын оны бүтіндей дерлік су басқан еді, қазір ашылып қалуы Дикті таң қалдырды. Тынық мұхиттың американ жағалауында тез қайтып кететін күшті тасқынның болмайтынын бала жігіт жақсы білетін-ді. Бірақ бұл ғажап көріністі теңіз жақтан соққан күшті желдің әсерінен болды деп шамалады ол.

Өздерінің қирап қалған кемесін көргенде, миссис Уэлдон да, оның жолдастары да жандары ашып қатты қынжылды. Бұлар «Пилигрим» үстінде қаншама күндер өткізді. Қаншама ауыр халдерді бастарынан кешірді! Мачталары мен желкендерінен жұрдай болып, өлген малдың өлексесі құсап, бір жамбастап қирап жатқан кемені көргенде, адамдардың жүректері қысылып, ауыздарына тығылғандай болды. Әйтсе де кеме мүлдем қирап бітпей тұрғанда, ондағы өте қажетті заттарын алулары керек болды.

Дик бастаған бес негр кеме палубасына оңай шықты. Кеме бортында салбырап тұрған арқандарға жармасып, Том, Геркулес, Бат пен Остин камбузда қалған азық-түлік пен ішімдіктерді далаға таси берді, ал Диктің өзі бас қойманы қарауға кетті. Апаттан соң кеме корпусын бүтіндей су басып қалса да, жолаушылардың несібесіне қарай, бас қоймаға әлі су кіре қоймаған екен.

Диктің қоймадан тапқан заттары: атуға толық жарайтын төрт карабин және жүзге тарта патрон. Егер де жергілікті халықтар өздеріне шабуыл жасай қалса, қарсыласа аларлықтай болып кішкене отряд жақсы қаруланып алды.

Дик Сэнд қалта фонарын алуды да ұмытқан жоқ. Кеме тұмсығындағы каютада географиялық карта бар-ды, қырсыққанда, оған су өтіпті де, пайдалануға жарағысыз болып істен шығыпты.

Кит соятын үлкен-үлкен пышақтар бар-ды, Дик Сэнд солардың алтауын алып жолдастарының қаруын толықтырды. Сонымен қатар, ешкімге зиян келтіре алмайтын тағы бір мылтық алды,— ол кішкентай Джектің ойыншық мылтығы еді.

Кеме үстіндегі басқа заттар апат кезінде қирап бүлінген немесе су тиіп істен шыққан. Дегенмен, жақын маңдағы ел мекендеген жерге жету үшін бар болғаны бірнеше күн жол жүру керек болса, отрядтың жүгін ауырлатудың қажеттігі де шамалы. Сөйтіп, азық-түлік пен қару-жарақ артығымен жетерлік болды.

Ақырғы минутта миссис Уэлдонның, кемеде қалған ақшаны да ала шығарсың деген кеңесі Диктің есіне түсті. Ол небары бес жүз доллар ақша тапты, бірақ ондағы ақша оншалықты аз емес еді, миссис Уэлдонның өзі ғана көп ақшамен келе жатқан.

Диктен бұрын келіп кемеден ақша іздеген тек қана Негоро болуға тиіс. Миссис Уэлдон мен капитан Гульдің жинаған ақшасын алуға Негоро ғана суық қолын сұға алады. Бұл ұрлықты басқа ешкімнен күдіктенудің ыңғайы жоқ. Сонда да болса Дик Сэнд алғашқыда қобалжиын деді. Ол Негоро туралы не біледі? Негоро жұрттан бөлініп оңаша жүретін тұйық адам, басқа біреудің қайғысы оған ойын сияқты, Диктің білетіні осы ғана. Бірақ оның бұл мінезі зұлымдықтың белгісі бола ала ма? Дик Сэнд не ойларын білмеді. Ал енді бұл ұрлық жөнінде басқа кімнен сезіктену керек? Негрлердің біреуі ұрлады деуге бола ма? Бірақ бұлар адал адамдар, оның үстіне олар миссис Уэлдон мен Диктің қасынан аттап та шыққан жоқ, ал Негоро жағалауды кезіп ұзақ жүрген. Жоқ, Негородан басқа ешкім емес, ақшаны ұрлаған тек қана Негоро!

Негоро қайтып келісімен Дик Сэнд одан жауап алуға ұйғарды, тіптен керек деп тапса, оны тінтуге де ойы кетті. Бұл уақиғаны ақырына дейін тексеру керек.

Күн еңкейіп, көктің теңізбен ұштасқан жеріне таянып қалған. Іңір өте қысқа болып, лездің арасында қараңғылыққа ауысты. Бұл жағдай, кеменің апатқа ұшыраған жері Козерог тропигі мен экватор аралығының бір жер болса керек деген Диктің шамалауын қостағандай болды,

— Түн дауылды болады екен! — деді Том қарт көкжиектегі шоғырланған бұлтты көрсетіп.

— Ие,— деп Дик Сэнд оның сөзін қостады,— желдің құйқылжуы тегін емес сияқты. Бірақ одан бізге келер-кетері жоқ! Кемеміз болса да қирады, енді дауылдың бізге тигізерлік зияны да қалмады ғой!

Түннің қараңғы болатыны мәлім еді, сондықтан негрлер үңгірдің кіре беріс аузын кезек күзетіп шығуға ұйғарды. Және сақ төбет Динго бар ғой, оған алаңсыз сенуге болады.

Миссис Уэлдон, Дик Сэнд және негрлер үңгірге қайтып келді. Олар Бенедикт ағайдың әлі күнге қайтпағанын енді ғана білді. Геркулес өзінің алып денесін керіп, өкпесін желге кернетіп, бар даусымен айқайлап ғалымды шақырды, сол сәтте аяғын шапшаң басып тік төскейден төмен түсіп келе жатқан энтомологтың қарасы да көрінді, егер жазатайым аяғы тайып құлай қалса, төскейден домалап мойны үзілуінде сөз жоқ.

Бенедикт ағай қатты күйініште еді. Ол орман кезіп, коллекциясынан лайықты орын аларлықтай бірде-бір жаңа жәндік таппаған. Онда қырықаяқ, сколопендр, тағы басқа көпаяқтылар есепсіз кеп екен, бірақ олардан басқа түк те жоқ-ты. Ал Бенедикт ағайдың ондайларда ешқандай жұмысы болмайтын.

— Бес мың, бәлки, тұтасынан алты мың миль жол жүрген шығармыз,— деп қынжылды ол,— сұрапыл дауылға ұшырап қаншама азап шектік, апатқа ұшырадық, мұның бәрі ақырында заяға кетті, энтомологиялық музей біткеннің көркі боларлықтай американ алтыаяқтыларының бірде-бірі табылмады деген не сұмдық?! Жоқ, жоқ, есіл еңбек зая кетті-ау!

Бенедикт ағай сөзін қорыта келіп, мына сүйкімсіз жағалауда бұдан былай бір сағат тұрғысы келмейтінін айтты, сонымен қатар бәрінің де тезінен жолға шығуларын талап етті.

Бұл сақалды сәбиді миссис Уэлдон тыншайтты. Ертең іздегеніңізді тауып бақытқа кенелесіз, деп сендірді келіншек. Бұдан кейін бәрі үңгірге кіріп, күн шыққанша дем алғалы жатты.

Бұл арада Том, Негороның әлі күнге қайтпағанын ескертті.

— Ол қайда жоғалып кетті екен? — деп сұрады миссис Уэлдон.

— Оның бары-жоғында біздің ісіміз жоқ! — деді Бат.

— Мен бұған, керісінше, қарсымын,—деді миссис Уэлдон,— қайта ол кісінің қашан да болса бізбен бірге болып көз алдымыздан кетпегенін тілер едім.

— Дұрыс айтасыз, миссис Уэлдон,— деді Дик Сэнд,— егер ол біздің арамыздан өз ықтиярымен кеткісі келсе, зорлап тоқтатуға болмайды ғой. Кім біліпті, Негороның бізден құтылғысы келетін себебі бар шығар?

Ақырында Дик Сэнд жас әйелді оңаша шығарып алып, оған өзінің сезігін айтты. Миссис Уэлдон Диктің айтқан сөздеріне ешқандай таңданған жоқ. Бұрынғы кеме аспазына оның да күдігі жеткілікті еді.

— Егер Негоро қайтып орала қалса,— деді ол,— демек, ол ұрлаған ақшасын бір сенімді жерге жасырып үлгірген болады. Олай болса, біз оны айғақты затымен қолға түсіре алмаймыз. Меніңше ақшаның ұрланғанын сезбеген болуымыз жөн, өз сезігіміз туралы үндемеуіміз керек, ең дұрысы — осы.

Миссис Уэлдонның пікірі дұрыс еді, мұны Дик те мақұлдады.

Бұл арада Геркулес Негороны бірнеше рет дауыстап шақырды. Бірақ Негородан жауап жоқ: әлде ол алысқа ұзап кетті де, айқайлаған дауысты естімеді, немесе бұларға қайтып қосылғысы келмеді.

Негрлер португалдан құтылғанына ешқандай өкінген жоқ. Бірақ Негороның бірге жүріп істеген дұшпандығы оншама қауіпті емес, оның шеткері жүріп істеген қастығы аса қауіпті деп миссис Уэлдон дұрыс айтып еді.

Кеме аспазының бейтаныс жерде жападан-жалғыз жүруге батылдық еткенін қалай жоруға болады?

Әлде ол адасып кеткен болар? Немесе көзге түртсе көргісіз қараңғы түнде, үңгірге қайтатын жолды таба алмай қалуы да ықтимал?

Миссис Уэлдон мен Дик Сэнд бұл жағдайды қалай жоруға білмеді. Бірақ Негоро сол құрығаннан мүлдем құрып кетсе де, оған бола үңгірдегілердің соншалықты қажетті демалыстан қалар жайы жоқ.

Динго жағалаудағы қайраңды кезіп әрлі-берлі жүгіріп жүр еді, кенет өршелене абалап қоя берді.

— Динго неге үрді екен? — деді миссис Уэлдон.

— Қазір білемін,— деп жауап қатты Дик Сэнд.— Мүмкін, Негоро келе жатқан болар?

Сол сәтте Дик, Геркулес, Бат, Актеон — төртеуі үңгірден шықты. Бірақ олар қаншама тесіле қараса да, жағалаудан ешкімді көре алмады. Динго да абалағанын қойды.

Барлаушылар үңгірге қайтып келді. Негрлер түнгі күзетті өзара бөлісіп алды да, басқа жолаушылар тегісінен ұйқыға енді.

Тек қана миссис Уэлдон ұйықтай алмай, дөңбекши берді. Бұлардың сарғая күткен жері, өзіне деген үмітті ақтай алмаған сияқты, бұл жер ең болмаса қауіп-қатерсіз тыныштық та бере алмады.

авторы: Жюль Верн (жалғасы бар)

Tags

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close