Қоғам

МЕМЛЕКЕТТІК РӘМІЗДЕР КҮНІНЕ ОРАЙ ІС-ШАРА ӨТТІ

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күніне орай аудан орталығындағы «Төлеби баба» саябағында салтанатты жиын өтті.

Жиында тәуелсіз мемлекетіміздің көк байрағы биікке көтеріліп, Әнұранымыз шырқалды. Аудан әкімі Еркеғали Әлімқұлов аудан тұрғындарын мерекемен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.
– «Көкбайрағымыздың қашанда тұғыры биік болсын, Әнұранымыз әлемнің түкпір түкпірінде жаңғыра берсін, елтаңбамыз үнемі айбынымыз бен абыройымыздың белгісі бола берсін деген тілек білдіремін» – деді аудан әкімі құттықтау сөзінде.
Іс-шара барысында жастар арасында мемлекеттік рәміздерді кеңінен насихаттау, оларды отансүйгіштікке, ұлтжандылыққа тәрбиелеу мақсатында «Көк Тудың желбірегені» флешмобы өтті. Аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары көрерменге концерттік бағдарлама ұсынып, патриоттық әндер орындады.

«Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық Заң 2007 жылы 4 маусымда қабылданды. Осы Заңға сәйкес жыл сайын 4 маусым Қазақстан Республикасында Мемлекеттік рәміздер күні ретінде мерекеленеді.

Мемлекеттік рәміздер – бұл кез келген мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін, оның ажырағысыз атрибуттарының бірі. Қазақстан Республикасында Мемлекеттік ту, Мемлекеттік елтаңба және Мемлекеттік гимн мемлекеттік рәміздер болып табылады.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы

Қазақстан Республикасының мемлекеттік туы – ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тік бұрышты көгілдір түсті мата. Тудың сабының тұсында ұлттық өрнек тік жолақ түрінде нақышталған. Күн, оның шұғыласы, қыран және ұлттық өрнек бейнесі алтын түстес.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік туының авторы – Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Шәкен Ниязбеков.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы – дөңгелек нысанды және көгілдір түс аясындағы шаңырақ түрінде бейнеленген, шаңырақты айнала күн сәулесіндей тарап уықтар шаншылған. Шаңырақтың оң жағы мен сол жағында аңыздардағы қанатты пырақтар бейнесі орналастырылған. Жоғарғы бөлігінде – бес бұрышты көлемді жұлдыз, ал төменгі бөлігінде «Qazaqstan» деген жазу бар. Жұлдыздың, шаңырақтың, уықтардың, аңыздардағы қанатты пырақтардың бейнесі, сондай-ақ  «Qazaqstan» деген жазу – алтын түстес.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік елтаңбасының авторлары – белгілі сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік гимні

Бұрын «Менің Қазақстаным» әні ретінде танымал болған Қазақстанның гимні Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша 2006 жылы 6 қаңтарда еліміздің Парламентінде бекітілді. Бірінші рет ол 2006 жылы 11 қаңтарда Мемлекет басшысының салтанатты ұлықтау рәсімінде орындалды.

Әннің авторы Шәмші Қалдаяқов, сөзін жазғандар: Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев.

Tags

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close