Қоғам

ӨНЕРЛІ ӨЛКЕ ӨЗ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ-3

Тарихы бай, тағлымы терең Түркістан төрінде «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясында Кентау қаласының мәдениет күндері өтті.

Бүгін Этноауылда ұмыт болып бара жатқан ұлттық тағамдар насихатталып, «Қаратау тәжі» ұлттық аспаптар ансамблінің концерттік бағдарламасы ұсынылды. Ұлттық құндылығымызды дәріптейтін қолөнер шеберлерінің ұлттық нақыштағы көрмесі және шеберлік сағаттары көпшіліктің көзайымына айналса, «Қаратау жауһарлары» өлке тарихынан сыр шертетін көрме және фотоаймақ келген қонақтарға таныстырылды.

Одан бөлек, жастар сауық-сайран құрып «Алтыбақан» ойынын көрсетсе, жас ақындар айтыс өнерінен сынға түсті. Кентау қаласының халықтық атағы бар «Шапалақ» театры «Аңых астары» атты көріністер көрсетіп елдің ыстық-ықыласына бөленді. Кентау қаласынан шыққан қала мақтаныштарының «Аңыз адам» көрмесі мен «Дәстүрлер даналығы» ұрпақ тәрбиесіне терең мән берілетін салт-дәстүрлеріміздің ерекше түрлерінен қойылымдар көрерменге жол тартты.

Түркістан төрінде осылайша ашық аспан астында мәдени шараны барынша жан-жақты көрерменге ұсынған кентаулықтар «БауырсақFest» ұйымдастырып келген қонақтарға бір тонна бауырсақ таратты.

Кентау қаласының мәдени күндері 12 қыркүйекте сағат 10:00-ден ауылшаруашылық жәрмеңкесі, ұлттық ойындар, батпырауық ұшырудан сайыс болып, кешке танымал жарық жұлдыздар АқботаНұр Сейтмаханбетова, Kayl Рух лақап атымен танымал жұлдыздарының қатысуымен гала-концерт өтті. Кештің көркін ашатын жүргізушілер Түркістан театрының мықты майталмандары Ақсұлтан Әнуарбек, Гүлзада Айтбаева.

Облыстық «Өнерлі өлке» өнер фестивалі аясында Кентау қаласының мәдени күндері «Береке бастауы» атты ауыл шаруашылық өнімдері, кондитерлік және тағы басқа өнімдердің жәрмеңкесімен жалғасты. «Жаңа бағыт» заманауи қолөнер түрлері көпшілікке көрсетілді. Оның ішінде Кентау қаласында сұранысқа ие робототехника құрылғылары, аппаратпен ағаш кесу, гипстан түрлі дүние жасау секілді туындылар бар.

Бүгінде Кентауда жетістігі мол сурет көрмесі және «Мен кәсіпкер боламын» балалардың көрме-жәрмеңкесі салтанат құрды. Көпшілікті тәнті еткен балалардың өнері көпке үлгі.

Аламан алаңда «Дала дүбірі» ұлттық спорттық ойындарда тұрғындар сайысқа түсті. Этноауылда ұлттық спорт түрлерін насихаттау мақсатында асық ату, қой көтеру, нысана дәлдеу, қазақша күрес, қол күрес, тоғызқұмалақтан тартысты сайыстар өткізіліп, каратэ-до-шотокан, көркем гимнастика шеберлері көрермендерді өнерлерімен тамсандырды. Жарыс қорытындысымен жеңімпаздар ұйымдастырушылар тарапынан диплом және естелік сыйлықтармен марапатталды.

Этноауыл сахнасында «Балалықтың аспаны» Кентау қаласы оқушылар үйінің және саз мектебінің концерттік бағдарламасы өткізілді. Онда әсем әуендер шырқалып, мың бұралған бишілер түрлі жанрда би билеп, көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Аға буындар бүлдіршіндермен бірге батпырауық ұшырып, балалар әлеміне саяхат жасады.

Осылайша, «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясында Кентау қаласының мәдениет күндері өз мәресіне жетті. Түркістан төріндегі шара гала-концертпен қорытындыланды. Мерекелік шараның ашылуында қала әкімі Жандос Тасов ізгі тілегін арнап, өңірдің рухани дамуы аясындағы игі шараның маңыздылығын атап өтті. Кентау жұртшылығы үшін облыс орталығында ұлттық құндылықтарды насихаттау үлкен мақтаныш екеніне айрықша тоқталды.

Мерекелік шара әрі қарай концерттік бағдарламаға ұласты. Шараны Түркістан театрының мықты майталмандары Ақсұлтан Әнуарбек, Гүлзада Айтбаева жүргізіп, мерекелік кештің ажарын аша түсті. Қала өнерпаздарынан бөлек, эстрада жұлдыздары да белсене атсалысты. Барлығы жанды дауыста көрерменге өнер көрсетті. Қалалық Ш.Қалдаяқов атындағы мәдениет үйінің әншілері мен елімізге танымал жарық жұлдыздары АқботаНұр Сейтмаханбетова, Kayl Рух лақап атымен танылған жұлдыздар өз өнерлерін паш етіп, мың бұралған бишілер көпшіліктің қошеметіне бөленді. Сондай-ақ көрермен арасында караокеде Кентау қаласынан шыққан компазиторлардың әндерін шырқап, кештің сәнін келтірді. Ерекше сәттің куәсі болған көрермен дән ризашылықтарын білдіріп, кештен қимай тарқасты.

Этноауыл алаңы думанды ән-күйге бөленді. «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясында Қазығұрт ауданының мәдени керуені Түркістан төріне табан тіреп, ауданның төл мәдениетін насихаттады.

Ауа-райының қолайсыздығына қарамастан алаңға жиылған көпшілік өңір мәдениетіне қанық болды. Суретшілер мен қолөнер шеберлерінің көрмесін аралап, ұлттық тағамдардан дәм татты. Шарада танымал ақын жазушылардың кітап көрмесі мен қатар, ауылшаруашылық өнімдерінің жəрмеңкесі де өтті.

«Салт-дәстүр — сан ғасырлық саф мұра» атты қазақтың көне салт- дəстүр, əдет–ғұрыптарынан көріністер сомдалып, қалаға келуші туристер ұлттық дәстүрлерімізбен кеңінен танысты.

Бұдан бөлек, Қазығұрт аудандық мәдениет сарайы әншілерінен құралған хор ұжымының және «Кеме қалған» этно-фольклорлық ансамблінің орындауында халық əндері мен дəстүрлі əндерден концерттік бағдарлама халық назарына ұсынылды.

Сөйтіп, екі күнге созылған салтанатты шара «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалінің Қазығұрт ауданының мәдени күндері өз мәресіне жетті. Шара Түркістан қаласындағы «Керуен сарай» кешенінде өткен «Түркістаным-Тұраным-жер киесі-Қазығұртым» атты мерекелік гала-концертпен қорытындыланды.

Шарада Қазығұрт ауданының талантты өнерпаздары алаңды думанды ән-күйге бөлеп, Қазақстанға танымал эстрадамыздың жарық жұлдызы «Бақай» тобы және тағы да өзге эстрада жұлдыздары кештің көркін аша түсті. Жиылған қауым көңілді кештің куәсі болды.

Айта кетейік, қатарынан екі күнге созылған шараның алғашқы күнінде Этноауылда қазақ халқының көне салт-дәстүрі дәріптеліп, қолөнер жәрмеңкелері ұйымдастырылса, екінші күнінде ұлттық спорт ұлықталды.

Бүгін «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясында Төлеби ауданының мәдениет күндері өтті. Этноауылда «Алтыбақан» ойын-сауық отауы құрылған. «Төлебиім – киелі құт мекенім» кітап көрмесі келушілерге өңірден шыққан тұлғаларды кеңінен таныстырылды. Ал Алдар көсе, Қожанасыр кейіпкерлерінің ұйымдастыруымен ұлттық ойындардан жарыстар өтті. Атап айтқанда асық ату, ләңгі тебу, арқан тарту, белдесу сынды ойындардан келушілер де сайысқа түсті.

Қылқалам шеберлерінің сурет және «Қасиетті де, киелі қолөнерім» қолөнер шеберлерінің көрмесі өтті. Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Еркін Айтбаевтың және суретші, өнертану ғылымдарының докторы Ділдабай Кемешовтың туындылары қойылды. Қолөнер шеберлерінің шеберлік сағатында қағаздан себеттер жасау, кілемше тоқу, саздан құмыра жасау үлгілері көрсетілді. Бұдан бөлек, «Кәсіп болмай, нәсіп болмас» ауылшаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі, ұлттық көне салт-дәстүр, әдет-ғұрып көріністері сомдалды.

Айта кетейік, екі күнге жоспарланған мәдени-рухани шара ертең де жалғасын табады. 18 қыркүйек күні, сағат 11:00-13:00 аралығында Этноауылда «Ұлт қазынасы» атты ұлттық ойындардан (қазақша күрес, аударыспақ, қошқар көтеру, гір көтеру, қол күрес, садақ ату, тоғызқұмалақ сынды т.б) жарыстар өткізіледі. Сонымен қатар «Өнерлі өлке» аудандық, қалалық саз мектебінің концерттік бағдарламасы ұсынылады. Ал сағат 19:00-де «Керуен сарай» кешенінде Төлеби ауданы өнерпаздарының мерекелік гала-концерті өтеді.

Түркістанда облыстық «Өнерлі өлке» өнер фестивалі аясында Төлеби ауданының мәдени күндері жалғасуда. Ұлттық өнер мен туристік әлеуетті дамыту мақсатында өтіп жатқан іс-шараны тамашалаушылар қатары артып келеді.

Екі күнге жоспарланған мәдени-рухани көштің бүгінгі шарасында Этноауылда «Ұлт қазынасы» атты ұлттық ойындардан жарыстар өтті. Ұлттық спорт түрлерін насихаттау мақсатында қазақша күрес, аударыспақ, қошқар көтеру, гір көтеру, қол күрес, садақ ату, тоғызқұмалақ сынды т.б ойындарына жұртшылық белсене қатысты. Шара барысында сонымен қатар «Өнерлі өлке» аудандық, қалалық саз мектебінің концерттік бағдарламасы ұсынылды. Әрі қарай аудан өнерпаздарының гала-концертімен өрнектеледі.

«Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясында Төлеби ауданының мәдениет күндері өз мәресіне жетті. Түркістан төріндегі екі күнге созылған шара гала-концертпен қорытындыланды.

Мерекелік шарада аудан өнерпаздарының әні шырқалып, мың бұралған бишілер көпшіліктің қошеметіне бөленді. Сондай-ақ көрермен арасында караоке ұйымдастырылып, кештің сәнін келтірді. Ерекше сәттің куәсі болған көрермен дән ризашылықтарын білдіріп, кештен қимай тарқасты.

Айта кетейік, Төлеби ауданының мәдениет күндері екі күн бойы жалғасты. Алғашқы күні Этноауылда «Қасиетті де, киелі қолөнерім» қолөнер шеберлерінің көрмесі, цирк жанрындағы қойылымдар, қылқалам шеберлерінің сурет көрмесі, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Еркін Айтбаевтың және суретші, өнертану ғылымдарының докторы Ділдабай Кемешовтың туындылары, қолөнер шеберлерінің шеберлік сағаты (қағаздан себеттер жасау, кілемше тоқу, саздан құмыра жасау т.б) өтті. Бұдан бөлек, «Кәсіп болмай, нәсіп болмас» ауылшаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі, ұлттық көне салт-дәстүр, әдет-ғұрып көріністері сомдалды.

Ал екінші күні «Ұлт қазынасы» атты ұлттық ойындардан жарыстар ұйымдастырылып, «Өнерлі өлке» аудандық, қалалық саз мектебінің концерттік бағдарламасы ұсынылды.

Бүгін Түркістанда «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясында Ордабасы ауданының мәдениет күндері басталды. Этноауыл аумағында қара домбыраны жанына серік еткен өнерпаздар, тазы мен қыран ұстаған алып батырлар келушілерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлайды. «Темірлан» халық театры мен «Жас толқын» балалар мен жасөспірімдер Үлгілі театрының Көше театрлар қойылымы мен аудандық «Өнер мектебінің» және әжелер ансамблінің концерттік бағдарламасы көпшілік назарына ұсынылып жатыр.

Аудан әкімі Азат Оралбаев арнайы қатысып, ардагерлерді мерекемен құттықтады. Ордабасы ауданының жетістіктерін таныстырды. Мұнда ауыл шруашылық және кәсіпкерлік салаларының көрсеткіші мен өнімдерінен, «Ордабасы тартулары» атауымен ұлттық тағамдардан көрме жасақталған. Сонымен қатар Қажымұқан мен Өлкетану мұражайларының, «Ордабасы – ұлы мекен» суретшілер мен қолөнер шеберлерінің, ауданнан шыққан ақын-жазушылар және балалар кітапханасының көрмесі де қойылған.

Киіз үйлерде «Ордабасы – ұлы мұра» тақырыбында тойбастар айту, төс қою, байғазы сұрау, баланы ашамайға мінгізу, бата  беру, сүйінші, бел көтерер, селт еткізер, азан шақырып ат қойдыру, төркіндеу сынды ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрып көріністері сахналанып, ақындар айтысы ұйымдастырылған. Төрт түлік малдың пайдасы жайында кеңінен айтылып, ұлттық дәм ұсынылды.

Садақ ату, халық күресі, арқан тарту, ауыр тас көтеру, мак рэслинг, арба сүйреу сынды спорттық ойындардан сайыс өтіп жатыр. Алтыбақан жанында ұлттық ойындар да дәріптелуде. Келген әрбір қонақ диірмен тарту, келі түю, таба нан жабу, күбі пісу, май алу, құрт жасау Этноауылдың тұрмыс-тіршілігімен танысты. Дәстүрлі қазақы ортада киіз басу, ұршық иіру, жүн сабау, жүн бояу, ши тоқу секілді дамыған киіз жасау өнерін тамашалай алды.

Айта кетейік, екі күнге жоспарланған өнер фестивалі әдеттегідей екі күнге жалғасады. 3 қазан күні Этноауылда 11:00-ден бастап кәсіпкерлер мен ауылшаруашылық көрмесі, «Темірлан» халық театры мен «Жас толқын» балалар мен жасөспірімдер Үлгілі театрының Алтыбақан маңында «Ақ сүйек» театрландырылған қойылымы мен «Ордабасы» фольклорлық халық ансамблінің концерттік бағдарламасы ұсынылады. Арқан тарту, қазақша күрес, қол күрес, асық ату, қошқар көтеру, ләңгі тебу секілді ұлттық ойындар дәріптеледі. Кешкісін «Керуен сарай» туристік кешенінде 19:00-21:00 аралығында көркем өнерпаздар мен танымал өнер шеберлерінің қатысуымен «Ордабасы – құт мекенім» гала-концерті өтті.

Түркістанда «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясындағы Ордабасы ауданының мәдениет күндері жалғасып жатыр. Бүгін Этноауылда ұлттық құндылықтар насихатталып, спорт түрлерінен сайыс өткізілді. Іс-шараны тамашалауға келген түркістандық 74 жастағы қария 45 келілік бөренені он рет көтеріп, дүйім жұртты таңғалдырды. Сонымен қатар арқан тарту, қазақша күрес, қол күрес, асық ату, қошқар көтеру, ләңгі тебу секілді ұлттық ойындар дәріптелді. Белсене атсалысып, жеңіп шыққан қатысушылар марапатталды.

Шара барысында ауыл шаруашылық және кәсіпкерлік салаларының көрсеткіші мен өнімдерінен және «Ордабасы тартулары» атты ұлттық тағам көрмесі, қолөнер шеберлерінің көрмесі көпшілік назарына ұсынылды. «Темірлан» халық театры мен «Жас толқын» балалар мен жасөспірімдер театры Алтыбақан маңында «Ақ сүйек» театрландырылған қойылымын паш етті. Ордабасы аудандық мәдениет үйі жанынан құрылған «Ордабасы» фольклорлық халық ансамблінің әуезді әндері мен дала сарынына айналған күйлері рухани-мәдени шараның сәнін келтірді.

Түркістанда «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясындағы Ордабасы ауданының мәдениет күндері өз мәресіне жетті. Мерекелік шараны «Керуен сарай»  туристік кешеніндегі аудан өнерпаздарының қатысуымен өткен гала-концерт қорытындылады. Салтанатты жиында аудан әкімінің орынбасары Мейрамбек Ақмұратов ашып беріп, Түркістан қаласының жұртшылығын құттықтады.

Мәдени шарада ауданнан шыққан танымал тұлғалардың туындылары мен күмбірлеген күй, мың бұралған би де көрініс тапты. Концертте Асқар Жүнісбеков, Жанель Нұржанова, «Ертұран» тобы, Айнұр Назарбекова арнайы қонақ болып, «Шаттық» бишілері, «Дарын» тобы мен «Назқоңыр» триосы және тағы басқа аудан өнерпаздарымен бірге өнер көрсетті.

Ордабасы ауданының Түркістан қаласындағы мәдениет күндері екі күнге жоспарланған болатын. Шараның алғашқы күнінде Этноауылда ұлттық салт-дәстүр мен әдеп-ғұрыптар көрінісі көпшілікті тәнті етті. Ауыл шаруашылығы өнімдері мен қылқалам және қолөнер шеберлерінің мен ұлттық тағамдар  көрмесі өтті. Сонымен қатар қазақ күресі, садақ ату, гір көтеру, асық ату, бөрене көтеру, ауыр тас көтеру т.б. ұлттық спорттық ойындардан жарыстар ұйымдастырылды.

Tags

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close