ТУРИЗМНІҢ ЭКОНОМИКАҒА ӘСЕРІ
Халықаралық сарапшылардың пікірінше қазіргі кезде туризм әлемдік экономикадағы қарқыны төмендемейтін саланың біріне жатады. Сондай-ақ, әлемдегі кірісі ең жоғары сала да осы – туризм.
Туризм көп елдерде жалпы ішкі өнімнің қалыптасуына, қосымша жұмыс орнын құруға және сыртқы сауда балансының белсенділігіне ықпал етуде. Сондықтан да, соңғы жылдары туризм әлемдегі ең табысты бизнестің біріне айналды. Туризмнің елдің экономикалық қуатын күшейтіп, халықтың тұрмысын жақсартудағы, жұмыссыздықты азайтып, кәсіпкерліктің көбеюін арттырудағы алар орны өзгеше. Бұл сөзіме келтірілген мына деректер дәлел бола алады.
Туристік индустрия қалпына келетін ресурстармен жұмыс істегендіктен туризмнің маңызы жылдан-жылға өсуде. Туризмнің тек валюталық түсім ғана емес, басқа да салаларға тигізетін әсері мол, оның 32 салаға жанама ыкпалы бар (турфирмалар, көлік түрлері, мейманхана кешендері, демалыс үйлері, санаториялар, ұлттық парктер, тамақтану сферасы, т.б.). Бұл дегеніміз — әлемдік өндірісте әр 9 адамның жұмыс орны деуге болады. Әлем бойынша жыл сайын 1,5 млрд. ішкі және халықаралық саяхаттау тіркелетінін ескерсек, туризм индустриясының мемлекеттік бюджетке түсіретін валюталық түсімі, орта және шағын бизнестің дамуына көмегі, тауар мен қызмет көрсету нарығы арқылы аймақтардың экономикасының дамуына ықпалы өте зор.
Туризм кеш өркендеген сала болғанымен, оның қазіргі даму аяқ алысы өте тез. Өткен ғасырдың 60-жылдарынан бастап туризм әлемдегі жаңадан гүлденген салаға айналды. Деректерге сүйенсек, 90-жылдардың өзінде туризмнен кіретін кірістің халықаралық экспорт кірісіндегі үлесі 8 пайыздан асып, одан түскен табыс мұнай өнімдері мен автомобиль экспорты табысынан кейінгі маңызды кіріс көзіне айналған.
Заман дамуы түрленген сайын сәйкесінше халықтың тұрмысы жақсарып, мәдениет өресі өскен сайын туризм де ішкі жақтан түрленіп, мазмұны жағынан байып барады. Атап айтқанда, бұрын сыртқы және ішкі туризм деп бөлінсе, қазір бұрынғыдай көркем жер, әдемі аумақтарды саяхаттау сияқты дәстүрлі туризм тәсілі таңсық болудан қалып, демалыс туризмі, ойын-сауық туризмі, жиналыс туризмі, жастар туризмі сияқты жиырмаға жуық түрлері пайда болды.
Сонымен қатар, туризмнің даму бағытында да мынадай тың беталыс байқалды. Біріншіден, экономиканың дамуына ілесе, адамдардың рухани мәдениетке деген қажеттіліктері артып, саяхаттау жұртшылықтың негізгі тұрмыс тәсіліне айналды. Екіншіден, жаңадан дамыған елдердің туристік орындары көбейіп, Азия елдеріне саяхаттап келетін туристер жыл өткен сайын көбейіп келеді. Үшіншіден, қатынас қолайлылығы артқан сайын сауда сипатындағы туризм жандана түсті.
Бұл жолда біздің елімізде де туризм саласы айтарлықтай дамып келеді. Қазақстан 1993 жылы Дүние жүзі туристік ұйымының мүшелігіне енді. Дәл осы жылы туризмді дамыту бағдарламасы дайындалып, содан бері туризм сан- салалы шаруашылықты шалқытып, экономиканы нығайтудың маңызды саласы ретінде қаралып келеді. «Ұлы Жібек Жолының» жаңғыруы еліміздің туризм дамуының үлкен концепциясының құрылуына алып келді.. Қазақстанда туризмнің дамуын дұрыс жолға қою тек табыс алып келу ғана емес, еліміздің басқа елдермен байланысы нығайып, халықаралық бет-бейнеінің қалыптасуына негіз болды.[7] Қазақстандағы туризмнің тамыры тереңде жатыр. Тарихи алғы шарттары біздің дәуірімізге дейінгі үшінші мың жылдықта Ұлы Жібек жолының дамуы алғашқы туристік негіздердің қалыптаса бастауының көрінісі болып табылады.
Қазақстан тәуелсіздік алғанға дейін туризм басқада экономика салалары сияқты орталықтан қатаң регламенттелді. Туристік қызметтегі КСРО — ның негізгі аймақтары Кавказ, Қырым, Балтық өңірі, Ресейдің, Орта Азияның тарихи орталықтары болды. Сонымен, бірге, Қазақстанның бірқатар сәулет, археологиялық, мәдени ескерткіштері мен табиғи көрнекті жерлерінің тарихи мәніне іс жүзінде жарнама жасалмады және сұраныс болмады. Кеңестік кезеңде Қазақстандағы туризм идеологиялық қызметті атқарған мәдени-ағарту жұмысы жүйесі элементтерінің бірі болып саналды және оның басым рөліне қарамастан, қалдық қағидаты бойынша қаржыландырылды және елеулі экономикалық маңызға ие болмады.
Бүгінде жағдай мүлдем басқа. Еліміз өзінің 30 жылдық Тәуелсіздігінде келелі жетістіктерге жетті. Экономикасын дамытып, берік саясатымен танылған дамушы елге айналды. Елімізде өткізілген түрлі халықаралық шаралар әлемдік қауымдастықта танылуымызға үлкен жол ашты. Ата-бабаларымыз көзінің қарашығында қорғаған кені байтақ жерімізде туризмнің барлық түрін (танымдық, ойын-сауық, этника, экология, сауықтыру, спорттық, аң аулау, балық аулау, серуендеу) дамытуға қажетті шарт-жағдай толықтай жетерлік. Географиялық және климаттық жақтан алып айтсақ, Қазақстанның оңтүстік, солтүстік, батыс, шығыс өңірлерінің табиғаты, ауа райы бір-бірінен өзгеше. Бұл Қазақстанда жыл бойы, төрт маусымда да туризм шаруашылығын шалқытуға аса тиімді деген сөз. Атап айтқанда, көрінісі көз сүріндіретін Бурабай, Баянауыл, Марқакөл, Катонқарағай, Қарқаралы, Алатау, Хан Тәңірі баурайы, Түлкібас сияқты көрінісі көз сүріндіретін көркем өңірлер де, Шарын шатқалы, Сақ қорғаны, Маңғыстау түбегі сияқты ғажайып жерлер де, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Айша бибі, Арыстан баб кесенесі сияқты мәдени, тарихи мұралары да, Каспий, Балқаш көлі, Алакөл сияқты жағажайдың кереметін сезіндіретін сулы алқаптар да көп. Әлемдегі әсем қалалардың қатарында тұратын Нұр-Сұлтан мен Алматы да туристердің арнайы келіп, аялдайтын қалалары қатарында. Шыңға шығушыларды, тауға өрмелеушілерді, құмды, шөлді, жаяу немесе велосипедпен аралаушыларды, шаңғы тебушілерді баурауға да Қазақстанның мүмкіндігі мол.
Ал мәдениет, салт-дәстүр тұрғысынан сөз қозғасақ, қазақ ұлтының бай салт-санасымен, дәстүрімен, ұлттық ойындарымен де саяхатшыларды баурауға болады. Мысалы, Моңғолияда әр жылы өтетін бүркітшілер мерекесінің өзіне көп туристер келеді. Қазақстанда да мұндай мерекелерді әр облыс, аудандар жыл сайын өткізіп отыруына әбден болады.
Туризм дамыса, қызмет ету саласының даму өрісі кеңейеді. Қатынас саласының кірісі артып, қонақүйлердің, көңіл көтеру орындарының, дәмхана, мейрамханалардың, сауда-саттық орындарының саудасы арта түседі. Сондықтан туризмді дамытуда тиімді детальдарды ұтымды пайдаланудың пайдасы көп.
Туризмді болашағы зор деп танысақ, қазірден бастап жас ұрпақты осы салаға бағыттағанымыз жөн. Бұл орайда негізгі рөлді жастар туризмі алады. Жастар туризмін дамытуды бастауыш мектептен бастап қолға алу керек. Қазақстанның балалары алдымен өз Отанының көркем жерлерімен танысу үшін міндетті түрде ел іші саяхатын ұйымдастыру керек. Бұл өз кезегінде патриотық тәрбиенің берілуіне де жол ашады. Өз елін тану арқылы оған деген мақтаныш сезімін осындай саяхаттар арқылы қалыптастыра аламыз.
Туризмді дамыту — маңызды салалардың бірі. Демек, біз өзіміздің қатпарлы тарихымызға үңіліп, әр жердің тарихын әсерлі жеткізіп, өзіндік ұлттық ерекшелігімізбен, мәдени құндылығымызды кіріктіріп, әлемсаяхатшыларын баурайтын әдістерді табуға жұмыстануымыз қажет. Келешек ұрпақты да елінің мерейін асырып, беделін биіктетуге баулуымыз шарт. Қорыта айтқанда, Қазақстан туризм саласында өзінің айшықты орнын басқа елдерден ерекшеленіп тұратын туризм жүйесін қалыптастыру арқылы ғана алады.