ТҮРКІСТАН ӨҢІРІНДЕГІ ОРТАҒАСЫРЛЫҚ ҚАЛАҒА САЯХАТ ЖАСАҢЫЗ
Ортағасырлық Сауран қала жұрты өзінің әлі де жартылай сақталған биік қорған қабырғаларымен, қоғамдық құрылыстары, көшелер желісімен, қала жұртын тарамдала кескіндеген керемет кәріздерімен, қала маңы құрылысы мен ежелгі егістік қалдықтарымен Қазақстанның археологиялық және архитектуралық ескерткіштерінің құндыларының бірі болып саналады.
Қала жұртында табылған тұрғын жай қалдықтары мен қазба барысында аршылған ғимарат қалдықтары Сауран қалашығы тұрғындарының архитектуралық ескерткіштер салуда жоғары дәрежеге жеткендігінің бір белгісі деп қарастыруға болады. Қолөнершілер орамдары мен қала сыртындағы қоныс жайларда жүргізілген қазба жұмыстары, қала территориясынан табылған керамика мен теңгелер, тұрмыстық заттар Сауранның өңірдің басқа қалалары секілді Қазақ хандығының дамуына өз үлесін қосқан саяси, экономикалық және мәдени орталығы болғандығын дәлелдейді. Сауран– Орта Сырдариядағы белгілі ортағасырлық қалалардың бірі. Қала құландылары Түркістан қаласынан солтүстік-шығыста 35 шақырым жерде орналасқан. Қала жөнінде алғаш жазба деректер Х ғ. жарық көрген. Абу-л-Касым ибн Хаукалдың
«Жолдар мен елдер» атты кітабында «Сабран- ғұздардың бейбіт заманда сауда келісімдерін жасау үшін бас қосатын қаласы. Ол өз заманына сай гүлденген қала». Кейіннен Сауран туралы Ибн әл Асир мен Якут Қазақстанның оңтүстігіндегі ірі сауда- қолөнер орталығы ретінде айтып өтеді. XIII ғасырдың ортасындағы армян елшісі Гетумның жүріп өткен жолының бағытында ол «Савран» деген атпен Сығанақ (Сгнах), Қаршық (Карачук) және Йасымен қатар көрсетілген.
XIV ғ. бірінші жартысында Жошы заманында Сауран Жошының ұлы Орда Ежен негізін салған, Ақ Орда хандығының астанасы да болған. Қала бұл статусты кейін де сақтайды. Сауран қаласына XVI ғ. Рузбихан сипаттама беріп, мынадай жолдар келтіреді: «Сауран қаласы айтарлықтай жанға жағымды, ашық әрі тегіс дала төсіне орын тепкен, адам санасына қуаныш пен күш сыйлайтын сергітетін таза ауасы бар. Әр түрлі ағаш тұқымдары өсетін қала маңында қой отары тәрізді жабайы ешкілер жайылып жүреді. Қаланы жау қолынан қорғайтын биік қорған дуалдар қоршаған, ал оның сыртынан ор қазылған». Сауран қаласы жөніндегі құнды деректер 1514-1515 жж аралығында осында өмір сүрген ақын әрі жазушы Васифидің мемуарларында беріледі. Қаладағы айтулы архитектуралық ескерткіштердің бірі – шайқалып тұратын екі мұнарасы бар медресе жөнінде мынадай жолдар келтіреді: «Оның айванының иықтарына ерекше биік екі мұнара қойылған. Оларға шынжыр бекітілген, ал әр қайсысының күмбезінің астына бөрене орнатылған, егер біреу күшпен бөренені қозғалтатын болса, қарама-қарсы тұрған мұнарадағы адамға мұнара құлап келе жатқандай көрінеді. Ал бұл әлем кереметінің бірі». Сауран өз кезеңі үшін алдыңғы қатарлы фортификациялық жүйесі мықты дамыған ірі қамал болғандығы жайлы ортағасырлық авторлардың көпшілігі сөз етеді. Мәселен, Хафиз Таныштың «Шараф-наме-йи шахи» атымен белгілі шығармасында келтірілген мынадай жолдар дәлелдей түскендей: «Сауран бекінісінің тірегі мықты бекітілген, өте күшті әрі ірі қамал болып табылады, тіпті тағдыр қолы ешқашан да оның дуалының түбіне жете алмады». Шығармада Сауранның сол кезеңнің жасыл-желекке оранған, гүлденген қала екендігін айқындайтын мынадай жолдар кездеседі: «Хан қалаға түскі намаз уақытында жетіп, қала шетіндегі бау-бақшада аялдады да, қала төңірегін, мұнараларын, дуалын, қалаға кіретін және шығатын қақпаларды асықпай қарауға көшті». Сауран қаласының қорғаныс жүйелері мен қамалының мықтылығы жайлы автор мынадай жолдар келтіреді: «Сауран қаласы жақсы бекінген қала. Аспан астында мұндай мықты бекінген, қорғанының биіктігі аспан денелеріне дейін жететін. Қамал орының тереңдігі сонша ағып жатқан өзенге ұқсайтын. Осы ордан қорғанның ең биік нүктесіне дейін 50 гяз шамасында … ». Қорған дуалының биіктігі қазіргі біздің биіктікті өлшеу мөлшеріне сәйкестендірсек, 4350 см, яғни 43,5 м құрайды. Сауран қаласын қоршауға алған Абдаллах ханның әскерінің азық-түлігі таусылып, аштыққа тап болады. Сауранның бекіністер жүйесіндегі қамалдың мұнаралы қабырғаларын, шығатын-кіретін қақпаларын, қамал дуалдары мен орларын атап өткен ортағасырлық автор сөздерінің дәлелі ретінде 1598 ж. Абдуллах ханның әскері қаланы қоршап алған кезде Бұхарадан тасатқыш машиналар әкелінген болатын. Солардың көмегімен қаладағы тұрғын жайлар мен құдық шегендері қиратылды. Қамал қабырғаларының астынан өтетін жер асты жолы жасалып, орлармен су жіберілді, бірақ қамал ұзақ уақыт берілмеді.
1697 ж. көктемде Феодор Скибиннің Қазақ Ордасы мен Бұқарадағы жолдар жайлы сұрастыру барысында Тобол жарлықтар үйінде түзілген Сызбаға қосымша Сібір жарлығынан сырғытпа үзіндісінде «Сыр өзенінен жоғары қарай жүрсек үш күндік жолда Сайран (Сауран – М.А.) қаласы орналасқан. Савран кірпіштен тұрғызылған, онда саудагер бұқаралықтар көп мекендейді. Савраннан Тәуке ханға Түркістанға бару үшін салт атты үшін жарты күндік жол, жаяу жүргінші үшін бір күндік жол» [7, 43 б.]. ХVІІ ғ. қатысты бұл деректегі гүлденген қала өмірі XVIII ғ. ортасына дейін жалғасты, ал одан кейін қала «Түркістан маңындағы ұсақ мекенге айналды» [деген деректер кездеседі. Батыс еуропалық Н.Витсенның хабарлауынша Тәуке кезінде Сауран қаласын – «Каз-султан» (болашақ Әбілқайыр ханның әкесі Кажы) биледі. Қазақтың ханы Әбілмәмбет 1759 ж. қытай елшісімен жолыққанда өзіне қарайтын қалалар туралы айтқанда 21 елдімекендерді ішінде Сауран да, аталады.
Сауранды археологиялық зерттеу жүз жылдан астам уақыт бұрын басталған. Ол жөнінде П.И.Лерхтың, П.И.Пашиноның жазбаларында, А.И.Федченконың есебінде аталып өтеді. Олардың бәрі көне қала орны мен оның қабырғалары жақсы сақталғандығын, медресе үйінділері жөнінде жазады. Мәселен Н.И.Веселовскийдің «Қазалыдан Ташкентке дейінгі жолдағы көне қалалар құландыларына сипаттама» атты шығармасында «Сауран қалашығы осы уақытқа дейін көрген қалалар көлемі бойынша артта қалдырады. Қала құландылары цитадельдің солтүстік-батыс және шығыс жағында орналасқан және қала жайласқан бүкіл кеңістік Сырдариядан келетін арықтармен тілімделген. Цитадельде күйдірілген кірпіштен қаланған табаны жартылай бұзылған және іргетасы ғана сақталып қалған екі мұнарадан басқа тұрғын үй қалдықтары байқалмайды. Цитадельден 2 -3 верст қашықтықта саздан тұрғызылған ғимарат қалдықтары табылды, ол өзінің ішкі өңделуі бойынша Сығанақтан табылған мешіт құрылысына өте ұқсас. Сондықтан Сауранда да күйдірілмеген кірпіштен тұрғызылған мешіттер де болған екендігін байқатады», — деген мәліметтер қаланың ерте кездегі топографиясы жайлы мәліметті толықтыра түседі.
Алғашқы археологиялық зерттеулерді өткен ғасырдың 40 -жылдарының соңында А.Н.Бернштам басқарған ОҚАЭ-сы жүргізді. Көне қала топографиясы дамыған ортағасырлық қалаларға жатады. Онда қамал, шахристан және рабад анық көрсетілген. Дегенмен рабадты айнала қоршаған бірнеше қабырғаның қалдығы бұл жерде Сауранның болғандығының бұлтартпас дәлелі. Бұл географ Максиди жазған жеті қатар қабырғаның қалдығы екендігі даусыз. Олай болса, Сауран VI-ХII ғғ. Қаратөбе көне қаласының орнында орналасып, ал XIII-XVIII ғғ. Сауран осы аттас ескерткіш тұрған қазіргі орнына көшірілген.
1987 ж. Қазақстан Ғылым академиясының тарих, археология, этнография институты археологиялық экспедиция ұйымдастырып, қалаға 1:1000 масштабындағы аэрофототүсірілімдер жасайды. Нәтижесінде қала топографиясы, басты көшелердің бағыттары, ірі ғимараттардың орналасуы жайлы толығырақ жаңа мәліметтер алынды. Қала маңындағы шаруашылығы дамыған аймаққа жасалған аэрофототүсірілімдердің нәтижесінде 350-ге жуық жеке қоныс орны байқалған, қазба барысында археологтар қала ішінде орналасқан 9-10 құланды орнын тапқан. Құландылар орнында бұрынғы қабырғалар орны, кірпіш қаландылары анықталды. Алайда бұл құландылардың қандай мақсатта тұрғызылған ғимараттар екендігі белгісіз. Негізгі зерттеу жұмыстары Саураннан солтүстікке қарай 0,8-1 км жерде орналасқан қала аумағында жалғасқан.
Соңғы жылдардағы зерттеулер мен Сауран көне қала орнының аэрофотосуреттер шифрларын айырып оқу нәтижесінде қалаға мынадай сипаттама беруге болады: Қала аумағы сопақша пішіндес, жан-жағы қамал дуалдарымен қоршалған. Бұл жайлы ортағасырлық автор әл-Макдиси өз (Х ғ.) «Ахсан ат-такасим фи-маۥрифат ал-акалим» атты шығармасында «Сауран (Савран, Сабран) – үлкен қала, бірінен кейін бірі жеті қабырғамен қоршалған, онда рабад бар. Мешіт қаланың ішкі жағына салынған. Ол — оғыздар мен қыпшақтарға қарсы салынған шекаралық қамал»- деп келтірілген деректерге сәйкес, қала дуалы бастапқыда сүйір күмбез тәрізді жақтаулары кертпе, қабырғаның жоғарғы жағының ені 3-4 м, ал төменгі жағы одан жалпақтау болған. Қамал дуалдары шикі кірпіштен қаланған. Қалаға кіретін екі қақпа бар, солтүстік-шығыс бөлігінде орналасқаны бас қақпа болып саналады. Қамалды айналдыра тереңдігі 3 м, ені 15 -20 м болатын ор қазылған. Солтүстік шығысы қақпадан басталатын үлкен көше (ені 10 м) оңтүстік-батысқа қарай бағытталып, қаланы екіге бөледі. Бұл көше қамал дуалдарына 150 м жетпей, солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай бағытталған тағы бір перпендикуляр көшеге келіп тіреледі. Бұл екі көшеден басқа қалада шағын тұйықтар мен қуыстар саны жетерлік. Орталық көше көлемі 120х40 м болатын орталық алаңға келіп тіреледі. Алаңның оңтүстік-батыс бөлігінде зәулім ғимарат орны байқалады. Күйдірілген кірпіштен қаланған қабырғалары, мұнаралар орнының табылуы, оңтүстік-батысқа бағытталған михраб іздерінің табылуы – бұл ғимараттың қаланың жұма мешіті қалдықтары деген болжам айтуға болады. Бұл болжамды ТАЭ-сы 2001 ж. жүргізген қазба жұмыстары растайды. Орталық қираған үйіндінің айналасындағы 1,0-1,5 шақырым радиуста әрбіреуі үйден және қабырғамен қоршалған телімдерден тұратын жеке тұрғын жай қалдықтары бар. Телімдерде бау-бақша, жүзім және дәнді дақылдар егілген. Сауран қала жұртында ХІХ ғ. ІІ жартысында медресе мен мешіт құландылары, минарет қалдықтары жайлы зерттеуші шығыстанушылар ежелгі архитекторлар мен құрылысшылардың шеберлігі жайлы таңдана жазған. Қолөнершілер орамдары мен қала сыртындағы қоныс жайларда жүргізілген қазба жұмыстары, қала территориясынан табылған керамика мен теңгелер, тұрмыстық заттар Сауранның өңірдің басқа қалалары секілді Қазақ хандығының дамуына өз үлесін қосқан саяси, экономикалық және мәдени орталығы болғандығын дәлелдейді. Қала өмірінің сан қырын ашуда жазба деректердің алар орны да ерекше. Қаланың топографиясы, қаладағы құрылыс ескерткіштері, фортификациялық жүйелердің мықтылығы жайлы деректер жазба мәліметтермен толыға түседі. Сауран қаласындағы құрылыс орындарының жақсы сақталғандығын және аймақтағы алатын орнын ескере отырып, Сауран қаласын ашық аспан астындағы мұражайға айналдырып, мемлекет бақылауына алынуы оның қайталанбас ескерткіштерін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуге үлкен септігі тиер еді деген ойдамыз.