Қоғам

МОНОЭТНИКАЛЫҚ АСПАПТЫҚ ЖӘНЕ ВОКАЛДЫҚ АНСАМБЛЬДЕР-2

2008 жылы құрылған топтың басты тоқтамы – ұлық бабаларымыздың даңқын дәріптейтін жаңа үлгідегі дегдар, өресі асқақ саз туындыларын дүниеге жаңғырту, соларды жастарға рухани азық болатындай етіп ұсыну.

40-қа жуық мемлекеттің 70-ке жуық қалаларында концерттік сапарлармен болып қайтқан өнер ұжымының бірлесе көркемдеп шығарған туындыларының басты идеялары сан алуан. Әрқашан ізденіс жолында туған ортақ ойлар дайындық барысында жан-жақты сұрыпталған құрылымға жалғасып, әр аспаптарға ұжым мүшелері ортақ байлам жасап отырады.

Көк бөріден бастау алған түркі кезеңінен, бүгінгі тәуелсіздікке ұласқан «Қазақ елі» атты бір ғана композициясымен шет мемлекеттерге халқымыздың болмысын әлемге паш етіп жүрген «Тұран» тобының әр мүшесі мультиаспапшы. Мәселен, негізгі аспабы домбырамен қатар фортепиано, шаңқобыз, шертер, ұрмалы аспаптарды тартатын Абзал Арықбаев болса, ұжым жетігеншісі Қорлан Қартенбаева – домбыра, фортепиано, прима-қобыз аспаптарын игерген. Бауыржан Бекмұханбетов – домбыра, фортепиано, шаңқобыз, шертер, ұрмалы аспаптарда жетік ойнаса, Серік Нұрмолдаев – аталған аспаптардан бөлек, бас домбыра, сыбызғы, ұрмалы аспаптарды меңгерген. Мақсат Медеубек – аталған аспаптардан басқа топ туындыларына ерекше архаикалық реңк беретін қылқобыз, нарқобыз тембрлерімен әрлеп отырады.

Ұжым мүшелерінің барлығы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын тәмәмдаған жоғары кәсіпқой білімі бар өнертану ғылымдарының магистрлері. Әрқайсысы бірнеше дүркін сайыстардың жүлдегерлері (олардың арасында «Шабыт» Халықаралық шығармашыл жастар фестивалі, Құрманғазы атындағы Халықаралық конкурс, т.б.) болғандықтан, сахнада да жоғары шеберлік санатын көрсетіп жүр.

«Сарын», «Сазген сазы», «Әлқисса», «Отырар сазы» фольклорлық- этнографиялық ансамбльдерінде еңбек жолын бастап, тәжірибе жинақтаған жас өнерпаздар, қазіргі ұжымға ұйымдасқан соң, өнердегі басты мақсаты – дүйім жұрттың алдында сирек тартылатын, ұмытыла бастаған ән, күй жауһарларының сахналап елге ұсыну.

Американың бес ірі қаласында этнофольклорлық ансамбльдер арасында тұңғыш болып симфониялық оркестрмен өнер көрсеткен ұжым, сахнаға шыққан сайын әр қадамымен алға қарыштап өнер көгінде жарқырап көрініп жүр. Синкреттілікке негізделген топ репертуары күй, дәстүрлі ән, көркем оқу декламациясы, көмей дауысы, би, халқымыздың ортеке дәстүрлі қуыршақ театры бір арнада тоғысуынан құралады.

Қазақтың көне аспаптарының сыршыл үні арқылы тыңдаушысына тіл қатып, бүгінгі тыңдармандарға беймәлім ұлық бабалар өнерін сазсырнай, шаңқобыз, домбыра, қылқобыз, күнтаяқ (сылдырмақтың бір түрі), жетіген, мес сырнай, керней, қамыс сырнай, үндеу, шындауыл, үш ішекті домбыра, нарқобыз т.б. жиыны отыздан астам музыкалық аспаптардың құлағында ойнап, үнін қайта жаңғыртып жүрген өнерпаздар өресі асқақ.

Репертуар қоржынындағы «Бақсы», «Аққу» секілді тылсым әлемінен куәландыратын соны дүниелер нақ осы топтың бойтұмары. «Тұранның» орындауындағы еркін ойдың ығында туған шығармалары, қиялының қарыштап шыңдалуы, тынымсыз еңбек пен ізденістің азабын қатар тартқандықтан, бүгінге көсегесін көгертті.

Ансамбль құрамында заманауи аспаптардың болмауы игі мұра мен төл дәстүрді терең меңгеріп, ер түріктің күй-жырын жаңғыртқан бірегей топтың жаңа заманға сай ұлт өнерін асқақтатып, халықаралық деңгейде оны әлемге паш етуге көмегін тигізуде. «Тұран» мүшелерінің әрқайсысы отыздан астам қазақ халқының ұлттық аспаптарының бірнешеуін меңгергендіктен, олардың дыбысталуындағы үндестіктің жаңа әдіс-тәсілдері бағытындағы ізденістері шабытқа бөлейді.

«Қазақстанның мәдени мұрасы» ұлттық бағдарламасына белсене қатысқан топтың әр шығармасы ұжымдастықта, жан-жақтан ой қосыла, ақылдаса шығарылады. Фольклор шығармаларының ұжымдық сипатындай ансамбльдің ортақ туындыларынан құралған алғашқы жинағы 2009 жылы жарық көрді. Екі жыл салып екінші ән жинағынан соң «Ұлы Тұран Мәңгілік» атты үшінші топтамасы жарыққа шықты (2017 ж.).

Бүгінгі таңда 70 мемлекетті аралаған ұжым «Карнеги холл» (Нью-Йорк, АҚШ), «Кеннеди центр» (Вашингтон, АҚШ), «Концерт хаус» (Берлин, Германия), «Кремль сарайы» (Москва, Ресей), «Конгресс және фестиваль сарайы» (Канны, Франция), «Салле Корто» (Париж, Франция), және т.б. әлемге аты әйгілі концерттік залдарда 600-ге жуық жеке концерттерін өткізіп, ұлттық өнеріміздің насихатталуына, дамуына үлкен үлесін қосуда. 10 жылдық мерейтойы қарсаңында, «ТҰРАН» ансамблі Беларусь, Норвегия, Ресей, Әзірбайжан, Венгрия, Татарстан, Түркия елдеріне әлемдік турне жасады.

Сонымен қатар ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының қаржылай қолдауымен «ТҰРАН» тобы Қытай Халық Республикасының Шунде, Шеньчжень, Цинхуандао, Пекин, Шанхай, Ханчжоу қалаларында жеке концерттерін өткізді. Сонымен бірге, этнофольклорлық «Тұран» ансамблі Монте-Карло, Канны және Париж қалаларына «Ұлы даланың жеті қыры» атты концерттік турне жасап қайтты. Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында өткен

«Nomad Universe» фестиваліне «ТҰРАН» қазақ музыка мәдениетінің өкілдері және фестивальдің құрметті қонағы ретінде шақырылды. Еліміздің тек арнайы білімімен ғана емес, әншілік пен күйшілікті, мультиаспапшылық тізгінді қатар ұстаған білімдарлығымен көзге түсетін көркем ұжымның бірі – «ХасСақ» ансамблі.

2010 жылы ҚР Еңбек сіңірген әртісі Майра Ілиясованың ықпалымен әуелі «Сақ», кейініректе «ХасСақ» этнофольклорлық ұжымға айналған ансамбльдің құрамында  Құрманғазы  атындағы  Қазақ  ұлттық  консерваториясы  мен Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының түлектері жиналды. Ұжымның негізгі мақсаты: қазақ халқының музыкалық мұрасы болып табылатын ұлт аспаптардың тембрлік дыбысталу түпнұсқалығын көздейтін сапаны игеру жолындағы ізденістерді жарыққа шығару. Осы бағытта атқарылған игі шығармашылық жолдың бірегейлігі мен өнерде өзіндік сара жол табу талпынысынан туындаған репертуарлы ұстанымы негізінен қазақтың дәстүрлі байырғы жанрларына сүйене отырып, ансамбль мүшелерінің өз жанынан шыққан дәстүрлі  нақыштағы туындылары   әрі халық әндерін өңдеу талпыныстары ұлттық өнерімізді насихаттауға бағытталды. Ансамбль өз композицияларында ұмыт болған әуендерді және көне, сирек қолданылатын музыкалық аспаптарды халық жадына қайта қауыштыру жолын таңдады.

Қазақтың дәстүрлі әндер және күйлерімен бірге көне ұлт аспаптарды әртүрлі құрамға ыңғайлап (қылқобыз, домбыра, жетіген, сыбызғы, шертер, нарқобыз, сазсырнай, шаңқобыз, даңғыра, дауылпаз, дабыл, су сылдыр, қоңырау және т. б.) көне күйлерді көпдауыстылық фактураға лайықтап ұсыну арқылы заманауи үлгіде қайта жаңғыртуды көздейді. Сондықтан да ансамбль құрамы әр түрлі аспаптардың жаңа үйлесімі арқылы техникалық мінсіз сәйкестік табу ізденістеріне жетелейді.

Түркі халықтарының ортақ мәдениетін қолдайтын «Түріксой» халықаралық ұйымының қолдауымен аталған өнер ұжымы Анкара, Астана, Алматы, Пекин, Сеул т. б. елдерде өнер көрсетіп, бірнеше жыл қатарынан «Астана-Арқау» фестивалінің тұрақты қатысушысына айналды.

Ұжымда әрбір өнерпаздың үлесі елеулі. Көркемдік жетекшісі, PhD докторы Ержан Жаменкеев домбыра, көмей дауыс, барбыт, шаңқобыз, шіңкілдек, ұрмалы және т. б. аспаптарды игерген сезімтал әрі ғылым жолы мен өнердегі ізденісті ұштастырған білімпаз орындаушы болса, Ж.Мүсірепова – дәстүрлі ән мен жетіген аспабынан басқа саз сырнай, шаңқобыз, ұрмалы аспаптарды үздік меңгерген бесаспап.

Ал, сыбызғышы Бақия Азамат саз сырнай, шертер, шаңқобыз, ұрмалы аспаптар, домбыра және өзге үрмелі аспаптарды жонып жасай алатын саусағынан бал тамған шебер. Өнертану магистрі М. Ербол – Қазақ ұлттық консерваториясының қылқобыз аспабы мамандығын үздік бітірген, әрі бағзы заманғы нарқобыз, шаңқобыз, ұрмалы аспаптарды да жетік игеріп келеді. Дәстүрлі әншілік пен сыбызғышылықтан арнайы Өнер академиясында оқыған А.Жүсіп – шаңқобыз, шертер, шіңкілдек, барбыт, ұрмалы, үрмелі аспаптар, көмеймен қайыру өнерін көрсете жүріп, халықаралық, республикалық додалардың бірнеше дүркін жеңімпазы атанды. Бастапқы тұстағы ансамбль құрамы бүгінгі таңда өзгеріске ұшырады.

Қазіргі ансамбль құрамына А.Бақиятпен А.Жүсіптің орнына Н.Қосаманов (шаңқобыз, домбыра, сыбызғы, ұрмалы аспаптар, саз сырнай, шіңкілдек – мультиаспапшы) пен Д. Әлімғазы (сыбызғы, саз сырнай, бас саз сырнай, шаңқобыз, домбыра, шіңкілдек, ұрмалы аспаптар, шертер – мультиинструменталист) келіп қосылды.

Ансамбль репертуарына халық композиторларының шығармаларымен бірге түпнұсқалық өңдеуден жаңаша үйлесім тапқан Н.Тілендиевтің танымал «Жекпе- жек», «Аққу» шығармалары және де ел ішінде кеңінен тарай бастаған ансамбльдің ұжымдастықта шығарған «Тарту», «Өрлеу» композицияларын ереше атауға тұрарлық.

Ансамбль қазақтың дәстүрлі сарындары мен көне түркілік жорық ұранды тоғыстырып, оны заманауи леппен қайта жаңғырту жолында көркемдігі жоғары шығармаларды мәдениет игілігіне айналдырды және бұл өнер жастарды ұлттық бағытта тәрбиелеудің аса маңызды құралы – асқақ қайсар рух пен қазақ халқының рухани құндылығының өскелең құбылысы етуге талпыныстың қадамы.

Көне аспаптарды тембрлік жаңа бояумен түрлентіп, ансамбль мүшелерінің өз қиялынан шыққан шығармаларда өзгеше көркем құралдар қолдану арқылы шеберлікпен үндестіре білуде, ұлттың мәдени мұрасын насихаттауда өзіндік үлесін қосып келеді.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close